Жаңалықтар

Вакиль Набиев: күрдтер мен қазақ ұлты ажырамас бауырластар

03.10.2018 03:27 2729

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында «Ассамблея құрылған күннен бастап еліміздегі мызғымас бірліктің ұйытқысы, сарқылмас берекенің бастауы болып келеді. Бүгінде ол — еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың ең басты кепілі» деген болатын.

Қазақстанда ұлтаралық татулықтың жарасымдылығын сақтап, өзара қарым-қатынастың үзілмеуіне күш жұмылдырып отырған этнос қауымдастықтары бар. Әрқайсысы Ассамблея туының астына бірігіп, ізгіліктің нышанын сақтап отыр.

Сондай қауымдастықтың бірі — «Барбанг» Қазақстан күрдтерінің Қауымдастығы. Әуел баста бауырластарының басын қосуға құрылған шағын бірлестік Ассамблея құрылған соң ірі Қауымдастық болып қайта құрылған. Шындығына сүйенер болсақ, күрд Қауымдастығына жиырма бес жыл толып отыр. Қауымдастықтың осы аралықтағы тарихы мен қайнаған өмір ортасымен Қауымдастықтың вице-президенті Вакиль Гусейнұлы Набиев таныстырып, әңгіме қозғайды.

 

— Вакиль Гусейнұлы, Қауымдастық жайында айта отырсаңыз. Қай жылы құрылған? Еліміздің аймақтарында филиалдары бар ма?

— Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қалалық және облыстық сипаттағы түрлі күрд қоғамдық бірлестіктері жұмыс істей бастады. Олардың мақсаты елдегі күрд ұлттарын біріктіріп, мәдениетімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді сақтап, оны жаңғырту еді. Кейін күрд зиялылары неғұрлым ірі қоғамдық бірлестік құру туралы шешім қабылдады да, 1993 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасында «Якбун» күрд Қауымдастығы мен өңірлік қоғамдық бірлестігі жұмыс істей бастады.

1999 жылы Қауымдастық «Барбанг» деп атауын өзгертті. 2013 жылдың 15 қаңтарынан бастап Қауымдастық Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» Қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігі мәртебесімен қайта тіркелді. Қазіргі уақытта Қауымдастықтың оннан астам филиалы жұмыс істейді. Барынша қамтып отырмыз деген ойдамын, бұл ең алдымен күрд этносы еліміздің барлық түкпірінде өмір сүруіне байланысты.

— Қазақстанда тұрып жатқан күрд ұлтының саны қанша? Қай өңірде көптеп орналасқан?

— Біздің мәліметтеріміз бойынша Қазақстанда бүгінгі күні жүз мыңға жуық күрд өмір сүруде, олардың негізгі бөлігі елдің оңтүстігінде: Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарында шоғырланған. Әдетте еліміздің басқа өңірлерінде тұратын көптеген күрдтер осы облыстарда туып-өскен. Кейінде көшіп кеткен болып шығады.

— Қауымдастықтың басты мақсаттары мен міндеттері қандай?

— «Барбанг» күрдтер Қауымдастығының мақсаты — мәдениетті жан-жақты дамыту үшін қажетті жағдайлар жасауға жәрдемдесу, фестивальдер, концерттер, ғылыми-практикалық және әдістемелік семинарлар түрінде күрдтердің ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауға, сондай-ақ Қазақстанда тұратын күрд ұлты тұлғаларының әлеуметтік, рухани қажеттіліктері мен заңды мүдделерін неғұрлым толық қанағаттандыру үшін іс-шаралар өткізу болып табылады. Өз кезегінде біздің мемлекетіміздің сыртқы және ішкі саясатын толық және жан-жақты қолдау.

— Әр Қауымдастықтың мақсатын жүзеге асыру үшін түрлі іс-шара өткізіп отыруы зандылық. Сіздерде қандай іс-шаралар өткізіліп жатыр?

— Соңғы бірнеше жылда Қауымдастық жүз жиырмадан астам жоспарлы іс-шаралар, сондай-ақ Республикалық көлемде жоспардан тыс екі жүзге жуық іс-шара өткізді. Егер толық жұмыс туралы айтатын болсақ, өңірлерде қоғамдық келісімді нығайтуға, күрд тарихы мен мәдениетін дамытуға, мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясатын қолдауға бағытталған мыңнан астам мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. 

Өз кезегінде Қауымдастық өкілдері Қазақстан халқы Ассамблеясы, министрліктер, Президент мұрағаты, Қазақстанның барлық қалаларының әкімдіктері, түрлі мемлекеттік мекемелер, университеттер мен қоғамдық ұйымдар ұйымдастырған он мыңнан астам іс-шараға қатысты.

Жыл сайынғы жұмыс жоспарына сәйкес Қазақстандағы атаулы мерекелерді атап өтуден тыс қалмаймыз: Алғыс айту күні, Халықаралық әйелдер мерекесі, Наурыз мейрамы, Қазақстан халқының бірлігі күні, 9 мамыр — Жеңіс күні, сондай-ақ Астана мен Конституция күні, Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған іс-шаралар тұрақты өткізіледі.

Жастардың спорттық және интеллектуалдық дамуына ерекше көңіл бөлінеді.

Жыл сайын Қауымдастықтың қолдауымен ондаған күрд балалары жоғары оқу орындарына түседі, сондай-ақ магистрлер мен докторанттардың ғылыми дәрежелерін алуға қолдау көрсетіледі. Күрдтер жинақы тұратын елді мекендерде қазақ тілін оқыту курстары ұйымдастырылып отыр, оған қоса күрд тілі де оқытылады.

Жыл сайын футболдан ірі спорттық іс-шаралар өткізіледі.

Осы кезеңге дейін Қазақстан күрдтерінде екі айтулы іс-шара өткізілді. Ол — Қазақстанда күрдтердің тұрып жатқанына байланысты 70 жыл және 80 жыл толу датасы. Аталған іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде кеңінен аталып, көптеген адамдар мерекеге қатысты. Біз де адамның көп болуын күткен едік.

Бұл жұмыстың барлығы Қазақстан «Барбанг» күрдтер Қауымдастығының президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, академик Князь Ибрагимұлы Мирзоевтың басшылығымен жүргізіліп отыр.

— Қауымдастықтың жанынан құрылған ән-би ансамбльдері туралы, жалпы ұлт мәдениетін жаңғыртудағы еңбектеріңіз жайында айтып өтсеңіз. Тіл сақтаудағы іс-шараларыңыз бар ма? Күрд тілінде шығатын баспа атаулары қандай? Жалпы Қауымдастық туралы білгісі келген адамға интернетте арнайы сайт ашылған ба?

—Қауымдастық құрамында түрлі шығармашылық ұжымдар бар: «Барбанг» би тобы, «Күрдістан», «Мидия» вокалды-аспаптық ансамблі, «Бахар» фольклорлық би тобы және ақындар үйірмелері.

Алғаш рет күрд тілінің «Zimanê kurdî» оқулығы мен Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігімен мақұлданған күрд тілінің мұғалімдеріне арналған оқу-әдістемелік кешені (2006 ж.) жалпы білім беру және жексенбілік мектептерге арналған, авторы академик К. И. Мирзоевтың оқулығы жарық көрді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен әдеби-көркем, ғылыми және қоғамдық-ағартушылық «Nûbar» журналы және «Жийна курд» ай сайынғы газеті шығарылады. Сонымен қатар Қауымдастықтың ресми сайты бар: www.berbang-nur.kz.

Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» Қауымдастығы жанынан қазақ тілін оқытудың жүйелі курстары ұйымдастырылып, «Хеви» (үміт) қазақ-күрд достығы қоғамы құрылды. Күрд ұлтының ғалымдары, жазушылар, қоғам қайраткерлері, мұғалімдері, кәсіпкерлері Қазақстанның барлық этностары арасындағы достық идеяларын үнемі насихаттайды.  Қазақ жазушыларының еңбектерін күрд тіліне аударуды жүйелі түрде жүзеге асырады, ал күрд жазушыларының шығармалары қазақ тілінде шығарылады. Басқа ұлт өкілдері қатысатын ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, ұлттық мерекелер тұрақты түрде өткізіледі.

— Орталықта ұлттық мерекелеріңіз аталып тұра ма?

— Біз Қазақстан халқының ажырамас бөлігі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының біртұтас отбасында біздің ұлттық болып саналмайтын барлық мерекелерді атап өтеміз. Өз кезегінде мұндай тәсіл мәдениетті жақындастыруға, қарым-қатынасты оңтайлы жолға қоюға көмектеседі, өйткені тек қана бір ұлттың мәдениетін зерттеу арқылы оның барлық сұлулығын түсінуге болады. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында «Қазақтану» идеясы белсенді түрде алға жылжуда, ол қазақ халқының барлық сұлулығын көбірек білуге мүмкіндік береді және көпшілікті қоғамға біріктіруге көмектеседі.

— Орталықтың жанында жексенбілік мектеп жұмыс істей ма? Қазақстан бойынша қанша мектеп бар?

— Алматыда бір жексенбілік мектеп жұмыс істейді, ол Достық үйінде орналасқан. Сабақтарын мемлекеттік тілде және күрд тілін үйренгісі келетін оқушылар қатысатын бірнеше тобы бар. Негізінде күрдтер жинақы тұратын елді мекендердегі жалпы білім беру мекемелерінде күрд тілін үйрету қызметі қарастырылған.

— Сіздер басқа этномәдени бірлестіктермен ынтымақтасасыздар ма?

— Әрине, онсыз іс жүзінде мүмкін емес, өйткені Ассамблея бізді біріктіреді, біз топтасуымыз үшін барлығын жасаймыз. Бейбіт елде өмір сүру үшін барлық этностарды бірыңғай қазақстандық ұлтаралық татулықтың моделіне біріктіру бойынша барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.

— Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі туралы не ойлайсыз?

— Бұл жайында көп айтуға болады, бірақ қазақстандық модельдің ерекшелігі — ол бірегей және әлемде теңдесі жоқ. Менің ойымша, көпшілігі осыған ерекше мән береді. Бірақ біздің идеямыздың отыз жыл бойы алға жылжыған үлесіне назар аудару керек. Көрші мемлекеттер Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесін мойындайды және назарға алады.

Қазақстанда өз отанын тапқан Қазақстандық күрдтердің тарихы — бұл нақты растау. Мұнда конституциямен барлық азаматтарға кепілдік берілген, барлық құқықтар мен бостандықтарымыз бар.

Бізде саяси сала, бизнес немесе ғылым болсын, қоғамдық қызметтің барлық салаларында шығармашылық әлеуетін іске асыруға мүмкіндік бар.

—Қазақстан халқы Ассамблеясы десе, нені айтар едіңіз? 

— Қазақстан халқы Ассамблеясы — Қазақстандағы тарихтың бағытын өзгертіп, 130-дан астам этникалық топты бір көп этностық қоғамда өмір сүруге мүмкіндік беретін бірегей институт. Жиырма жыл бойы республика басшылығы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей қолдауымен республиканың барлық ұлт өкілдерінің мәдениетін, әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теңдіктің алуан түрлерін қамтитын республиканы құруға қол жеткізді.

— Қауымдастық жанынан жастар қанаты құрылған ба? Құрамында қанша мүше бар? Олар немен айналысады? 

— Иә, әрине! Жастар қанаты Қауымдастықтың өзі құрылғаннан бастап жұмыс істейді. Күрд жастарының мүдделері жастардың шығармашылық және интеллектуалды әлеуетін іске асыру, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтық-патриоттық тәрбие беру мәселелері, қайырымдылық және тағы басқа мәселелерді қамтиды.

Жастар ісі жөніндегі комитетте бүкіл республика бойынша жүзден аса адам мүшелікте. Бұл жастар тиісті іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысады. Мысалы, сапалы білім алу, тарихты, мәдениетті, мемлекеттік және ана тілін танымал ету, салауатты өмір салтын сақтау, теріс құбылыстармен күресу үшін жастарды тарту іс-шараларын ұйымдастарады.

— Өзіңіз туралы айтып берсеңіз?

1982 жылы 1 тамызда Қырғызстандағы Ош облысы, Михайловка ауылында дүниеге келгенмін.

1990 жылы біз отбасымызбен Қазақстанға, Алматы облысына көшіп келдік. Осы жылы Алматы облысы Іле ауданындағы № 19 орта мектепке бардым.

Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «Халықаралық құқық» мамандығы бойынша оқуға түсіп,  2004 жылы бітіріп шықтым.

Содан кейін, 2010 жылы «Тұран» университетінің «Экономика» факультетіне түсіп, оны үздік аяқтадым. 2014 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты атандым. Магистрлік диссертацияның тақырыбы: «Қазақстанның күрд этносының мәдениеті».

Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында халықаралық тағылымдамадан өтіп келдім. 2017 жылдан бастап ҚазҰПУ-нің «Саясаттану» мамандығы бойынша докторанты атандым.

Оқу  оқып және жұмыс істеп жүріп, отбасын құрып үлгердім. Жұбайым екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз.

Қоғамдық өмір студенттік жылдары басталды, Қазақстанның «Барбанг» күрдінің Қауымдастығының жастар қанатында 2017 жылға дейін төраға лауазымын атқардым. Бүгінгі таңда Алматы қалалық Қауымдастығы филиалының төрағасы және Қауымдастықтың вице-президенті болып табыламын.

2014 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан «Жарасым» республикалық жастар ұйымын құрудың бастамашысы болдым. ҚХА жанындағы «Жарсым» РЖҚ төрағасының орынбасары қызметін атқардым.  

Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының және Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесімін.

Қоғамдық жұмыстағы еңбегім үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы» медалі, ҚХА Алғыс хаты, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл медалі, ҚХА «Бірлік» алтын медалімен марапатталдым. Кәсіпкерлік саласында аздаған тәжірибем бар, мәселен 2005 жылдан 2011 жылға дейін «ABS Строй» ЖШС-де директордың орынбасары, 2011 жылдан 2012 жылға дейін Алматы қаласы бойынша Қазынашылық департаментінің заң қызметі бөлімінің бас маманы болып еңбек еттім.

Халықаралық және республикалық конференцияларға, дөңгелек үстелдер мен форумдарға жиі қатысып отырамын.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясыпорталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

 

  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға