Жаңалықтар

V.ХVIІ ғасырдағы тарихи жағдай сипаты

Қазақ хандығының басына қара бұлт үйірілуі ықтимал болып тұрған алмағайып кезеңде ел билігі Жәңгірдің баласы Тәукенің қолына тиді.
31.03.2014 05:50 3305

Қазақ хандығының басына қара бұлт үйірілуі ықтимал болып тұрған алмағайып кезеңде ел билігі Жәңгірдің баласы Тәукенің қолына тиді. Бұл 1680 жыл болатын.

Тақ билігіне келген сәттен бастап Тәуке хан ел ішіндегі тыныштықтысақтауға, араларына алауыздық ене бастаған рулар мен жүздерді біртұтас елге айналдыруға, ортақ мақсатқа жұмылдыруға қайрат жұмсады. Себебі ол әкесі Жәңгір ел билеген кездің өзінде көршілес елдермен саяси қарым-қатынас жасау істеріне араласып, Шығыс Түркістан жұртымен арадағы елшілік шаруаларын жолға қою әрекеттеріне тікелей қатысқандықтан, сыртқы елдермен бейбіт байланыс орнатудың мәнділігін де, сондай-ақ, атасы Есім негіздеген мемлекеттік Заңға қанық болып өскендіктен, ел бірлігінің маңызын да жетік түсінгені анық.

Әз Тәуке билік құрған қырық жылға тақау мерзім ішінде жоңғарлармен 1681-1684 жылдары және 1698 жылы болған екі соғыстан басқа уақытты Қазақ хандығының толассыз ұрыс-шайқастардан тыныс алған кезеңі деуге болар еді. Дегенмен, бұл тыныштықты алаңсыз тірлік кешуге жол ашқан мүмкіндік деуге келмейтін. Өйткені 1697 жылы жоңғар билігін Цеван Рабтан қолға алғаннан бастап, іргелес екі ел арасындағы жағдай ушыға түседі. Терістіктегі Ресей империясынан төнуі ықтимал қатер де аз емес еді. Осы жағдайлардың бәрін ескерген дана саясаткер Тәуке хан көршілес елдермен елшілік байланыстар орнатуға күш салады. Билігінің алғашқы жиырма жылы шенінде Ресейдің Сібір шекарасына бес рет елші аттандырып, өзі де олардың елшілерін қабылдауы Әз Тәукенің іргелес елдермен бейбіт қатынас орнатуға аса мүдделі болғанын аңғартады. Ең бастысы – бұл әрекеттерінің нәтижелі болуында жатыр. Тарихи деректерге көз салсақ, Тәуке билігі тұсында Қазақ хандығында сексен мыңнан астам сарбазды қамтитын әскери күш болған екен. Бұл, әрине, адам шығынына әкелетін шайқастар мен соғыстардың тыншуының нәтижесі екені анық.

Сыртқы саясатта бейбіт көрші болуға мүдделілік таныта, зор қайрат жұмсаған Тәуке хан ел ішінде де ортақ заңға жүгінген тұрақты өмір орнықтыруға күш салды. Осы мақсатына орай, ол Қазақ хандығын құрап отырған үш жүздің ықпалды билерінің ақыл-кеңесіне сүйене отырып, мемлекеттің өз ішіндегі өмірін реттестіруге бағытталған заңдық құзіретке ие жаңа құжат әзірледі. «Жеті жарғы» аталатын бұл Заңдар жинағын даярлау барысында Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты ақылман билердің өмірлік тәжірибелерімен қатар, осыған дейін ел өмірінің әр кезеңінде қолданыста болып өткен заңдық мазмұнға ие түрлі үлгілер назарға алынды. Яғни, «Жеті Жарғыны» жүйелеу барысында Шыңғыс ханның «Жасақ» жинағы, Өзбек ханның, Едіге бидің низам жүйелері, Қазақ хандығы дәуіріндегі Қасымның «Қасқа Жолы», Есімнің «Ескі Жолы» іспетті Заңдардың тәжірибесі ескерілді деуге келеді. Алдыңғы тәжірибелер мен өз кезеңінің ерекшеліктерін мұқият ескере отырып жасалған «Жеті Жарғы» хандық мемлекеттегі құрылымдық жүйені тиянақтады, сонымен бірге дербес ел ретінде қалыптасқан қазақ халқының құрамындағы этникалық, әлеуметтік топтардың ортақ тәртіп аясында бейбіт өмір сүруіне жағдай жасады.

Тұтастай алып қарағанда, Қазақ хандығы дамуындағы айтулы дәуірге айналған ХVІІ ғасыр ел тарихында айбар-даңқтарымен, дана шешімдерімен танылған Есім хан, Салқам Жәңгір,ӘзТәукетұлғаларыменжәне«ЕсімханныңЕскіЖолы», «Жеті Жарғы» сияқты тарихи құжаттардың қабылданып, елді ортақ мұратқа жұмылдыруымен ерекшеленеді.

Сұрақтар мен тапсырмалар: 

  1. ХVІ ғасырдың соңы мен ХVІІ ғасыр басындағы ел жағдайы қандай болды?
  2. Есім хан билікте болған кезеңнің ел тарихындағы маңызы қандай?
  3. Қазақтар мен бұқарлықтардың қарым-қатынасы қалай өрбіді?
  4. Жәңгір ханның ішкі-сыртқы саясатының маңыздылығы неде?
  5. Тәуке хан билік еткен кезең туралы әңгімеле.
  6. «Жеті жарғының» маңызын және бұрынғы низамдармен сабақтастығын түсіндір.

 Әдебиеттер: 

  1. Мағауин М. Қазақ тарихының әліппесі. – Алматы, 1995.
  2. Мусин Г. Қазақстан тарихы. – Алматы, 2003.
  3. Рысбайұлы К. Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 1999.
  4. Тынышбаев М. История казахского народа. – Алматы,1993.
  5. Тілепов Ж. Тарих және әдебиет. – Алматы, 2001.

Аманжол Әлтай, «Жыраулар мұрасы»

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға