VII.Шалкиіз жырау
Жалпы, жыраудың нақты оқиғаларды, нақты қаһармандарды арқау еткен жыр-толғауларынан анық танылатын жәйт – Шалкиіз жыраудың өз тұсындағы әрбір әрекетті, әрбір оқиғаны ел өмірімен байланыстыра танып, сол тұрғыдан бағалайтыны. Жырау жанын мазалайтын ең негізгі мәселе – ел тағдыры, ел тұтастығы, ел тыныштығы. Сондай-ақ, жыраудың өмір мәні, адамшылық мағынасы хақында ой толғайтын жыр-толғауларының түпқазығы да туған ел тағдырымен өрістесіп жатады. Мәселен, жыраудың:
«...Атайы ердің баласы Атадан жалғыз тудым деп, Басына қиын іс келсе, Ісін көпке салар ма; Атаның ұлы ерлерге
Малыңды бер де, басың қос, Басыңды қос та, бек сыйлас, Күндердің күні болғанда Басың жауда қалар ма!» – деп келетін жыр жолдары, яки:
«...Белбуардан саз кешсең, Тобығыңнан келтірмес Қамалаған қалың туған арқасы!» –
деген үлгідегі ой түйіндерінің қай-қайсы да ойшыл Шалкиіз үшін ел бірлігінен асар қасиетті ұғым жоқ екенін айғақтайды.
Мұндай мазмұндағы ойлар Шалкиіз туындыларының әрқайсынан-ақ ұшырасып жатады. Өйткені Шалкиіз жырау дүниетанымында ерліктің де, биліктің де қадірі елге жасаған қызметімен бағаланады. Сол себепті ол ел ішінің берекелі бірлігін, ағайынның татулығын, ел арасындағы жарасымды сыйластықты үлгі ете жырлайды. Дүниенің өткіншілігін мысал ете отырып, адам баласына ізгі ниетті уағыздайды.
Шалкиіз жыр-толғауларында философиялық мағынаға ие жақсы мен жаман бейнелері салыстырмалы түрде жиі көрініс береді. Мәселен:
«...Бір жақсыға басың қосып, сөз айтсаң, Сол жақсы жаманлығың жақсылыққа жыр етер. Бір жаманға басың қосып, сөз айтсаң, Сол жаман сырың сақламай, Әрдайым дұшпаныңа әр ісіңді қор етер» – деген үзіндіде жақсы адамның жайсаң мінезі үлгі етілсе, сонымен қатар, жаманнан келер қатер, төнер қауіп жиі еске салынады. Осы үлгіде салыстыра көрсете отырып, жырау жақсыға жақын болуды, жаманнан бой тартуды тағлым етеді.
Тіпті бір орайда:
«...Күндердің күні болғанда Қырға шықпас жаманның Барынан да жоғы игі!» – деп, түңіле ой түйетін тұстары да бар. Зер сала үңілсек, жыраудың айтып тұрғаны – «жамандар» жойылуы керек» деген үкім емес, «жамандар жаралмай-ақ қойса етті» деген тілек екенін аңғарамыз. Мұндай мінез –гуманистік түсініктегі тұлғаларға ғана тән қасиет. Бұл тұрғыда Шалкиіз – гуманист жырау. Оның:
«...Атайы ердің тұсында Тұлпары тұрар тарп ұрып; Бір жаманға сөз айтсаң, Есікті кетер сарт ұрып, Сол жаман елден кетер деп,
Артынан жақсылар қалар шақырып...» – деп жырлауының себебі де сондықтан. Гуманист жырау «жаманның»қылығының өзін парасат көзімен бағалауға үндейді. Себебі ел тұтастығын ұлықтаған жырау ел ішіндегі «жаманның» өзін жат қолына телміртуді қош көрмейді.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»