Жаңалықтар

VI.Тәтіқара ақын

Ақынның «Кеше тоқыраулы судың бойынан...» деп басталатын өлеңінен сол дәуірдегі қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастардың бір қыры аңғарылады.
31.03.2014 08:34 17211

Ақынның «Кеше тоқыраулы судың бойынан...» деп басталатын өлеңінен сол дәуірдегі қоғамдық-әлеуметтік қарым-қатынастардың бір қыры аңғарылады. Хан мен халық арасындағы байланыстың сол замандағы қазақ жұртында ор­ныққан ерекше үлгісін аңдау үшін Абылай ханға арнала айтылғаны анық танылатын осы өлеңді саралай зерделеп көрелік.

Өлеңнің мазмұнын құрайтын жағдайларды рет-ретімен топтастыра, бөлікке бөлер болсақ, олардың жалпы жүйесі былай түзіледі: Абылайдың дүниеге келу ерекшелігі, бала кезінің көрінісі, ерлігі, ерлікті елдің бағалауы, құрметтеген елге хан көзқарасының өзгеруі, ел жауабы.

Өлеңнің алғашқы бөліктерінде, яғни «Кеше тоқыраулы судың бойынан...» деген тармақтан «...Хан көтеріп еді» деп аяқталатын тармаққа дейінгі аралықта айтылатын жәйттер өзге де жырауларда кездесетіндіктен және олардың бейнелеу тәсілдеріндегі ерекшеліктер болмаса, жалпы мазмұндарында үлкен айырмашылық жоқ болғандықтан, соңғы екі бөлікке қатысты ой тарқатқан абзал. Бұл бөлік:

«...Үш жүздің баласын Бір баласындай көрмеді»

және

«Ат құйрығын сүзіңдер, Аллалап атқа мініңдер, Хан-талау қылып алыңдар!» – деген жолдардан тұрады.

«Әдебиет – дәуірдің көркем бейнесі», «Ақын – өз дәуірінің өкілі» деген қағидаларды басшылыққа ала отырып, осы үзіндіден танылатын сол дәуірдегі қоғамдық-әлеуметтік қырым-қатынастардың көрінісіне назар аударсақ, хандық дәуірдегі Дала демократиясын көреміз.

Ал «Дала демократиясының көрінісі» дегенде, бұл өлеңнен нені көреміз?

Көретініміз – өз билеушісін елдің өзінің таңдайтыны, оның әрбір әрекетін ұдайы қадағалап отыратыны, бұра тартқан жағдайда ел болып дұрыс жолға бағыттайтыны және билеуші ақылға жүгінбесе, елдің айбат танытудан да тайынбайтыны. Хандық дәуірдегі қазақ қоғамында осы мазмұндағы Дала демократиясының салтанат құрғанын басқа жыраулардың жыр-толғауларынан да кезіктіреміз.

«Осы үзіндіден танылатын өмірлік шындық қандай?» деген сұраққа жауап іздесек, мәтінде бейнеленген өмір шындығы төмендегідей: қазақ-жоңғар соғысында елдің даңқын асырып, жеңіске жетелеген Абылай хан көңілінде масаттану, даңққа масайрау сезімі бел алғандықтан, елдің сөзін елемей, өктемдікке жол бере бастаған (яғни, Үш жүздің баласын өзінің бір баласындай көрмеу); сол себепті ел де ханды әділдік жолына шақыруға ниетті. Ал бұл тұста ақын – осы шындықты бейнелеуші. Тәтіқара ақынның бүгінге дейін жеткен шығармаларынан оның реалист екендігі анық танылатынын есте тұтсақ, бұл ретте де оның өз ұстанымы – шындықты айтудан ауытқымағаны анық.

Ақынның тұрмыс-тірлігінің шама-шарқын, мінез-жаратылысын аңғартатын шығармасы – «Ассалаумағалейкүм, жайсаңдармен қасқалар...» деп басталатын өлеңі.

Өлең ақынның өзіне етене таныс ел жақсыларын үйінің жанында кезіктіріп қалған сәтте дереу суырып салған импровизация тәрізді. Себебі:

«Ассалаумағалейкүм, жайсаңдар мен қасқалар,

Адам көңілін жоқтық шіркін басқалар,

Түзде жүрсем батырмын,

Үйге келсем пақырмын.

Таңертеңгі ішкен шалап Қарында емес, қуықта,

Ажал шіркін алыста емес, жуықта...» – деген жолдардан ақынның қолы қысқалығынан шарасыз халгетүсуі де, денсаулығының сыр беріп жүргенін аңғарта, сырмінез жандарға мұң шағуы да, сондай-ақ, қарттыққа мойынсұна бастағаны да байқалады. Алайда ақын мүсіркеу, есіркеу дәметпейді, тек өз тірлігінің жайынан хабардар етеді. Мұндай жағдай бір-бірін ежелден білетін жандар арасында болатынын ескерсек, бұл өлеңнің ақынға етене таныс адамдарға арналғанын ұғамыз.

 

Осы өлеңді түйіндейтін:

«Түссеңдер, міне, қара лашық, Түспесеңдер – жолың ашық!..» – деген соңғы екі тармақ Тәтіқара ақынның күнделікті тұрмыс жайының қандай екенін көрсетумен қатар, оның өз ойын еркін айтатын тік мінез адам екенін де танытады.

Бүгінге дейін сақталып жеткен шығармаларына сүйене отырып, Тәтіқара ақынның шығармашылығы жайында төмендегідей ой түюге болады:

Тәтіқара туындыларының жыраулар поэзиясынан негізгі ерекшелігі – өлеңдеріне арқау болған мәселелерді ой сүзгісінен өткере отырып, реалистік мазмұнда жырлауы. Оның себебін романтикалық пафосы басым түсіп жататын жы­раулар поэзиясының дәл оқиға үстінде шығарылуымен, ал Тәтіқараның ерлік, батырлық туралы туындыларының (яғни, көлемді жырлардың үзінділері) оқиға болып өткеннен кейінгі уақыт аралығында жырлануымен сабақтастыруға болады. Бұл айырмашылықты байқау үшін Тәтіқараның «Қамыс­тың басы майда, түбі сайда...», «Кебеже қарын, кең құрсақ...» деп басталатын үзінділері мен ақынның өз замандасы Ақтамбердінің ерлік, батырлық жайындағы жыр-толғауларын салыстыра оқу жеткілікті болмақ.

Тәтіқараның «жырау» емес, «ақын» деп аталуының сыры да оның шығармаларында өмірлік шындықтың басымдық алуына және соған сәйкес реалистік көзқарастың жетекші әдіске айналуына байланысты. Өз кезегінде бұл жағдай ақын шығармаларындағы сюжет динамикасының сипатына әсер еткен. Салыстыра айтар болсақ, жыраулар поэзиясында елдің рухын қайрау, намысқа шабу, жігерлендіру сияқты әрекеттер мақсатты түрде алдыңғы планға шығып, жыр-толғауларына серпінділік, екпінділік етене болып келсе, Тәтіқара шығармаларында бейнеленіп отырған жағдайға байыппен баға беру әрекеті басым түседі.

Қорыта айтқанда, өлең-жырларында өмірлік шындықтың аясынан асып кетпей, мейлінше шынайы бейнелеуді құнттаған Тәтіқара ақын – қазақ әдебиетінде реалистік ақындар поэзиясының тууына із салған ХVІІІ ғасырдағы көрнекті тұлғалардың бірі. 

Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Жыраулар мен ақындар поэзиясының ерекшеліктері қандай?
  2. Белгілі деректер мен ақынның өз шығармалары бойынша Тәтіқара ақынның өмірі мен тұрмысына сипаттама жаса.
  3. Тәтіқараны эпик ақын ретінде бағалауға мүмкіндік беретін жәйттерді дәлелдей түсіндір.
  4. Ақын туындыларындағы Абылай хан бейнесіне талдау жаса.
  5. Ақынның реалистік өлеңдерін тақырып, мазмұн, проблема тұрғысынан талда.

Әдебиеттер:

  1. Ай, заман-ай, заман-ай... – Алматы, 1991.
  2. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы, 1993.
  3. Мәдібай Қ. Хандық дәуір әдебиеті. – Алматы, 1992.
  4. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,2006.
  5. ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясы. – Алматы, 1982. 

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға