Жаңалықтар

Венгриялық инвесторлар Түркістан облысында жем зауытын салуға ниетті

Венгриялық инвесторлар Түркістан облысында жем зауытын салуға ниетті
Фото: Түркістан облысының әкімдігі 24.08.2024 04:31 768

Венгриялық «UBM GROUP» компаниясы Түркістан облысында құрама жем зауытын салу бойынша өткен айда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесіп, арнайы келіссөз жүргізген еді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Нәтижесінде Мажарстанның Алматы қаласындағы Бас консулдығы коммерциялық атташе Ковач Иштван Тибор және «UBM GROUP» компаниясының бас директорының кеңесшісі Доктор Золтан Питер Винм аудандарды аралап, зауыт салуға қолайлы өңірлерді қарастырды.

Түркістан облысы аумағында қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға жуық, құны 10 млн. еуро болатын заманауи үлгідегі құрама жем зауытын салу жоспарлануда. Бұл – ауыл шаруашылығының дамуына серпін береді. Жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде.

Инвесторларға «Turkistan Invest» ЖШС басқарма басшысының орынбасары Руслан Лесбеков Қазығұрт және Ордабасы аудандарындағы индустриалды аймақтарды және ет өндірісімен айналысатын «Qaiyp Ata» ЖШС-ын таныстырып, ол өңірдегі инвестициялық мүмкіндіктерді атап өтті.

Айта кетейік, 1996 жылы құрылған «UBM Group» компаниялар желісі – Венгриядағы жетекші жем өндіруші. Жылына 450 мың тонна өнім шығарады. 4 құрама жем зауыты бар, Венгриядағы өсімдік шаруашылығы өнімдерінің ең ірі трейдерлерінің бірі. Астық, майлы дақылдар саудасының айналымы – жылына 1,5 млн тонна. Өнімдерін 15 елге экспорттайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға