VII. Әліпби ауыстыру жазу реформасына айналу керек
9.5. Оның үстіне болашақ ұрпақты үш тілді (үш тұғырлы) етіп тәрбиелеу мәселесі мемлекеттік шараға айналып отыр. Сол үш тілдің бірі орыс тілі болып қала береді. Өркениетті елдердің тәжірибесі де көп тілді ұрпақ тәрбиелеу қажеттігін көрсетіп отыр. Қазақстанға келген шетелдіктердің кез-келгені кем дегенде екі-үш тіл білетінін көріп жүрміз. Олар бізден қазақ тілін үйретуді сұрайды, біз әңгіме арасында «Өмір бойы бір ғана орыс тілін үйреніп келеміз, соның өзінде сол бір тілді аяғына дейін меңгере алмай қойдық. Ал сендер болсаңдар, кез келгенің бірнеше тіл білесіңдер. Соның себебі не?» деп сұрап қаламыз. Сонда олардың бізге айтатыны: «Егер Батыста жақсы тұрамын десең, ісім өнсін десең, онда көп тіл білуің керек» дейді. Батыс елдерінде көп тіл білу – кәсіби жетістік болып саналады. Осы жағдай бізге де келіп жетті. Сондықтан да Қазақстанның тіл саясаты осы бағытта өрбіп келеді. Ендеше орыс тілі ұмыт болып қалады деу орынсыз.
9.6. Қазақ жазушыларының шығармалары оқылмай қалады деген де күмән бар. Оның да жауабын жазушының аузымен қайтарайық. Әліпби мәселесіне қатысты бір «дөңгелек үстел» үстінде белгілі жазушымыз Қ.Жұмаділов «Оқылатын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылады, оқылмайтын шығарма қай әліпбимен жазылса да оқылмайды» деп қысқа қайырып еді. Ендеше жақсы шығарма латын әліпбиімен де оқыла беретін болады, тек шығарма жақсы болсын.
10. Жазу ауыстырудың шығыны да бар екені рас. Кез-келген шаруа шығынсыз бітпейді. Латын әліпбиіне өту шарасы да шығынсыз болмайды.
10.1. Алайда шығынның да шығыны бар. Біріншіден, латын әліпбиіне қарсылар кітап басудың, оқулық шығарудың шығынын алға тартады. Сонда немене, латын әліпбиіне өтпесек, кітап баспай, оқулық шығармай отырамыз ба? Сонда немене, кирилше қайта басуға шығын кетпейді де, латынша жаңадан басқанда шығынның астында қаламыз ба? Кітап та басамыз, оқулық та шығарамыз. Оның қағаз шығыны, бояу шығыны, жұмыс күші т.б. жайттарды кирилде қалсақ та, латынға өтсек те бастан өткереміз. Ендеше бұл бағыттағы шығынды латынның шығыны деп есептемеу керек.
10.2. Сонда қалатыны - мамандарды латынға икемдеп, қайта дайындау мәселесі ғана. Оның да артық шығын шықпайтын жолдары көп. Мұғалімдер үшін, жұмыс бағыты бұрыннан қалыптасып қалған, мұғалімдердің білімін жетілдіру институттары бар. Мектептердің өзі латын әліпбиін үйретудің ошағына айналады. Мемлекеттік мекемелер мен жекеменшік кәсіпорындарының өз мүмкіншілігі бар. Қазіргі заманда не көп - ақылы-ақысыз тіл үйрететін орталықтар көп, олар да қарап жатпайды. Жалпы, латын әліпбиін үйренуге көп жылдар керек дегенге өз басым сенбеймін. «Тәуекел» деп кірісіп кетсе, берісі үш ай, арысы жарты жылдың мерзімінде халықтың негізі сауаттанып бітеді.
Әлімхан ЖҮНІСБЕК, «Қазақ жазуы:
төл дыбыс – төл әліпби», 2013 ж