Вирустық гепатиттерден жылына 1,3 миллион адам көз жұмады – ДДҰ
12-13 шілдеде Астанада Қазақстанның гепатологтары/гастроэнтерологтарының VII ұлттық конгресі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының мәліметінше, бұл – бауыр ауруларын диагностикалау мен емдеудің тиімді әдістері бойынша тәжірибе алмасу үшін өз алаңында атақты ғалымдарды, жетекші сарапшыларды жинайтын халықаралық қатысумен өтетін жыл сайынғы ірі оқиға.
Конгресті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің колдауымен Ұлттық ғылыми онкология орталығы және «Gastro Hepato Transplant Group KZ» гепатологтар/гастроэнтерологтар қауымдастығы өткізеді.
Конгресс жұмысына Германия, АҚШ, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қазақстанның профессорлары, жетекші сарапшылары мен тәжірибешілері қатысты. Бұл вирустар әкелетін бауырдың ауыр ауруларынан халықтың өлімін азайту мақсатында вирустық гепатиттерді жоюдың жаһандық жағдайы басты назарда.
Қатысушылар созылмалы вирустық гепатиттердің вирусқа қарсы терапиясы, бауырдың аутоиммунды ауруларын, созылмалы панкреатит пен ішектің қабыну аурулары диагностикалау және емдеу бойынша тәжірибешілер ұсынған медициналық жағдайларға ерекше қызығушылық танытты, - делінген мәліметте.
ДДҰ-ның Вирустық гепатитті жою жөніндегі жаһандық бағдарламасында 2030 жылға қарай әлемдегі С вирустық гепатитінің 90% жоюға қол жеткізу туралы жариялады. Осы мақсатқа жету үшін әлем бойынша В және С гепатиттерін жұқтырудың жаңа жағдайларын 40%-ға азайту қажет. Елімізде мұндай ауқымды іс-шараны өткізу ДДҰ қойған міндеттерге сәйкес келеді.
Бауыр аурулары әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін өткір мәселе болып қалуда. В және С гепатиттері – өлімге жиі әкелетін бауырдың қатерлі ісігі, бауыр циррозы және бауыр жеткіліксіздігі сияқты денсаулық проблемаларын тудыратын бауырдағы вирустық инфекциясының кеңінен таралған түрлері. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректеріне сәйкес, бүгінгі күні Ұлттық тізілімде 60 000 астам (62 975 адам) вирустық гепатит тасымалдаушы бар. ДДҰ мәліметтері бойынша, вирустық гепатиттер жылына 1,3 миллион адамның өмірін қиып, халық өлімінің ең көп таралған он себебінің бірі болып табылады.
Алайда, бұл өлімнің алдын алуға болады. Превентивті профилактикалық шараларын жүргізу, ерте диагностикалау, уақтылы емдеу, сондай-ақ күрделі жағдайларда бауыр трансплантациясына дейінгі жоғары технологияларды пайдалану В және С гепатиттерінің дамуын тежеуде шешуші рөл атқарады.
Отанымызды тәжірибе алмасу алаңы ретінде таңдағаны өте орынды. Қазақстан – Орталық Азия мен ТМД кеңістігінде вирустық гепатиттерге қарсы күресте көшбасшы ретінде белгілі. Астанадағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта бірнеше жылдан бері еліміздегі онкогепатология және гастроэнтерология орталығы табысты жұмыс істеп келеді, ол ауыр клиникалық жағдайларда жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетумен қатар, Қазақстандағы гепатологиялық және гастроэнтерологиялық қызметтің Ұлттық үйлестірушісі болып табылады, - дейді орталық өкілдері.
ҰҒОО мәліметінше, Қазақстанның тәжірибесі көптеген елдер мен халықаралық ұйымдар тарапынан үлкен қызығушылық тудырады. Маңызды стратегиялық шешімдерді пайдаланып, тиімді техникалық тәсілдерді енгізе отырып, еліміз вирустық гепатиттерді тестілеу мен емдеу қарқынын жылдам арттыруда. Гепатиттерді әлеуметтік маңызы бар аурулар тізіміне енгізген Денсаулық сақтау министрлігінің маңызды саяси шешімі арқылы халқымыз тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде диагностикалау және вирусқа қарсы препараттармен тегін қамтамасыз етіледі.
Қазіргі таңда сәтті жүргізілген вирусқа қарсы терапия арқылы 42 000 мыңнан астам пациент С гепатитінен құтылды. Бұл шара цирроз және бауырдың қатерлі ісігі түріндегі асқынулардың алдын алуға және сол арқылы отандастарымыздың мыңдаған өмірін өлімнен құтқаруға мүмкіндік берді.