V.ХVIІІ ғасырдағы тарихи-әлеуметтік жағдай
Ел күші тоғысқан кезде жеңілмес жау болмасына жұрттың көзі жете бастаған кезде Орда билігінде отырған Болат хан дүниеден озды. Үш жүздің басын біріктіріп, қуатты елге айналдыруға қабілет-қауқары жете қоймағанымен, Болат ханды қазақ жүздерінің хандары да, сұлтандар мен батырлар да, билер мен қалың бұқара да Орда билеушісі ретінде танитын еді.
Ресми билік иесі көз жұмған соң, қазақ тағынан үміткерлер арасындағы ішкі тайталас тағы да алға шықты. Қатерлі жауды бас көтертпей жеңуге ұмтылудың орнына таққа таласу жайы маңыз алып кетті. Тақтан үміткерлер қатарында болған Орта жүз ханы Сәмекенің басты артықшылығы Болат ханның інісі болуы ғана емес, ақыл-парасатқа ден қоятын мақсаткерлігі еді. Ал келесі үміткер Кіші жүз ханы Әбілқайыр болатын. Ол қалың елге «Бұланты» бойындағы алғашқы жеңістегі қаһарман қолбасшы ретінде және «Аңырақай» шайқасының ұйытқысы ретінде танымал еді.
Алайда Қазақ Ордасының тізгіні бұл екеуінің ешқайсына да бұйырмады. Бірнеше жылға созылған хан сайлауына қатысқан Төле, Қазыбек, Әйтеке билер қолдамаса да, 1739 жылы сұлтандардың қолдауымен Қазақ хандығының тағына Болат ханның үшінші ұлы Әбілмәмбет отырды.
Осы сайлаудан соң, Әбілқайыр хан өз әскерін майдан даласынан алып, Кіші жүз жеріне қарай ат басын бұрды. Сәмеке хан да өз әскерін бастап, Шу бойымен Бетпақдалаға бет түзеді. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс та жоңғарларға қарсы жиылған қол арасынан өз әскерін бөліп алып, Ташкентке жол тартты. Жеңіске қол жеткізуден үміттері үзілген Жолбарыс хан мен Төле би осы тұста жоңғарлармен мәміле жасауға мәжбүр болды. Дәл осы жылдары қазақтың батыстағы көршілері – Еділ бойындағы қалмақтар мен башқұрттар да Кіші жүз жеріне шабуылдауын үдете түскен еді. Қазақ жерінен үлес алып қалудан дәмелі Бұқара мен Хиуа хандықтары да қарап жатпады. Осы жылдары елдің ішкі жағдайы да берекелі болмады. Ендігі жерде жүздер құрамындағы рудардың басшылары да жеке-жеке билік құруға ұмтылды. Мәселен, Кіші жүзде Батыр сұлтан мен Нұралы сұлтан өз алдына билік етсе, Орта жүзде Күшік пен Барақ сұлтандар да дербес билік жүргізді. Алауыздық кесірінен Қазақ тағдыры тағы да қыл ұшында тұрды.
Өз билігіндегі жұртқа шекаралас қалмақтар мен башқұрттардан төнер шапқыншылықты тоқтатуды көздеген Кіші жүз ханы Әбілқайыр 1731 жылы Ресей өкіметімен әскери және саяси қамқорлық жөнінде келіссөз жасасты.
Бұланты және Аңырақай шайқастарында орасан шығынға ұшырағанына қарамастан, жоңғарлардың әскери әлуеті әлсірей қоймаған еді. Олар да қазақ жеріне шапқындауын жалғастыра берді. Арада өткен бес жыл ішінде жоңғарлар тарапынан аса қатерлі шабуыл жасалмаса да, тиіп-қашты шапқыншылықтар аз болған жоқ. Есе қайыруды көздеген жоңғар қолы 1734 жылы қазақ жеріне екінші үлкен жорығын бастады. Бес жыл бұрынғы қаһарлы қол ыдырап кеткендіктен, қазақтарға Бұланты мен Аңырақай жеңістерін қайталаудың орайы түспеді. Бұл шапқыншылық, әсіресе, өзімен-өзі оқшауланып қалған Ұлы жүз жеріндегі елге ауыр тиді. Сондай-ақ, қапысыз қамданған дұшпанға жалғыз төтеп бере алмайтынын сезген Орта жүз 1735 жылы Ресейден көмек сұрауға мәжбүр болды. Ал патшалық Ресей өзіне бодан болу талаптарын алға тартты. Алайда Ресей империясы сырт көзге мәмілегерлік қызмет жасағандай сыңай танытқанымен, тағдыры алдаспан жүзінде тұрған қазаққа қандай да бір нақты көмек бермеді.
Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»