Жаңалықтар

Вампирлер туралы ақиқат немесе қазақтың тектілігі туралы

Вампирлер туралы ақиқат немесе қазақтың тектілігі туралы
Фото: alashainasy.kz 06.11.2022 16:45 6565

Өткір тісімен адам денесін жарақаттап, қанын ішіп тұрған вампир туралы фильмді талай рет көрген шығарсыздар. Фильмді көріп болғаннан кейін, ойдан шығарылған қиял-ғажайып кино, деп баға береміз де қоямыз. Бірақ өмірде вампирлер бар дегенге сенесіз бе? Қазақтың арасында да бар десек ше?

Еуропада христан діні дәуірлеп тұрған уақытта монархтар династиясын сақтауды сылтау етіп, жарын жақын туысынан таңдайды. Мұның соңы бірнеше ғасырдан кейін порфириямен ауыратын ұрпақ дүниеге келеді. Әрине бәрі бірдей бұл ауруға ұшырамаса да, екі жүз мың адамның біреуі порфирияға шалдығады. Қазіргі тілмен айтқанда тістері үшкір, көзінің ағы қызыл түске боялған вампирлер.

Порфирия ауруымен ауырған адамның терісі сезімтал болғандықтан, күн сәулесін жақтырмайды. Сондықтан түнде жүргенді ұнатады. Бұл дертке ұшырағандардың қанында гемоглобин мөлшері аз болады. Медецина тілімен айтсақ, қаназдық себебінен олар ыстық қан ішуді үнемі құмартып, жемдігін іздейді екен.

Біз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана шетелдік кинолардан вампирлер жайлы көріп, «вампир» сөзін қолдана бастадық. Ал Еуропада вампирлер жайлы повест 1819 жылы жарыққа шығыпты. Оның авторы – Дж.Полидори.

1840 жылы Т.Преста «Вампир Уорни или кровавый пир» романын жазады. 1931 жылы К.Дреер «Вампир» атты ужас фильмін көрерменге ұсынады.  

Дерек көздеріне сүйенсек, ХVІІІ ғасырда Кәрі құрлық тұрғындарын вампирлер мазалай бастайды. Тіпті еуропалық елдер вампирді жойғандарға сыйақы тағайындап, мемлекеттік қызметкерлерді бұл жұмысқа тартады. 1721 жылы вампирлерге байланысты шағым ең бірінші Батыс Пруссияда тіркелді. Араға төрт жыл салып Гобсбурск монахтары вампирлер жайлы мәлімет айтады.

2002 жылы 31 қаңтарда Бохум соды (Германия) ерлі-зайыпты вампирлер – 26 жастағы Руда мен 23 жасар Даниэлді 15 және 13 жылға бас бостандығынан айырады. Оларды абақтыға қамауға 33 жастағы Франк Хаагенді өлтіргені негіз болады. Вампирлер Франкті балтамен ұрып құлатқаннан кейін, денесіне 66 түрлі жарақат салады. Одан кейін денесіне адам түсініксіз графика салып, жемтіктің қанын ішеді. Айыпталушылар бұл қадамға шайтанның бұйрығымен барғандығын айтады.

Кәрі құрлықта вампирмен байланысты түрлі оқиғалар орын алған-ды. Мұның бәрін тізбектеп шығу үлкен монографияға арқау болары сөзсіз.

Қазақта вампир бар ма?

Әрине, жоқ! Себебі, вампирлер туралы қалам тарта отырып қазақтың даналығына, білгірлігіне көзіміз тағы да жете түсті. Неге десеңіз, алаш қан тазалығына аса мән беріп, жеті ата толмай қыз алыспады. Осылайша ұлттың түрлі кеселдер мен аурулардан аман болуына жағдай жасады. 

Жалпы, «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген көнеден қалаған сөздің астарында үлкен пәлсапа жатыр. Атасының ғана емес әулетінің шежіресіне қанығып өскен баланың ата тегін қадір тұтатыны белгілі. Бүгінде жаһанның медицина қызметкерлері мен генетик ғалымдары жеті атадан қыз алыспаудың ұрпақ денсаулығы мен қан тазалығының кепілі екенін жамыра жар салуда.

Жәнібек ханның кеңесшісі Жиренше шешен науқастанып, төсек тартып қалады. Емші мен тәуіптерден қайыр болмай, соңында Өтебойдақ есімді емші Жиреншені аяғынан тұрғызыпты. Жиреншенің «қандай ауруды емдеу қиын», деген сұрағына «тұқым қуалайтын ауруды емдеу қиынның қиыны», – деген екен. «Ал, оның алдын алуға бола ма», – деген сауалына емші: «жеті атаға дейін қыз алыспау қажет» деп жауап қатса керек-ті. Емшінің айтқанын ескерген Жәнібек хан «Кімді кім жеті атаға толмай үйленсе, өлім жазасына кесіледі» деген үкім шығарыпты...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға