VII. Алаштың Астанасы және ұлттық идея
Бүгінгі ұлттық идеяға нәр берген Астана демографиясы қазақыланды. Он жыл ішінде Елорда тұрғындары үш есе ұлғайған екен, қазақтардың үлесі 60 %-ға көтерілді, жаңа тұрғындар негізінен кәсіби білімі бар оқыған қазақтар екені де рас. Бұлар кешегі алматылықтар, қазағы қалың шымкент-тараздықтар, торғай-жезқазғандықтар. Астананың қоныс аударуымен басталған республикаішілік миграция солтүстік өңірге, тіліне, жарнамасына, ономастикасына, оқу орындарына ұлттық шырай беруде, ұлттық идеяның әлеуметтік-интеллектуалдық әлеуетін нығайтуда.
Жаһандану заманында ұлттық идеяның қарымы елішілік ауқыммен шектелмеуге тиіс. Оған артылар халықаралық миссия үлкен маңызға ие. Таяу-алыс шетелдер еліміздің ұлттық мұратына қарап, Қазақстанға қатысты саясатын түзетіні сөзсіз. Ол сыртта жүрген отандастарымыздың тағдырын анықтайтын факторлардың бір де болса бірегейі екенін естен шығаруға болмайды. Елбасымыздың 1991-1995 жылдары Семей атом сынақ айлағын жабуы, ядролық қару-жарақтан бас тартуы, Азиядағы өзара сенім және ықпалдастық бастамасы, Еуразия доктринасы Қазақстанды әлемге танытты. Одан беріде әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының екі сиезін өткізген, Испания королінен Рим папасына дейін мәртебелі қонақтарды қарсы алған, інжу-маржандай Ақ Орда мен Бәйтеректі көтерген, «Бейбітшілік қаласы» атанған, «Мәдени мұра», «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламаларын ұсынған Астана қазақ елінің ұлттық идеясын – азаттық пен бірлікті жаһандық құндылыққа айналдыруды көздейтінін паш етті. Астана феноменін Батыс пен Шығыстың ғалымдары зерттеу үстінде. Шетелдіктердің пікіріне ден қойсақ, әлем Елордамызды қазақстандық жолдың, ілгерілеу мен ұмтылыстың шоқтай жиынтығы ретінде қабылдауда. Бүгінгі ұлттық идеямыздың көздегені де Қазақ елінің жаңа әлемдегі лайықты орнын анықтау емес пе! Мұның да бастау-бұлағында Астана тұр.
Әзірге ресми ұлықталмаған ұлттық идеямыздың «Қазақ елі» сегменті діттеген межесіне жетті. Тәуелсіздіктің 15-ші жылында Елбасымыз: «Біздің айқын да сындарлы іс-қимыл стратегиямыздың, ниеттестер командасының ынтымақшыл жұмысының, біздің отандастарымыздың жанқиярлық еңбегі мен толайым қолдауының нәтижесінде Қазақстан мемлекеттілігі толық орнықты!», деп салтанатты мәлімдеуі осыған айғақ-дәлел. Енді экономикалық, ақпараттық, энергетикалық қауіпсіздігі тиянақталған, руға, жүзге бөліну дертінен айыққан, жемқорлықты ауыздықтаған, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналған, Маловодное мен Маятастағыдай қақтығыстардан ада биікке көтерілсек, «Азаттық», «Бірлік» сегменттері атқарылып, ұлттық идеяның жаңа формуласына көшетініміз сөзсіз.
Тарих – халықпен тарих. Әсіресе тұлғалардың орны алабөтен. Астана тағдырында Кенесарының, Балуан Шолақ пен Қажымұқанның, Иманжүсіп пен Сәкеннің, Жұмабек Тәшенов пен Рахымжан Қошқарбаевтың есімдері мәңгіге қалғаны-қалған. Халықтың бойындағы жасампаз бұла күшті кемеңгер де көреген тұлғалар аша алады. Бұған Есілдің жағасында жайнай өскен шаңырақ қала – бұлтартпас айғақ-дәлел. Елбасымыз Н.Назарбаев Елорданы Астанаға көшіру бастамасымен миллиондардың тарихи миссиясына арна ашты, жаңа Астана озық идеялар мен нақты істердің ұйытқысына айналды. Астана – ұлттық тарихымыздың айбары һәм мақтанышы. Ендеше, осы бақ-дәулет кемел ұлттық идеямен көмкеріліп, ұзағынан болғанын тілейік.
«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.