WhatsApp желісі арқылы алаяқтың жасағандар ұсталды
Таразда “WhatsApp” желісі арқылы алаяқтық жасағандар анықталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz-тің мәліметінше, Тараз қаласының полиция басқармасына жергілікті тұрғын “WhatsApp” қосымшасы арқылы белгісіз нөмірден танысы болып хабарласып, ақша алған алаяққа алданып қалғанын айтты. Оған қосымша арқылы “Сәлем, қалайсың? Бұл мен, Ксения”. Әрі қарай “Кешке дейін 800 мың қарыз бере аласың ба?” деп хабарлама жіберген. Хабарласқан байланыс нөмірде шынымен таныс адамының суреті тұрғанын көріп, оған мобильді қосымша арқылы өзінің соңғы 260 мың теңге көлеміндегі ақшасын аударған.
Осы дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Жамбыл облысының ПД “Киберпол” бөлінісінің қызметкерлерімен жүргізiлген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Шымкент қаласында Түркістан облысының 27 жастағы тұрғынын анықтады. Қазіргі уақытта ол келу туралы міндеттеме бойынша босатылды.
Тергеу кезінде ақша аударымы осы алаяқтық әрекеттерге қатысы жоқ азаматтың есебіне түскені анықталды. Оған белгісіз адам хабарласып, шотына қателесіп ақша жібергенін, сол ақшаны қайтаруды сұраған. Содан кейін, алаяқ басқа адамнан банктік шотының болмай тұрғандығын айтып, көмектесуді сұрап, оның картасы арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып алған.
Айта кету керек, алаяқтар өздерінің қылмыстық әрекеттеріне жәбірленушілердің ақшаны қайтаруына күмән келтірмес үшін кәсіпкерлердің, табысы жоғары адамдардың суреттерін қояды.
Мұндай жағдайларда аударым туралы өтінішті елемеу керек және хабарламаларға ешқандай да жауап бермеу керек. Болған жағдай туралы айту үшін танысыңызға қоңырау шалыңыз, хабарламаның жеке өзінің жазғанына көз жеткізіңіз және ол адамда бәрі жақсы екенін тексеріңіз, – деді департамент өкілі.