VII.Доспамбет жырау
Жалпы, Доспамбет жырау сөздері бірінен бірі туындап, бірін бірі толықтырып жататын біртұтас дүниенің құрамдас бөліктеріндей әсер етеді. «Сере, сере, сере қар...» толғауының негізгі мазмұны ақтық сәтін күтіп жатқан қаһарманның өткен күнді еске оралтуына құрылса, «Арғымаққа оқ тиді...» деп басталатын келесі толғауында жыр қаһарманының осындай жағдайға ұшырауының себебі ашылып, жан дүниесін мазалаған сезім күйлері алға шығады және бұл толғауында да жырау бастан өткерген жағдайларын бірінен бірін туындатып, кішігірім эпикалық сюжет өрістете, сурет пен сезім құбылыстарын ұштастыра, шынайы көрініс ұсынады. Мәселен:
«Арғымаққа оқ тиді Қыл майқанның түбінен, Аймадетке оқ тиді
Отыз екі омыртқаның буынынан, Зырлап аққан қара қан Тыйылмайды жонның уақ тамырдан...» – деген үзіндіге зер салсақ, қаһарманды ажалмен бетпе-бет келуге себеп болған оқиғаны көреміз. Жыр қаһарманының (Аймадеттің) әлдебір қайран қылуға дәрменсіз болып қалуының себебі – дәл омыртқаның жігінен оқ тиіп, қансырауы.
Ал толғауды әрі қарай оқыған кезде қаһарман жарақатының тіптен ауыр екендігі байқалады. Бұл тұста:
«Сақ етер тиді саныма, Сақсырым толды қаныма...» –
деген жолдарға қарасақ, Аймадет ердің қара саннан да ауыр соққы алып, бейнетінің үстемелене түскенін көреміз. Толғаудың нақты оқиғаны суреттейтін бөлігі:
«Жара бір қатты, жан тәтті, Жара аузына қан қатты...» –
деген жолдармен аяқталады. Соңғы тармақ жара аузына қатқан қанның суретін көрсетумен бірге, оқиға басталғаннан бергі аралықта бірталай уақыт өтіп үлгергенін де аңғартады. Демек, осы үзіндінің өзінен-ақ жыраудың суреткерлік хас шеберлігі анық танылады. Бас-аяғы он тармақты қамтитын үзінді аясында нақты бір оқиғаны басталуынан шешіміне дейін жеткізе және бейнелей көрсетуі Доспамбет жыраудың сөз құдіретін кемел игерген дарындылығын айғақтайды.
Ал толғаудың бұдан арғы бөлігінде қаһарманның жан дүниесі, аңсары мен арманы, үміті мен күдігі, т.с.с. сезім құбылыстары шыншылдығымен иландыра көрінеді. Жарақаты жанына батқан қаһарманның:
«Жарықшылар жоқ па екен Жармай білте саларға?!.» –
деп үміттенуі де, сондай-ақ:
«Жағдайсыз жаман қалып барамын Жанымда бір туғанның жоғынан!..»
өкініш білдіруі де шынайы. Сол сияқты, «құнан білдің қайысынан» өрілген қамшысына, «маңдайы күнге тимеген» сүйген жарына байланысты сезім күйлері де Аймадет қаһарманның адами жаратылысын тануға қызмет етеді.
«Алғаным Әли ағаның қызы еді...» – деп басталып, одан кейінгі жолдарда алған жарының қадір-қасиеттерін бірінен бірін асыра сипаттай келіп, сөз түйінінде:
«...Омыраудағы он түймесін ағытып, Кейінгі қалған көпекке Қалай да белін шешті екен!..» – деп, қызғаныш сезіміне бой алдыруы да көңілге қонымды. Әйткенмен, «Кейінгі қалған көпекке» деген тіркеске зейін аударсақ, қаһарман сезімінің пендешілік қызғаныштан жоғары тұрғанын байқаймыз. Толғау қаһарманын қызғаныштан гөрі, «хан қызындай» аяулы жарының қадірінен айырылуы мүмкін екендігі көбірек алаңдатып, көбірек өкіндіретіндей.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»