Жаңалықтар

В.К. Булавский және И.М.Бережной

Бережной Иван Михайлович 1924 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Кременчуг селосында туған.
03.09.2014 11:31 2110

Бережной Иван Михайлович 1924 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Кременчуг селосында туған. Украин. Білімі орта. 1942 жылдың тамызынан Кеңес Әскері қатарында болған. 1943 жылы кіші лейтенанттар курсын бітіріп, майданға жіберілген. IV Украин майданындағы 87­гвардиялық атқыштар дивизиясының 261­атқыштар полкінде пулемет взводының командирі. 1944 жылы сәуірде Қырымдағы Перекоп мойнағында жаудың қорғанысын бұзуда ерекше көзге түсті. Бережнойдың взводы шабуылға шыққан батальонды жау оғынан тасалады. Жаудың шабуылына той­тарыс беру кезінде бір атыс тобы жарамсыз болып қалғанда Бережной пулеметпен қаруланып жауға қарсы оқ жаудырды. 1944 жылы 10 сәуірде ол қаза тапты.

1945 жылдың 24 наурыздағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығы бойынша И.М. Бережнойға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Қырымдағы Красноперекоп ауданының Суворово селосында жерленген. Херсон қаласының №1 ГПТУ ғимаратына Батырдың құрметіне мемориалдық тақта орнатылған.

 Булавский Виктор Константинович Ақмола облысының Алексеевка селосында 1914 жылы туған. Балалық шағында отбасымен бiрге Петропавл қаласына көшiп келген. Киров атындағы орта мектепте оқыған. Оныншы класты бiтiрген соң Ленинградтағы Қызыл тулы 2­артиллерия училищесiне оқуға түстi. Оны тәмамдаған соң жас лейтенант Булавский Москва әскери округiнiң 402­-полкiнiң артиллерия полкiне жолдама алды.

1939 жылдың күзiнде 402­-артполк Батыс Белоруссияға қоныс аударды. Осында В. Булавский 8­батареяның командирi болып тағайындалады. Финляндиямен соғыс қимылдары басталысымен 402-артполк майданға жөнелтiледi.

1939 жылдың 26 желтоқсанында лейтенант Булавскийдi полк командирi жаяу әскердiң алғы шебiне оның алға жылжуына кедергi жасайтын жаудан оқ ату нүктелерiн барлауға жiбердi.

65,5 жотасының оңтүстiк­батыс баурайындағы орманның шетiне жер бауырлап жеткен ол орман арасындағы жолды оқ астына алатын жаудың пулеметтерi бiздiң әскерлерге көп шығын әкелетiнiн түсiндi. Жасырына отырып, барлаушы оқ ататын нүктеге жақындады. Жауға дейiн бірнеше жүз метр қалғанда Булавский оқтың ашық позициядан емес, кiшкентай төбешiкте орналасқан дзоттан атылатынын көрдi. Барлаушы артиллерияның оған нысанаға дәлдеп түземей дзотты жою мүмкiн емес екенiн түсiндi. Қайтып оралған ол бұл жөнiнде полк командирiне баяндады.

1939 жылғы желтоқсанның аязды таңы. Айнала ақ көрпеге оранған. Қалыптасқан жағдай қайткен күнде де уақытша болсын дзоттың үнiн өшiрудi талап етiп едi. Бұл мiндетті орындауға ауыр қарулар батареясының командирi лейтенант Булавский тiлек бiлдірді.

Пулеметтер мен артминометтерден атылған оқ бес сағатқа созылды. Өз батареясының әр жарылысын бақылап отырған лейтенант оқ атуды түзеп отырды. Дзоттың үні өштi. Тапсырма орындалды. Булавский орманға қарай шегiне бастады. Орманның шетiне дейiн он метрдей қалғанда күтпеген оқиға болды. Неміс мергендерiнiң екi оғы ержүрек офицерге дарыды. Бұл 1939 жылғы 27 желтоқсанда болған еді.

КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының 1940 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен В.К. Булавскийге Кеңес Одағының Батыры (қаза тапқаннан кейiн) атағы берiлдi.

Карель мойнағында қаза тапқан және Сестрорецк зиратында жерленген ержүрек кеңес жауынгерi Виктор Булавскийдiң есiмiн есте сақтау ретiнде 1940 жылдың аяғында Ленинград қаласының Новая көшесiне оның есiмі берiлдi. Петропавл қаласында бiр көше оның есiмiмен аталады.

КСРО Қорғаныс министрлiгiнiң 1967 жылғы 18 маусымдағы бұйрығымен Кеңес Одағының Батыры В.К.Булавский жоғары артиллериялық училищенiң І батареясының тізiміне мәңгiлiк енгiзiлдi. Бiрiншi батареяның казармасында Кеңес Одағының Батыры В. Булавскийдiң мүйiсi жасақталған.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға