Жаңалықтар

VI.Бұқар жырау

Жалпы, Бұқар жыраудың философиялық ой-толғамдарыныңқамтитын аясы аса ауқымды.
31.03.2014 09:50 14805

Алаш жұртының ардақтысына айналған Абылай ханның Бұқар жырауға айрықша ықылас танытып, оның өсиет сөзін де, өткір сынын да кішілік таныта қабылдауының бір себебі жыраудың даналық болмысында жатқаны хақ. Жырау жаратылысына етене ойшылдық оның жыр-толғауларыныңқай-қайсына да жат емес. Ол қандай жағдайды арқау ете жырласа да, соның бәрі адам өмірінің мәні, замана сипаты сияқты философиялық мәселелермен ұштаса көрініп, ой түйіні ұлағат-тағылымға ұласа тиянақталады.

Жалпы, Бұқар жыраудың философиялық ой-толғамдарыныңқамтитын аясы аса ауқымды. Мәселен, «Тілек» толғауындаөмірдегі жақсылық пен жамандықтың ара салмағы бағамдалса, «Ежелгі дос жау болмас», «Жар басына қонбаңыз» толғауларында достық пен қастық жайы сараланады. «Көкте бұлт сөгілсе» толғауында алдамшы тірлік пен мағыналы өмір мәні парықталса, «Алыстан қызыл көрінсе», «Асқар таудың өлгені» толғаулары дүниедегі нәрсенің бәрі салыстырмалы бағаланатынын аңдатады.

Байқалып тұрғандай, көтерген тақырыптары мен тарқатқан мәселелері тұрғысынан сан тарауға тармақталып кете беретін Бұқар жырау толғауларындағы түйінді проблеманың бірі – адам мен мал арақатынасы. Жыраудың бұл мәселеге қатысты ой қорытындысы «Сананы тұрмыс билейді» деген философиялық тұжырыммен үндеседі. Дана жыраудың аталмыш мәселеге байланысты ой түйіндері:

«...Төрде отырған қарт бабаң Төресін жаңылар малдан соң. Төркіндеген бикешің Тіркеусіз о да қайтар малдан соң.

...Қос, қос орда, қос орда Қосыла қонбас малдан соң...» – деген үлгіде, я болмаса:

«...Арғымақтың жалы жоқ – Жабылар жалыменен теңелер. Жақсылардың малы жоқ – Жамандар малыменен теңелер...» – деген мазмұнда келеді.

Арғы-бергі замандардағы ойшылдардың қай-қайсын да мазалағанжалғыздық проблемасы қазақ жырауы Бұқарды да айналып өтпегені байқалады. Жалғыздық жайындағы Бұқар жырау ойлары:

«Жалғыз туған жігіттен Сырым тікен тал артық»;

«Рулының оғы қалса табылар, Жалғыздың тартатұғын жағы қалса табылмас»;

«Көп ішінде бір жалғыз Сөйлеп те сөзі өтер ме!..»

т.с.с. мазмұнда жырланады. Өмірден көргені де,көңілге түйгені де көп дана жыраудың жыр-толғаулары тақырып байлығы, мазмұн ауқымдылығымен ғана ерекшеленбейді, сонымен қатар қазақ жыраулар поэзиясында бірнеше ғасырлар бойына қалыптасқан көркемдік қасиеттердіөз бойында жинақтауымен, нәтижесінде жыраулық дәстүрді кемелдік биігіне жеткізуімен де айшықтала танылады. Бұқар поэзиясында көрініс тапқан тілдік-бейнелік қолданыстар ұлттық әдебиеттің кейінгі даму жолында жаңғыра, жаңара пайдаланылды. Бұл – Бұқар жырау шығармашылығының қуаттылығын айғақтайтын қасиет.

Сұрақтар мен тапсырмалар:

  1. Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау.
  2. Жыраудың діни және философиялық дүниетанымы толғауларында қалай көрініс тапқан?
  3. Бұқар толғауларындағы заман, адам, бабалар жолы проблемалары қандай мазмұнда көрінеді?
  4. Жырау шығармаларындағы дидактика мен лирика сипаттарына талдау жаса.
  5. Бұқар бейнелеген Бөгембай мен Абылай ханның өзге жыраулардағы бейнелерден айырмашылығы қандай? Салыстырулар жаса.

Әдебиеттер:

  1. Абылай хан (Тарихи жырлар). – Алматы, 1993.
  2. Бес ғасыр жырлайды. І том. – Алматы, 1993.
  3. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. – 1994.
  4. Мағауин М. Қазақ хандығы дәуіріндегі әдебиет. – Алматы,1991.
  5. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Алматы,2006. 

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға