Венада ядролық қауіпсіздік мәселесі талқыланып жатыр
Венада (Австрия) агенттікке мүше 175 мемлекеттің қатысуымен АЭХА Бас конференциясының 66-сессиясы басталды, деп хабарлайды EL.KZ энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Бір апта ішінде делегаттар бірқатар тақырыптарды, соның ішінде ядролық және физикалық қауіпсіздік, АЭХА кепілдіктерінің тиімділігі мен пәрменділігін арттыру мәселелерін, сондай-ақ басқа да мәселелерді талқылайды.
2022 жылғы 27 қыркүйекте пленарлық сессияда Қазақстан делегациясының басшысы ҚР энергетика вице-министрі – Жандос Нұрмағанбетов баяндама жасайды.
Делегация құрамына ҚР Энергетика министрлігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС өкілдері кірді.
Конференция барысында қазақстандық делегация АҚШ, Франция, Үндістан, Еуропалық Комиссия өкілдерімен, сондай-ақ АЭХА Бас директоры Рафаэль Мариано Гроссимен және АЭХА құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізеді.
Бас конференция атом саласындағы стратегиялық мәселелерді талқылау алаңы.