Жаңалықтар

Вирус өршіп барады. Елімізде карантин енгізілуі мүмкін бе?

Вирус өршіп барады. Елімізде карантин енгізілуі мүмкін бе?
Фото: © El.kz 28.11.2023 17:18 1320

Әлемге қауіп боп төнген коронавирус инфекциясынан кейін халық арасында қызылша мен басқа да ауруларға қарсы вакцина салу деңгейі төмендеді. Түсінікті жағдай. Жаһанды шарлаған тәжтажалға төтеп беру үшін фокус коронавирусқа қойылды. Нәтижесі жаман емес. Қауіптің беті қайтты. Бірақ, таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпау керек. Өйткені, мұның салдары өзге дерттің өршуінен көз жазып қалуымызға әкеп соқты. Дәлел,  ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәлімдемесі. Оның айтуынша, қызылша ауруының асқынуы бойынша әлемнің 167 елінде 415 мыңнан астам жағдай тіркелген. Осы орайда, el.kz ақпараттық агенттігі аталған кеселге байланысты еліміздегі ахуал мен оның алдын алу жолдары туралы хабарлайды.

 Қызылша қандай вирус?

Қызылша - вирустық инфекция. Қызылшаны денеге шыққан бөртпе арқылы анықтауға болады. Аталған сырқат түрі өте жұқпалы және ауа арқылы таралады. Вирус жұқтырған адамның ауруы бірнеше аптаға созылады.

Бұрын соңды қызылшамен ауырмаған немесе қарсы вакцинамен егілмеген адамның ауруды жұқтыру ықтималдылығы өте жоғары. Бұл вирус өте құбылмалы келеді. Тіпті, қызылшамен ауырған науқаспен тікелей байланыста болмаған жағдайдың өзінде де сырқаттанып қалуға болады. Бірақ, қызылша инфекциясы тез өледі және айта кететін жайт, вирус тұрмыстық заттар, ойыншықтар, киім-кешек арқылы келесі адамға жұқпайды.

Бұл аурумен бір ауырып, кейін сауыққан адам өмір бойына иммунитетін сақтайды. Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды. Себебі, осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антиденелері сақталады.

Инфекция негізінен ауа арқылы жұғады. Мысалы, сөйлескенде, түшкіргенде және жөтелгенде кезде жұқтырып алуға болады. Қызылшамен ауырған науқаспен байланыста болған адам, әсіресе қызылшаға қарсы екпе алмаған және бұл аурумен ауырып көрмеген адам 100% дерлік жұқтыру қаупі бар, - дейді Алматы қалалық 30 емхананың эпидемиолог дәрігері Айнұр Сәрсенова.

Ауруға байланысты шектеу енгізіле ме?

Жағдай күннен күнге ушығып бара жатыр. Қызылшаға шалдыққандардың саны сағат санап артуда. Науқастардың көп бөлігі балалар. Ресми статистикаға сүйенсек, қызылшамен ауырғандардың ең көп саны Шымкент, Алматы қалаларымен, Жамбыл облысында анықталған. Жалпы, 17 мыңнан астам қызылша ауруын жұқтыруы жағдайы тіркелді және оның ішінде 82%-дан астамы немесе 14465 жағдай балаларға тиесілі.

Яғни, мәселе күрделеніп барады. Алайда, коронавирус пандемиясы секілді шектеу шаралары бола ма? Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің  Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басшысы Нұрқан Сәдуақасов онлайн брифингте жауап берді.

Мұны індет деп айтсақ та ешқандай айырмашылық жоқ. Қазіргі таңда вакцина алмаған балалар арасында ауруға шалдығудың артып жатқаны рас. Бірақ, бұл вакцина арқылы алдын алуға болатын инфекция. Сол себепті, әзірге шектеу шаралары енгізілген жоқ және енгізу жоспарланбайды. Бірақ жағдайды бақылауда ұстаймыз. Егер аурушаңдықтың жоғары өсуін байқасақ және вакцинацияланбаған балалар саны рұқсат етілген шекті деңгейден асып түссе, онда мектепке дейінгі, орта немесе жоғары білім беру ұйымдарында бұл бойынша арнайы шаралар қабылданады, - деп жауап берді комитет басшысы.

Эпидемиологтар 2023 жылы әлемде қызылшаға тән кезекті циклдік көтерілу, сонымен қатар, халықтың иммундық емес тобының жинақталуы инфекция толқынының күшейтетінін атап өтті.

Қызылшаны емдеу жолдары

Ауруды анықтау үшін дәрігер науқасқа сараптама жасатады. Ол – қан мен зәрді жалпы талдау. Бұны серологиялық зерттеу деп атайды. Бұл – баланың қан сарысуындағы қызылша вирусына антиденелерді білу.

Сосын қаннан вирустың бөлінуін анықтап, кеуде қуысының рентгенографиясы жасалады. Бірақ, бұл – ерекше жағдайда ғана жасалатын тексеру. Сондай-ақ электроэнцефалография, бұл тексеру де науқастың жүйке-жүйесінде асқынулар болған жағдайда ғана жүргізіледі. Диагнозды анықтау дәрігерге еш қиындық тудырмайды.

Қызылшамен ауырған балалар көбінесе үй жағдайында емделеді. Науқастың жағдайы ауыр болса ғана ауруханаға жатқызылады. Сонымен қатар ауруы асқынған және үй жағдайында дұрыс күтімі жоқ балалар да ауруханада жатып, емделу шараларын қабылдайды. Оған қоса, бір жасқа дейінгі міндетті түрде ауруханада ем алады. Жалпы ауырған баланың гигиена сақтауын қадағалап, дәрумендерге бай сұйықтықты жиі ішкізу қажет. Денедегі бөртпелерге ештеңе жақпау керек. Бөлме температурасында баланы сумен жуындыру жеткілікті. Онда да дене температурасы төмендегеннен кейін, яғны ыстығы басылғаннан кейін ғана шомылдыруға болады", - дейді эпидемиолог.

Дәрігерлердің мәлімдеуінше, қызылша ауруы адамды бедеулікке әкелмейді. Алайда, жүкті әйелдерде түсік түсіру, мерзімінен бұрын босану және жатырішілік ақауларға әкеп соқтыруы мүмкін.

Вакцинация маңызды

Тарихқа көз жүгіртсек, әлемде 1963 жылы қызылшаға қарсы вакцина егу міндеттелгенге дейін, аталған аурудың ірі эпидемиясы 2-3 жыл сайын қайталанып тұрған. Соның салдарынан күні бүгінге дейін, 2,6 миллионға дейін адам көз жұмған.

Қызылшаның алдын алудың ең тиімді, сенімді және баламасыз тәсілі бұл - вакцинация. Екпе алу нәтижесінде ағза өзін қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Ең алғашқы вакцинация балаларға 12-15 айлығында, екіншісі 6 жаста жасалады.

Вакцинация маңызды. Өйткені, жоғарыда айтқандай әлімізде қызылша жұқтырудың 17 мыңнан астам фактісі тіркелген. Оның ішінде 82%-дан астамы немесе 14465 жағдай балаларға тиесілі. Сырқаттанған балалардың 83%-ы вакцинация алмаған. Аталған деректердің 60%-ы ата-аналарының бас тартуына байланысты егілмеген.

БҰҰ ресми деректері бойынша, әлемде 67 миллионнан астам бала пандемияға және вакциналарға деген сенімнің төмендеуіне және басқа да бірқатар факторларға байланысты жоспарлы иммундауға бармаған. Салдарынан, 415 мыңнан астам жағдай тіркелген әлемнің 167 елінде қызылша бойынша жағдайдың ушығуы байқалады.

Індетпен күресу үшін, Қазақстанда қызылшаға қарсы вакцинаның қосымша 1,5 млн дозасы сатып алынған. ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың үкімет отырысындағы баяндамасына сүйенсек, жыл соңына дейін жастан 6 жасқа дейінгі  100 мыңнан астам баланы вакциналау жоспарланып отыр. Ал, Премьер-Министр Әлихан Смайылов қызылшаның таралуын тоқтату керек деді.

Қызылша асқынып кетсе, балалардың денсаулығына аса қауіп төндіреді. Сондықтан онымен тек денсаулық сақтау жүйесі ғана емес, бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет. Бала денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Вакцина алуды күшейту керек, мұндай қауіпті вируспен басқаша күресу мүмкін емес», - деді Премьер-Министр.

Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға