World Boxing ресми түрде AIMS құрамына кірді

Лозаннада Тәуелсіз танылған спорт түрлері альянсы (AIMS) кезектен тыс онлайн-ассамблея өткізді. Сессияның басты оқиғасы – Халықаралық World Boxing федерациясының ұйым қатарына ресми түрде қабылдануы болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
World Boxing-тің өтінімі SportAccord Атқарушы комитетінің жан-жақты тексерісінен өтіп, кейіннен мүшелік комиссиясында қаралды. Комиссия федерацияның барлық қажетті талаптарға сәйкес келетінін растады.
SportAccord-тың оң қорытындысынан кейін, World Boxing-ті қабылдау туралы ұсынысты AIMS кеңесі мен оның мүшелері мақұлдады. Осылайша, World Boxing AIMS спорт қауымдастығының бір бөлігіне айналды. Бұл – федерацияның дамуындағы маңызды кезең.
ҰОК мәліметінше, AIMS-ке мүшелік – Халықаралық Олимпиадалық комитетінің (ХОК) тарапынан танылуды мақсат еткен ұйымдар үшін міндетті қадам. AIMS-ке мүше болмайынша, ХОК өтінімдерді қарастырмайды.
