V.Доспамбет жырау
Ал егер тыныштықтың шырқын бұза, «жау шапса», не істемек керек? Жыраудың мұндай сын сағаттарға қатысты жауабы да дайын және ол өз мақсатын бұлдыратпай:
«Бетегелі Сарыарқаның бойында Соғысып өлген өкінбес!» –
деп, үзілді-кесілді кесім айтады. Мұншалықты кесіп сөйлеу ел мұратына қалтқысыз берілген, ел бақытын өз қамынан жоғары санайтын қаһарман жанға тән мінезді танытады.
Жаужүрек жыраудың бұл толғауында елге қатер төнген қиын-қыстау сәттерде кеудесінде намыс бұрқаған әрбір Ердің қарекет-қимылы қандай болуы қажеттігі бейнеленсе, «Қалаға қабылан жаулар тигей ме...» деп басталатын толғауда өз әрекеттерінің қандай болары (яки қандай болғаны) бірінен бірі өрістей суреттеледі. Аталмыш толғауда динамикалы сурет те («Қалаға қабылан жаулар тигей ме, Қабырғадан дұспан жалдап жүргей ме»), кейіпкердің (яғни өзінің) жан дүниесіндегі психологиялық өзгерістер де («Қатарланып, қарланып»), әрекет көрінісі де («Қайран ер қарт күреңге мінгей ме»), көріністі сырттай бейнелеу де («Қабырғадан қараған Достым менен дұспаным: «Апырым, Ер Доспамбет!» дегей ме!..») бар. Егер осы көрініс-бейнелерді тұтастыра қарасақ, бейбіт елге шапқан жауды, жау қылығына кектене ашынған қайран Ердің (жыраудың өзі) күрең атқа ер салып, жауға аттанғанын, оны көрген жұрттың бәрінің сүйсіне көз тіккенін көре алар едік.
Аталған екі толғаудың сюжеттік-динамикалық белгілеріне, жыраудың тілдік қолданысындағы бейнелілікке және әр тармақтың белгілі бір сурет яки көрініс туындатуға қызмет ететініне көңіл қойсақ, бұл сипаттар Доспамбет жыраудың мәрт мінезді, ержүрек батыр болумен қатар, суреткер жырау болғанын айғақтайды. Демек, Доспамбет жырау шығармаларын даралай танытатын әдеби-көркемдік сипаттардың бірі – оның жыр-толғауларының мейлінше суреттілігі, бейнелілігі және сол бейнелердің динамикалы болып келуі.
Оның теңеулерінің өзі динамикаға толы. Мәселен, арғымақтың – «Арыстандай екі бұтын алшайтып», арулардың – «Жұпарын қардай боратып» деген үлгіде көрінуі, я болмаса, майдан даласының суреті – «Оқ қылқандай шаншылса, Қан жусандай егілсе, аққан судай төгілсе» деп берілуі осы жолдарда бейнеленген қозғалыс-қимылдардың аяқталмағанын аңғартады. Ал аяқталмаған әрекеттің жалғасып жататыны белгілі. Доспамбет жырларындағы бейне-көріністердің динамикаға толы болып келуінің себебі де осы іспетті тілдік қолданыста жатыр. Салыстыру үшін жоғарыдағы мысалдардың бірін сәл өзгертіп көрер болсақ, мүлдем басқа сурет пайда болар еді. Мысалы, арғымақтың сипаты «Арыстандай екі бұтын алшайтқан» деп берілсе, буын-бунақта да, екпін, ырғақта да еш өзгеріс болмайды, алайда суреттегі бейне динамикадан айырылар еді. Осы сияқты, екінші толғаудағы ұйқастың «тигей ме, жүргей ме, мінгей ме, дегей ме» үлгісінде қолданылуы да іс-әрекеттердің біріне бірі ұласа суреттелуіне қызмет етеді.