Жаңалықтар

​​VIII сайланған Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата өз жұмысын бастады

​​VIII сайланған Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата өз жұмысын бастады
Фото: ҚР Парламентінің Мәжілісі 11.05.2023 22:02 903

Палата спикері Ерлан Қошановтың қатысуымен Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қатысушылар ұйымдастыру мәселелері мен жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын талқылады.

Бюро Қоғамдық палатаның 38 мүшесін бекітті. Төраға болып – Мәжіліс депутаты Айдос Сарым, оның орынбасарлары болып – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, қоғам қайраткері Ғалым Байтұқ пен Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы басқармасының төрағасы Светлана Романовская тағайындалды.  

Палата қоғамда көтеріліп жатқан ең өзекті мәселелерді қарастырып, заң шығару деңгейіне жеткізеді. Сондай-ақ Қоғамдық палата мүшелері резонанс тудырған заң жобаларын Мәжіліс қабылдағанға дейін талқылайды.

Сындарлы ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңыз жұмыс тобына жолданып, заң жобасының салыстырмалы кестесінде ескерілетін болады. Бұл Қоғамдық палатаның ережесінде бекітілген. Осылайша, сіздердің жұмыстарыңыз арқылы азаматтардың Мәжілістегі шешім қабылдау үдерісіне қатысуы кеңейеді, – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері Қоғамдық палата өркениетті, партияаралық және қоғамдық пікірталас алаңына айналатынын атап өтті. Мұндай диалогқа жағдай жасау қажеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында айтқан еді. 

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата алғаш рет жұмысын 2022 жылдың желтоқсанында бастады. Жаңа шақырылымда Палата құрамы екі есе жаңарды. Оған партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, қоғам қайраткерлері, беделді сарапшылар кірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға