Жаңалықтар

VI. ХVІІ ғасырдағы жыраулар

Туған жерден жыраққа қуылған жылдары айтылған келесі жырында:
31.03.2014 06:09 4985

Туған жерден жыраққа қуылған жылдары айтылған келесі жырында:

...Тоқтамай соққан толағай Толастар мезгіл жеткей-дүр... – деп армандайды жырау. Арман астарында үміт бар, басындағы қиын күндердің артта қаларына сенім бар. Көңіл түпкірінде сенім болғандықтанда жырау одан әріде:

...Керегеге ілінген Шабылмаған семсер тұр. Жаудан алмай кегімді, Есіл де өмір өткен құр... – деп толғана налиды. Бірақ жыраудың налуы – торығу да, түңілу де емес, уақытының текке өтіп жатқанына, семсердің жауға жұмсалмай, текке ілініп тұрғанына өкінуден туған сезім.

Жиембет жыраудың туған жерден қуғындалған жылдары айтылған шығармаларынан бүгінгі жұртқа белгілісі – екі туынды. Оның бірі жыраудың жазаға кесіліп, туған жер шегінен ұзап бара жатқандағы көңіл күйін білдіретін, «Қол-аяғым бұғауда...» деп басталатын толғауы болса, келесі бірі – кесімді жерінде жүріп шығарған «Басы саудың түгел-дүр...» деп басталатын жыры. Сағыныш, аңсау, үміт сезімдері ұштаса көрінетін элегиялық мазмұнға бейім бұл толғаулардың қай-қайсында да жырау өзін осындай жазаға кескен Есім ханды аяусыз мінеп-сынап, хан үкімін әділетсіздікке балай, наразылық танытпайды. Аталған шығармаларды қалай қарасаңыз да, жырау тарапынан Есім хан ұйғарымын теріске шығаруға ұмтылған әрекетті таппайсыз. Тіпті «Қайырымсыз болған хандарға» деп келетін, я болмаса, «Азап шектім аралда, Ханға қарсы тұрам деп» деген үлгіде айтылатын, немесе «Қашырды бүйтіп елімнен Күйеуден безген қатындай» деп берілетін жолдардың өзінен тікелей Есім ханды кінәлап, өзін ақтауға талпынған ниет аңдалмайды.

Өзін қуғынға ұшыратқан Есім ханға Жиембет жыраудың мансұқтай тіл тигізбеуіне қарап, бұл тұстан қазақ жырауының жаратылысына тән тағы бір абзал қасиетті тануға болады. Ол – Жиембет жыраудың Есім хан кесімінің әділеттілігін іштей мойындауы. Ал мұндай қасиет тек қана мәрт мінезді батыр жандардан табылатыны белгілі.

Сонымен бірге назар аударуға болатын бір жәйт – қазақтың жазба поэзиясында біршама қалыптасып үлгерген элегия­лық өлең-жырлардың түпкі негізін европалық үлгілерден іздей бермей, жыраулар поэзиясынан қарастыруға болатыны. Бұл орайда Жиембет жыраудың қуғында жүріп жазған толғауларына элегиялық сарындардың етене екенін айту абзал.

Жиембет шығармашылығына қатысты сөз түйінінде жыраудың алғаш жарияланған шығармалары жайында бірер дерек ұсыну артық болмас. Жиембет Бортоғашұлының баспа бетін көрген алғашқы туындысы – М.Бекмұхамедов құрастыруымен 1908 жылы Қазан қаласында жарық көрген «Жақсы үгіт» жинағындағы «Еңсегей бойлы Ер Есім» толғауы. Одан кейінде 1926 жылы алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлының құрастыруыменТашкент қаласында басылып шыққан «Аламан» жинағында Жиембет шығармаларынан мәтіндер беріледі және осы жинақта халық ақыны Ығылман Шөрековтің айтуы бойынша «Жиембет батырдың ашуы» деген атаумен ұсынылатын толғаумен қоса, жырау туралы деректер де айтылып, онда жыраудың әкесі Бортоғаш екені, ал Жиембеттің өзі Есім хан тұсында өмір сүріп, қалмаққа қарсы жорықтарда батырлығымен,қолбасылық қабілетімен көзге түскендігі баяндалады. Ал жыраудың саралана нақтыланған жыр-толғаулары 1967 жылы Алматыда басылған «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясында» жарық көреді. Содан бергі аралықта Жиембет Бортоғашұлының шығармашылығы жыраулар поэзиясықарастырылған зерттеулердің бәрінде дерлік қарасты­рылып келеді.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға