VIII.Асан қайғы
Жырау толғауына зейін қойсақ, «Ақ қалалы боз ғаріп», «Ел жағалай қонбаса, бетегелі бел ғаріп», «Қаз-үйрегі болмаса, айдын шалқар көл ғаріп» мазмұнында ұсынылған жауаптардан бары мен базары игілікке айналмаған жердің қай-қайсы да қадірінен айырылатынын аңдаймыз. Ал қалған жауаптардың бәрі адам баласының қадір-қасиетіне байланысты. Осы «ғаріптердің» қатарында мына дүниедегі ең ауыр «ғаріптік» ретінде жырау ер жігіттің ата жұртынан қол үзуін ерекше екпін сала көрсетеді. Мұның сыры, бірінші кезекте, дәл осы ауыртпалықтың толғау туған кезеңде ел көңіліндегі аса маңызды проблемамен байланысып жатқаны анық. Дана жыраудың толғау түйінін:
«Ата жұрты бұқара
Өз қолында болмаса,
Қанша жақсы болса да,
Қайратты туған ер ғаріп» –
деп қайыруының өзі Асан қайғы үшін ата қоныстың қаншалықты маңызды болғанын танытады. Ал жырау өз дәуірінің перзенті ғана емес, сол дәуірдің сөзін ұстаушы тұлға болып табылатынына ден қойсақ, дербес хандық аясына ұйысқан қазақ елі үшін де ата жұрттың қаншалықты маңыз иеленгенін бағамдауға болады.
Демек, Асан қайғының аталмыш толғауы жыраулар поэзиясында дидактикалық толғаулардың өнегелі үлгісін негіздеуімен қатар, сол кезеңдегі ел мұратын бейнелеуімен де маңызды.
Ата жұртты ардақ тұтқан, қайырлы қоныста берекелі тірлік кешуді көздеген ел мұраты Асан қайғының бірнеше жыр-толғауының өзекті тақырыбы болып табылады және бұл дүниелерден жырау шығармашылығының үшінші кезеңіне тән сипаттарды тануға болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл кезең өз тізгінін қолына алып, іргесін нығайтып, еркін тірлікке бетбұрыс жасаған елдің өз ішіндегі қарым-қатынастары, өзіндік өмір салты қалай түзілсе абзал боларын пайымдауды көздеген жыр-толғаулардан тұрады. Басқаша айтқанда, бұл кезеңдегі Асан қайғы туындылары жаңа мемлекеттегі қоғамдық сананы қалыптастыруға қызмет етеді. Ойшыл жыраудың бұл кезеңге тән шығармаларын «Есті көрсең кем деме...», «Көлде жүрген қоңыр қаз...», «Еділ бол да, Жайық бол...» деп басталатын толғаулары құрайды. Бұл қатарда «Еділ бол да, Жайық бол...» толғауына қатысты ойларымызды алдыңғы тұстарды айтып өткендіктен, бұл тұста аталған толғаулардың екеуіне байланысты сөз қозғау жөн болар.
Ел ішінің берекелі болуын, қазақ баласының кемелдікке, ағайынның татулыққа ұмтылуын құптай, әр адамның келеңсіз мінездерден бой тарта, адамгершілік қасиеттерге бой ұра өсіп-өрбуін өнеге ететін «Есті көрсең кем деме...» толғауын ой ұсыну тұрғысынан іштей үш мазмұнға жіктей қарастырсақ, алғашқы жолдан басталып, «...Насихатын алмағыл...» деп түйінделетін бірінші бөлікте жырау әр адамның бойын аулақ ұстағаны жөн болар қажетсіз мінездер мен әрекеттерді айқындай көрсетсе, «Бақыты оянған ерлердің...» деген жолдан «...Ел ауызына қарасар» деп бітетін тармақ аралығында бағы жанған адамның сын-сипатын бейнелейді, ал соңғы бөлікте бағы жанған адамның бақыты баянды болуы үшін қандай әрекет, мінездерден аулақ болуы қажеттігі кеңес етіледі.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»