VIII.Доспамбет жырау
Сөз болған толғауда көрініс тапқан көркемдік сипаттарға сүйене отырып, қысқаша ой түйінін жасасақ, бұл толғау Доспамбет жыраудың эпикалық сюжет түзуге шеберлігін, сезім құбылыстарын шынайы бейнелеуге аса қабілетті лирик жырау болғанын танытады. Бұл тұрғыда оны эпикалық оқиғаны лирикалық сезіммен ұштастыра жырлаудың жарқын үлгісін қалыптастырған жырау ретінде бағалауға болары анық.
Ал жыраудың суретті сезіммен астастыра жырлайтын толғаулары – «Айналайын Ақ Жайық...» және «Тоғай, тоғай, тоғай су...» деп басталатын дүниелері.
«Айналайын Ақ Жайық...» толғауында Доспамбет жырау өз дәуіріндегі көшпелі қазақ өмірін, қазақ жұртына қалқан болған ерлердің қарекет сипатын, олардың асқақ рухты болмысын романтикалық әсерлерге жетелейтін айшықты бояуларын қанықтыра, әрі сол суреттерді аңсау сезімімен қабыстыра бейнелейді. Толғаудың қай тұсын алсаңыз да, мүлтіксіз суреттелген көріністер мен сол көріністерді аңсау сезіміне жолығасыз. Мәселен:
«...Қара бұлан терісін Етік қылар күн қайда?!
Күдеріден бау тағып,
Кіреуке киер күн қайда?!
Күмбір-күмбір кісінетіп
Күреңді мінер күн қайда?!.» –
деген үлгіде келетін жолдардан қалың елдің қамы үшін қай уақытта да бес қаруын бойынан тастамай, қапысыз қамданып жүретін батыр ұлдар бейнесі көрінсе:
«...Еділдің бойын ел жайлап, Шалғынына бие біз байлап, Орындықтай қара сабадан Бозбаламен күліп, ойнап, Қымыз ішер күн қайда?!.» – деген жыр жолдарынан жорық, жортуылдардан тыншу тапқан бейбіт ел тірлігі көрінеді және осы көріністердің қай-қайсы да «күн қайда?!» деген сөздер арқылы аңсай түйінделіп отырады. Толғауда суреттелген көріністердің романтикалық сипат иеленуінің сыры да – аңсау сезімімен байланысты.
Мазмұндық-сюжеттік құрылымы жағынан да, сурет пен сезім тұтастығы жағынан да, шынайылық тұрғысынан да аталған толғаумен сарындас туынды – «Тоғай, тоғай, тоғай су...».
Бұлтолғаудадаөткенөмірбейнесіжасалған.Алекітолғаудың бір-бірінен негізгі айырмашылығы: біріншіден, бейнеленетін объектіге қатысты, яғни алғашқы толғаудағы көріністер жалпыға ортақ мәнде жырланса, екінші толғауда нақты қаһарманға(Доспамбеттің өзіне) тікелей байланыстырыла беріледі. Сол себепті аталмыш толғауды жыраудың өз өміріне қатысты қарастыруға мүмкіндік бар. Екінші айырмашылық – толғаулардағы сезім сипатына қатысты. Яғни алғашқы толғаудағы бейнелі көріністер аңсау сезімімен ұштасса, екінші толғаудағы сезім сипаты өмірінің мәнді өткеніне қанағаттану, ризашылық танытуға бейім.
Жырау бұл толғауында өз ғұмырында бастан өткерген тіршілігін тізбелей суреттей отырып, соның бәріне риза екенін аңдатады. Тіпті, толғау соңында:
«Бүгін, соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын,
Ер Мамайдың тұсында
Шаһид кештім, өкінбен!..» –
деп, нығарлай айтуының өзі жырау сезімінің шынайылығын көрсетеді. Сондай-ақ, осы үзіндіден жыраудың батырлық болмысы да, мұсылмандық түсінігі де танылады.
Ал Доспамбет жыраудың әкелік сезімі, адами үміті, мәрт мінезі көрініс беретін туындысы – «Озушылар, озмаңыз...» деп басталатын толғауы. Бұл толғауға реалистік сипаттар тән. Толғауда жыраудың ішкі секемі, әкелік махаббаты, болмашы үміті, жазмышқа көзқарасы іспетті жәйттердің бәрі мейлінше шынайы жеткізілген.
Осы орайда айта кету абзал, Доспамбет жыраудың толғауларын жеке-жеке алып қарамай, біртұтас шығарма ретінде қарастыруғада болады. Мұндай жағдайда бұл толғаулардың әрқайсысы күрделі мазмұнды шығарманың сюжеттік-композициялық бөліктері тәрізді қабылданып, нәтижесінде оқиғаның басталуы, байланысуы, дамуы, шарықтау шегі, шешілуі сияқты бөліктерінің бәрі қамтылған және қажетті тұстарда лирикалық шегініс, ішкі монолог секілді көркемдік тәсілдер пайдаланылған эпикалық жыр пайда болады.
Доспамбет жырау толғауларының бұл ерекшелігіне қарасақ, оларды бір сәтте дүниеге келген туындылар ретінде де бағалауға мүмкіндік бар. Қалай болғанда да, ХVІ ғасырдағы қазақ поэзиясында айрықша орын иеленетін Доспамбет жырау шығармашылығынан, жоғарыда сөз болғандай, көркемдік сипаттардың, әсерлі бейнелердің сан алуан түрлерінің молынан ұшырасуы оның аса дарынды тұлға болғандығын айғақтайды.
Сұрақтар мен тапсырмалар:
- Толғаулары негізінде жырау өмірін суретте.
- Жыраудың шығармашылық тұлға ретіндегі ерекшеліктері қандай?
- Жыр-толғаулары бойынша жыраудың азаматтық ұстанымына, дүниетанымына сипаттама жаса.
- Жыраудың суреткерлік шеберлігін шығармалары арқылы талдай көрсет.
Әдебиеттер:
- Ай, заман-ай, заман-ай... – Алматы, 1991
- Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы, 1993.
- Мағауин М. Ғасырлар бедері. – Алматы, 1991.
- Негимов С. Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. – Алматы, 1991.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»