Жаңалықтар

Ерікті ісі еріккендердікі емес

Қазіргі таңда тек елорда бойынша 54 адам іздеуде тұр
 Ерікті ісі еріккендердікі емес
28.10.2019 16:08 4877

Күнделікті өмірде әлеуметтік желілерден жоғалған жандарды іздеуге полициямен қоса еріктілер тобы да жәрдемдесіп жатыр деген игілігі мол ақпараттарды естіп жатамыз. Десе де, қызметіне ақы алмайтын  волонтер жастардың не себепті бұл іспен шұғылданып жүргені көпшілікті қызықтырары рас... Соған орай біз соңғы үш жылдан бері өзінің күнделікті күйбең тіршілігімен қоса,  волонтерлік қызметпен айналысып келе жатқан елордалық Ольга Тультаевамен әңгімелескен едік.

32 жастағы Ольга Тультаева осыдан төрт жыл бұрын елордада жоғалып кеткен кішкентай қызды өзгелермен бірге іздеу жұмыстарына қатысады. Бірақ жас сәбиі бар болуына орай, көшелерде жұртқа қағаздар таратумен шектеледі. Іздеу нәтижелерінің соңы өкінішке қарай Эллина есімді кішкентай бүлдіршіннің денесі Нұра өзенінен табылумен аяқталған. Сол жағдайдан кейін Ольга із-түссіз жоғалып кеткен жандарды іздеп табуға көмектескісі келетінін түсініп, 2017 жылы құрбысымен жоғалған адамдарды іздеумен айналысатын еріктілер қозғалысын құрады. Сөйтіп, жан-жаққа хабар таратып, бұған қызығушылық танытқандардың басын қосып, еріктілік жұмысты өмірінің бір бөлігіне айналдырады.

- Өзінің жақынын жоғалтқан жандардың полициядан басқа  көмек сұрап барар жері жоқ... Алайда қайғыдан  қан жұтқан туыстары жақынын тез тауып, онымен қауышуды ойлайды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, осындай жандарға титтей болсын көмек қолын созуға мүмкіндік болса,  неге көмектеспеске? Сол кішкентай сәби оқиғасынан кейін мен із-түссіз жоғалып кеткен адамдарды табуға күш салғым келетінін түсіндім.


Фотода: Ольга Тультаева

Сол күннен бері Ольганың міндетіне жоғалып кеткен адамдар жайында  ақпараттар жинап, оның рас-өтірігін тексеріп, кейін  әлеуметтік желілерде тарату жүктелгенмен, еріктілік жұмысы мұнымен бітпейді. Кейін ол өзге де  еріктілерді іздеу жұмыстарына жұмылдырып, бағыт беріп, әрі өзі де сондай жұмыстарға белсене қатысады. Сонымен қоса, олар қазақстандық ақпарат агенттіктері және телеарналармен қоян-қолтық жұмыс істейді.

- Бір айтарым, біздің арнайы жоспарымыз жоқ. Нақты фактілер бойынша іздейміз. Біз полициялармен, ауруханалармен өте тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз және далаларды кезіп, қараусыз қалған аумақтарды жіті тексерміз. Әсіресе дала кезбелерімен жиі сөйлесіп, аз да болсын ақпарат жинаймыз. Негізінен бүлдіршіндер ата-аналарының немқұрайлылық танытуынан жоғалса, жасөспірімдер туыс-туғандарымен ұрысып қалып, үйден кетеді. Ал ендібіреулері өзін іздейтінін  бір сәт ойға да алмастан, ақша табудың амалымен  үйлерінен кетіп жатады.

 Елордалық еріктінің айтуынша, адам жоғалған кезден бастап  әр минут, әр секунд өте маңызды. Себебі сол кезде жоғалған жанды ізін суытпастан бірден  іздеуге кірісіп, оны тезірек табуға болады екен. Кейде оларды әлеуметтік желілердегі парақшаларға жазылған достардың көмегімен  тауып жатады. Мәселен, осыған ұқсас оқиғалардың бірі 2008 жылы болған. Мұнда еріктілер жоғалған ер адамның суретін кешкілік әлеуметтік желілерде таратқан. Сөйтіп, әлеуметтік желідегі оқырмандардың бірі таңертеңгілік хабарласып, жоғалған адамды көргенін айтып, ақпарат береді. Осылайша еріктілер жұртшылықтың кері байланысының арқасында іздеу шараларын тоқтатқан. 

- Әсіресе кішкентай бүлдіршін жоғалса, онда әлеуметтік желідегі оқырмандар аса қатты белсенділік танытады. Яғни олардың барлығы өз парақшаларында репост жасайды, өзге әлеуметтік желілердегі топтарға таратады. Ал орта жастағы адамдар жоғалса, оқырмандардың бүлдіршінді іздегендей белсенді болмайтынын байқаймыз. Менің ойымша, егер біздің әлеуметтік желілердегі парақшаларымызға жазылған әр оқырман  хабарландыруларға бей-жай қарамай керісінше оны  таратуға не іздеуге қатысса, біз жоғалған адамды тез табамыз деп ойлаймын.

Тағы бір ескере кететін жайт, жоғалған жанды іздеу кезінде адам санының жетіспеушілігі сезіледі екен. Өйткені қазіргі таңда елордада жоғалған жанды іздеумен айналысатын небәрі 70-тен сәл ғана асатын ерікті бар. Олардың ең кішісінің жасы 16-да болса, ең үлкенінің жасы 58-де екен. Десе де жас ерекшелігінде айтарлықтай айырмашылық болса да, іздеу жұмыстарына  барлығы  бірдей жұмылдырылады.

- Мысалы, біреуі бағандарға хабарландыруды жабыстырумен айналысса, ендібіреулері төңіректі іздеуге шығады. Ал кейбіреулері әлеуметтік желілерде хабарландыруларды барынша көптеп таратады. Біз ең кіші волонтерді дене жарақаттарын алу қаупі болғандықтан, ешқашан іздеу жұмыстарына алып шықпаймыз. Өйткені, оған біз жауапты боламыз ғой. 18 жасқа толмаған жеткіншектер күндіз қаланың көшелерінде хабарландырулар ілумен шұғылданады. Негізінен біздің топта аналар өте көп. Егер кішкентай балғындар жоғалса, олар сәбилерімен бірге іздеуге шығуға әркез дайын тұрады. Өйткені олар ана болғандықтан баласын жоғалтқан өзге аналардың жан қайғысын өте жақсы түсінеді. Мұндай жағдайларда менімен бірге шығатын қызым да іздеу шараларына бой үйретіп келеді. Өзіммен бірге батпақтарды да кешіп, жаңбыр астында да жүреді.

Ольга Тультаева, еріктілік – өзге жанға шын жүрекпен көмектесіп, оған  жақсылық жасау деп есептейді.

- Жоғалған адамды тапқан кезде ерекше эмоцияны бастан кешесіз. Жүзіңізден қуаныштың лебі сезіліп тұрады. Тіпті сол сәтте алдағы уақытта өзге де көптеген адамдарға көмектесуді қалайсыз.  Тіпті тау қопаруға дайын тұрасыз. Сонымен қоса, тұла бойыңызда жағымды энергия мен күштің пайда болғанын байқайсыз. Жалпы мұндай сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, оны кез келген адам өз басынан өткізіп, сезіну қажет.


 

Қазіргі уақытта  адамдардың көпшілігі ақы алу мақсатында волонтерлік ұйымдарға мүше болғысы келеді. Бірақ олар волонтер болу барысында жалақы не басқа да материалдық қажеттіліктерін өтемейтіндігін естен шығарып жатады. Ал оның орнына олар  өзгелерге жақсылық жасап, өздері де жақсылыққа кенеледі әрі бойындағы дарынын жан-жақты ашуға мүмкіндік алады. Сонымен қоса, волонтерлік оларды кәсібилікке, шыдамдылыққа, жауапкершілікке үйретеді, жаңа хобби мен таныстарды табуға септігін тигізеді.

- Жыл сайын біздің командаға жаңа еріктілер қосылып жатыр. Бұл ненің айғағы? Бұдан қоғамға өз пайдасын тигізуді қалайтын адамдардың жыл сайын артып жатқанын көруге болады. Біздің қозғалыс өзінің атқарған жұмысына ешқандай ақы алмайды. Біз тек «рақмет» үшін жұмыс істейміз.

Қазіргі таңда тек елорда бойынша 54 адам іздеуде тұр. Ал Ольга Тультаева мүше еріктілер қозғалысында 3500 адам іздеуде болған. Олардың шамамен 2000-ға жуығы аман-есен туыс-туғандарымен қауышса, қалғандары жақындарынан байланысын мүлдем үзгендер, енбіреулері із-түссіз жоғалғандар және тағы басқалары екен.

- Қандай да бір волонтерлік топқа мүше болмаса да, кез-келген жан  күнделікті өмірде қасындағы адамдарға көмек қолын созады. Бірақ та мұны өздері сезбеуі мүмкін. Мәселен, көшеде келе жатып ақ жаулықты әжейдің жолдан өтуіне көмектеседі не иесіз қалған жануарды тамақтандырады. Тіпті күтпеген жерден жоғалған адамды іздеуге кішігірім көмегі тиюуі әбден мүмкін. Мұның барлығын олар өзгелердің айтуынсыз ерікті түрде жасап, өзгелерге қуаныш сыйлайды.

Ольга Тультаева мүше еріктілер тобының ұйымы елордадан бөлек, республиканың 25-тен аса қалаларында да бар. Ондағы ұйымға мүше жастар жұмыс пен оқудан қолы босағанда із-түссіз кеткен азаматтарды іздеумен шұғылданады.

Бүгінгі таңда Ольга Тультаева сынды волонтерлік жұмыспен айналысқан өзге де көптеген еріктілер көмекке мұқтаж болған қаншама қазақстандықтардың алғысы мен ризашылығына бөленіп келеді. Қазіргі уақытта республика аумағында 200-ден аса еріктілер ұйымы белсенді жұмыс атқарып жатыр. Ал алдағы «Волонтер жылында» бұл ұйымның  қатары көптеген  жастармен толығып, ауқымын кеңейтіп, жақынын жоғалтқан қазақстандықтарға қолғабыс болатынына сенімдіміз. Тіпті сол жастардың қатарында сіз де болатыңызға үміттенеміз...

(Суреттер Ольга Тультаеваның жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға