Жаңалықтар

Вакцина салдырған жандар не дейді?

Covid-19 инфекциясына қарсы вакцина туралы ел пікірі
Вакцина салдырған жандар не дейді?
Фото: © El.kz 12.04.2021 12:10 9221

Коронавирус індетіне қарсы ерікті түрде вакцина салдыру елімізде осы жылдың 1 ақпанынан басталды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда 338 000 астам азамат екпе алып үлгерген. Вакцинациялау науқанында Алматы қаласының сексен мыңға жуық тұрғыны салдырып, белсенділік танытқан. Ал елордасы Нұр-Сұлтан қаласында отыз мыңға жуық тұрғын вакцина алған.

7af03412-b0fb-41f5-a319-de30546d470e.jpg

Қазір қоғамда вакцинация туралы пікірлер әр алуан. Кейбірі міндетті түрде вакцина салдыру керек дейді, ал бірі мүлде қарсы. Осыған орай біз ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Жарылқасынұлы Исаның пікірін білген едік.

- Адам денсаулығы – бәріміздің және мемлекетіміздің ең басты, ең бірінші байлығы саналады. Өткен жылдан бері дүниежүзіне жайылған коронавирус инфекциясы біздің елімізді де айналып өтпегені белгілі. Бұл орайда мемлекеттік басқару органдарының ұйымдастыру жұмыстарындағы кемшіліктер де кері әсерін тигізбей қоймағаны анық. Ортамызды ойсыратып тұрып, жақындарымызды алып кеткен індет ылаңынан кейін бүгінгі таңда тұрғындарға екпе салдыру жұмысы да ең өзекті проблема атанды. Бұған екпенің қауіпті емес екеніне халық сенімі аз екендігі, еліміздің түкпір-түкпірінде ақпараттық насихаттың дұрыс жүргізілмеуі, әлеуметтік желілерде негізсіз ақпараттардың таралуы, тағы да өзге жайттар себепші болып жатыр. Адам өз денсаулығын сақтау үшін, өміріне өте қауіпті коронавирусқа шалдықпау үшін вакцинаның қауіпсіздігіне және пайдалы екеніне 100 пайыз көзі жеткенде ғана қабылдайды. Оған дейін халықты өз еркінен тыс вакцина салдыруға ешкім міндеттей алмайды. Өйткені Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі» Кодексінің жетпіс жетінші бабы он сегізінші тармағы бойынша кез келген медициналық процедура, соның ішінде екпе салдыру да адамның өз еркімен, саналы түрде келісім бергенде ғана салынады. Қазақстанда вакцина қабылдаудан бас тартқанға ешқандай әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жоқ. Кез келген қысым жасаушылық заңсыздық болып саналады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысының бірінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев нақты айтып, «Кейбір арандатушылық ақпараттарда айтылғандай, вакциналау дегеніміз – ешкімге күштеп вакцина салу емес» деді. Сонымен қатар мемлекет басшысы осы вакцина қабылдаудағы ең бастысы – ел денсаулығының қауіпсіздігіне баса назар аударды. Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық вакцинаны тестілеудің оңтайлы нәтижесіне сенім артатынын, «Осы жағдайда вакцина қорытындысы жақсы нәтижелер көрсетсе, мен дәл осы қазақстандық вакцинаны салдырамын», - деп, ең алдымен вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі болуға тиістігін атап көрсетті. Сондай-ақ өткен аптада Президентіміз отандық өнімге қолдау білдіріп, Қарағандыда шығарылған вакцинаны салдырды. Ал өз басым вакцинацияның әлемдік тәжірибесін ұстанып, тиімді вакцинаны таңдап, ерікті вакцинация жасау қажет деп санаймын. Ол үшін халыққа ұсынылып отырған вакцина қорытындысын дайындау бағытында жұмыстар жүргізілуі және Денсаулық сақтау министрлігі вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екеніне кепілдік беруі керек. Сонда ғана елдің сенімі оянуы мүмкін, - дейді Қазыбек Жарылқасынұлы.

photo_350782.jpeg

Сонымен қатар вакцинаны өз еркімен алғашқылардың бірі болып салдырып, коронавирус инфекциясымен күресудің және денсаулығын сақтаудың жалғыз жолы – екпе алу деп санайтын жандар да жетерлік. Біз өз кезегінде олардан вакцинаны салдыруға қалай шешім қабылдағаны, қазіргі жағдайы және вакцинадан кейін организмде қандай өзгерістер болатыны туралы сұрап көрдік.

a420c99d-c17d-46eb-9bf4-6e7c696abdf5.jpg

Бейсен Гүлнара Айтжанқызы, Шымкент қаласының тұрғыны, акушер-гинеколог:

- Мен әуел бастан-ақ вакцина салдыруға қарсы болған жоқпын. Мамандығым – дәрігер, акушер-гинекологпын. Осы себепті халықпен, әсіресе, аналармен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Вакцинаны, біріншіден, өз денсаулығымды ойлағандықтан, екіншіден, алдыма келетін пациенттерді қорғау үшін салдырдым. Вакцинадан кейін үш күн ішінде суға тигізуге, шомылатын орындарға, моншаға баруға болмайды. Сонымен қатар алкогольді ішімдіктер ішуге тыйым салынады. Вакцина алған адам өзін-өзі күтіп, ауыр күшті қажет ететін жұмыстарды істемеуі керек. Бұл шарттар орындалмаған жағдайда екпе кері әсерін беруі мүмкін. Менде екпеден соң ешқандай симптомдар байқалмады. Мамандар үш тәулік ішінде дене қызуы көтеріледі, инъекцияның орны қызарады, ісінеді деген еді. Оның бірі де болмады. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Енді жиырма бір күнге толған соң, екінші компонентпен екпе салдырамын. Өз денсаулығы мен болашағы үшін алаңдайтын әр жанға вакцина салдыруға кеңес беремін, - деп жауап берді Гүлнара Айтжанқызы.

bdd680f2-b9ef-4317-a5a5-121f7400ef50.jpg

Төлепберген Қамарсұлу Қайратқызы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Тарих және Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының оқытушысы, магистр:

- Вакцина салдыру немесе салдырмау туралы көп ойландым деп айта алмаймын. Кафедрамыздың меңгерушісі хабарласып, «Ерікті түрде вакцина салдыру жүріп жатыр, сені де жазайын ба?» деп сұрады. Оқытушы болғандықтан көпшіліктің арасында жүреміз, оның үстіне жазғы уақытта университетіміздің қабылдау комиссиясында жұмыс атқаратындықтан, өзімнің денсаулығымды ойлап, бірден вакцина салдыруға келісім бердім. Екпенің алдында терапевт дәрігер дене температурасын және қан қысымымызды өлшеп, бірнеше сауалнама жүргізді. Содан соң салдырғалы тұрған «Спутник-V» вакцинасы туралы айтты. Сонымен қатар екпеден кейін қан қысымы және дене қызуы көтерілуі мүмкін екенін ескертті. Вакцина алғаннан кейін жарты сағат дәрігерлердің қарауында болдық. Ал жиырма бір күннен кейін екінші рет емханаға барып «Спутник-V» вакцинасының екінші дәрежесін алдым. Ол кезде де алғашқы кездегідей процестер болды. Вакцина салдырғаннан соң аздап басым ауырды, бірақ қазіргі уақытта жағдайым өте жақсы. Ешқандай ауырсынулар байқалмайды. Дәрігерлер вакцина алғанмен де көпшілік орынға бармауға тырысып, бетперде тағып, барлық қорғану шараларын жалғастыру керек екенін ескертті, - дейді Қамарсұлу Қайратқызы.

Бүгінде коронавирусқа қарсы екпе салдыру жалғасып жатыр. Сонымен қатар елімізде жыл соңына дейін алты миллион адамға екпе егу жоспарланған. Вакцина салдыру ерікті түрде және тегін жүзеге асырылады. Ал 18 жасқа толмаған және 65 жастан асқан адамдар салдыра алмайды, сондай-ақ жүкті әйелдерге салдыруға болмайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға