Жаңалықтар

Волонтерлік төтенше жағдайларда ғана еленбеуі керек – Нұрбек Бекбау

Волонтерлік төтенше жағдайларда ғана еленбеуі керек – Нұрбек Бекбау
Фото: ©El.kz/Ажар ЛАУБАЕВА 20.06.2023 16:05 1933

Астанадағы Халықаралық волонтерлер форумының «Волонтерлік бастамаларды ілгерілетудегі БАҚ рөлі» сессиясы өтуде, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Отырыста журналист Нұрбек Бекбау Түркияда болған төтенше жағдай кезіндегі өзіне қатты әсерін тигізген бір оқиғаны еске алды.

Бір күні кешке әлеуметтік желіні қарап отырып, түрік келіншегінің видеосын көріп қаламын. Бейнежазбада әйел қолына баласын алып жылап тұрады. Оның «мен мына бөбегімді кеше ғана жер сілкінісінен аман алып қалдым, ал ол бүгін түннің суығына шыдамай қайтыс болды» деген сөзі маған қатты әсер етеді, - деді ол.

Журналист Түркиядағы әйелдің видеосын көрген соң, бірден сол елге шатыр немесе киіз үй апарамыз деген ойға келген.

Шатырдың іші суық, оның үстіне танымайтын адамдар бірге тұрса, ыңғайсыз болады деп киіз үйді таңдауды жөн көрдік. Сөйтіп киіз үйлерді Түркияға апардық. Тұрғындар разы болып қалды. Осылайша бізге 6000 киіз үйге тапсырыс түсіп, қырғыздар 4000, қазақтар 2000 данасын жеткізді, - деді журналист.

Осы ретте Нұрбек Бекбау бұрын журналист тек оқиғаның баяндаушысы, насихаттаушысы ғана болса, қазір ол оқиғаның жасаушысы да, қатысушысы да бола білуі керек екенін атап өтті.

Бұқаралық ақпарат құралдарды төтенше жағдайлар болған кезде бірден көмекшіге айналуы қажет. Мәселен, мен Түркия халқының жер сілкінісінен тірі қалғандары күннің суығынан қайтыс болып жатқанын естіп жетіп бардым. Сол жерден таратқан ақпараттарыма тілшілер қолдау білдіріп отырды. Оларға көптен-көп алғысымды білдіремін, - деді ол.

Журналист еріктілік жұмыс бейбіт күнде атқарылуы қажет деп есептейді.

Волонтерлік тек төтенше жағдайларда ғана еленбеуі керек. Еріктіліктің 99 пайызы бейбіт күннің жұмысы болуы тиіс. Сондықтан осы қайырымдылық жұмысын дұрыс насихаттайтын әр сайттан, телеарнадан бір айдар арналуы қажет, - деді Нұрбек Бекбау.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға