VI. Алаштың Астанасы және ұлттық идея
Үшіншіден, тәуелсіздік тұсында миллионға жуық отандастарымыздың елге оралуы мен орыс, неміс отбасыларының Ресей мен Германияға үдере қоныс аударуынан Қазақстан халқының басым бөлігін – үштен екісін қазақтар құрап отыр, яғни демографиялық фактор да ұлттық идеяның қазақ мұратымен айқындалуын қамтамасыз етуде. Мемлекеттің нысаналы-мақсатты саясаты мен басшылығынсыз демографиялық азшылықтағы халық тарихи Отанында отырса да көпшілік ықпалына түсетінін, ұлттық идеясы жасампаздық мазмұннан гөрі жойылып кетпеу мұратын көздейтінін тың игеруден кейінгі «коммунистік құрылыс» пен «кемелденген социализм» Қазақстанда қапысыз дәлелдеді. Қазақ менталитеті мен тарихына ежелден етене гуманизм басқалардың қасіретті тағдырды қайталауына ендігі жерде жол бермейді. Бізге керегі өзге этникалық-рухани құндылықтардың жұтылып кеткені емес, Қазақ елі мен азаттықтың бірегей тірегіне айналғаны. Жаһандану заманында мұның ғибраттық әлеуеті өте зор.
Астананы ұлттық идея ұйытқысына айналдырған жағдаяттар мен тетіктер сан қырлы, солардың санатында қоғамдық пікірдегі түбегейлі өзгеріс тұр. Ең бастысы – соңғы 10 жылдан бері Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаты мен өмірін анықтайтын өркенді шешімдер Астанада қабылдануда. Сол шешімдердің жүзеге асуы да Астанадан қадағалануда, уақыт талабына сай толықтырылуда, жаңаларымен жалғасуда. Сарыарқаның қақ төрінде сан тарапты билігіне көркі сай әсем шаһар бой көтерді. Нәтижесінде жаңа Елорданың болашағына, қысқа мерзімде осыншама ілгерілеу мүмкіндігіне күдіктенген қоғамдық пікір толық жеңіліс тапты. Бүгін еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Астанаға мақтанышпен қарайды, оны елдігіміздің, мемлекеттігіміздің айбарындай қабылдайды. Тоталитарлық-идеологиялық өктемдік тұсында жатқа телмірген жадағай қаланың қазақтары «Менің елім, менің жерім, менің тілім» деуден қалса, тіпті Алматыны Қазақстанның астанасы ретінде ұлықтау оңайға соқпаса, тап қазір Еуразияның сайын даласында мемлекеттік және ұлттық сәйкестіктің ұштасқанына бәріміз куәміз. Мұнсыз, ұлттық мақтанышсыз ұлттық идея түзілмейтінін ұғынған жан Елордамыз ұлттық идеяның саяси-ұйымдастырушылық және имандық-отансүйгіштік ұйытқысы болғанын да бекерлей алмайды.
Келесі уәж. Екінші Конституция қабылданған соң «алдымен экономика, одан кейін саясат» ұстанымы аясында жүзеге асқан реформалар Елордамыздың Астанаға көшуімен өз нәтижесін берді. Астана – нақты істер алаңы. «Нарық», «реформа», «модернизация», «жаһандану» деген сөздерді ойлы кейіппен күніне мың рет айтқанмен мұнда жаңа ғимараттар, сарайлар, үйлер, жолдар өздігінен салына қалмайды. Қолмен де, баспен де жұмыс істеуге тура келді. Астана барша қазақстандықтарды еңбекке жұмылдырды, тәртіпке салды, кімнің кім екенін көрсетті. Ішкі жиынтық өнімнің 9-10 пайызға артып отыруы Астанадан басталды, ол өз кезегінде ұлттық идеяның экономикалық іргетасын қалады.
«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.