Жаңалықтар

VII.Жыраулар поэзиясы – хандық дәуір айнасы

Ел тірлігін, қоғам тынысын нақтылай тануға ұмтылыс өмір шындығына үңілуге бастамақ.
31.03.2014 10:17 4946

Ел тірлігін, қоғам тынысын нақтылай тануға ұмтылыс өмір шындығына үңілуге бастамақ. Ал жыраулар шығармашылық әрекет иелері болғандықтан, олар өздерінің танып-таразылаған жәйттерін жыр-толғауларында бейнелейтіні түсінікті. Демек, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы жыраулар елдің арман-аңсарларынан гөрі, өмір салтына, тіршілік сипатына баса назар аударды және аңдап-аңғарғандарын шынайы бейнелеу арқылы қазақ қоғамын жақсы мен жаманды таразылай бағалап, жақсылыққа бағыт ала дамуға жетеледі. Осы дәуірдегі жыраулар поэзиясында реализмнің басымдық танытуының себебі де сондықтан. Бұл тұрғыдан келгенде, ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ жыраулары – өмір шындығына бағдар ұстанған шығармашылық тұлғалар, әрі сол шындық негізінде қоғамды жетілдіруге қызмет еткен ойшыл қайраткерлер.

Бұл пікірге дәйек болар сөз үлгілері қазақ жырауларының қай-қайсынан да табылады. Мәселен, Бұқар жырау ұлағатына қарайық:

«...Ер жігіттің қадірін Ағайын білмес, жат білер. Қойға қошқар құт болса, Қозы құрттан өлмейді. Қой бітерде қотаншы ит

Бөріге қой бермейді. Ауылда адам бар болса, Ауыл ала болмайды. Ел иесі құт болса, Халқы ала болмайды...»

Осы мәтінде жырау айтып тұрған жәйттің бәрі – өмір шындығы. Жыраудың сол шындықты көрсетудегі мақсаты – елге құт қонақтату. Ал елге құт дару үшін ел ішінде алауыздық болмау керек, алауыздық болмау үшін ел иесі әділ болуы керек. Толғаудан танылған осы сипаттарды ескерсек және күнделікті өмірінде жыраудың өзі сол мақсатқа қызмет қылғанын ойға алсақ, сондай-ақ, бұл қасиеттің жалғыз Бұқарға ғана емес, барша қазақ жырауларына тән болғанын ойда ұстасақ, жыраулардың сөзі мен ісі бір арнада тоғысқан қайраткер тұлғалар болғанын анық бағамдаймыз.

Шығармашылық әрекетінде де, азаматтық әрекетінде де халықтық мұратқа қызмет етуді көздеген жыраулардың осы мақсат жолындағы басты құралы жыр-толғаулар болса, ықпалды әдеби тәсілдерінің бірі дидактика болды.

Жыраулар поэзиясындағы дидактика – өзімен-өзі оқшау жатқан өнегелі сөз, тағылымды ой-идея емес, жыраулар ұстанған көркемдік әдістердің талабына лайықтала, жыраудың азаматтық көзқарасынан өріс ала көрінетін көркем идеялар жиынтығы. Жыраулар дидактикасынан ел болу, өмір мәні, адам жаратылысы, замана жайы тәрізді сан қилы мәселелерге арналған жүлге-жүлге ой-идеяларды молынан ұшырастыруға болады және бұл идеялар түрлі дәуірлерде әлеумет түсінігіне лайықтала жаңғырып, жаңара көрініп отырады. Мәселен, жыраулар жиі назар аударатын адам болмысындағы қасиеттердің бірі – жақсылық пен жамандық жайы болса, бұл мәселе ХVІ ғасырдағы Шалкиіз толғауында:

«Жақсының жақсылығы сол болар –

Жаманменен бас қосып,

Сөйлемекке ар етер;

Жаманның жамандығы сол болар –

Сөйлесе дәйім бетін қара етер...» –

деген мазмұнда жырланса, ХVІІІ ғасыр жырауы Ақтамберді осы мәселені:

«...Білімді туған жақсылар Аз да болса, көппен тең. Жақсысы кеткен ауылдың Артынан жақсы шықпаса,

Өртеніп кеткен жермен тең...» – деп толғайды.

Қос жыраудың айтар ойы үндес болса да, көркемдік мақсатта айырмашылық бар. Оның себебі жыраулар өмір сүрген дәуірдегі әлеуметтің таным-түсінігінен туындап жатыр. Нақтылай айтқанда, Шалкиіз дәуірі үшін болмыс-бітімі бөлекше жаралған ерекше тұлғаны аңсау, соның жолына еру маңызды болса, Ақтамберді дәуіріндегі жұрт ақыл-парасатымен елді ұйытып, берекеге бастайтын тұлғаны көксейді. Белгілі бір дәуірге тән таным-түсініктегі сәл ғана айырмашылықтың өзі шығармашылық иелерінің көзқарасына, соған орай олардың көркемдік әдістеріне әсер ететінін және жыраулардың өз дәуіріндегі халық санасындағы құбылыстарды бейнелегенін осы мысалдан да байқауға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға