V. Астана ономастикасы
АҢДАТУ
Ақмола қаласы астаналық мәртебеге ие болғалы бері қалада мемлекеттік тілдің қолданылу аясы жылдан жылға артуда. Бұл мемлекеттік қызмет саласынан да, қаланың мәдени өмірінен де, білім беру мекемелерінен де айқын аңғарылады. Кешегі Ақмола бүгінгі Астанада қазақтілді ортаның басым бола түсуіне, әлбетте, қаладағы демографиялық ахуал айрықша ықпал етуде. Қазіргі кезде қала тұрғындарының 72 пайызын құрайтын қазақтар кеңестік дәуірде орыстілді ортаға айналған қалада мемлекеттік тілдің салтанат құруына ерекше әсер жасауда. Бұған мысал ретінде қазақтілді балабақшалар мен мектептердің көбейгенін айтсақ та жеткілікті. Мәселен, 20 жыл бұрын қазақтілді бір мектеп болса, қазіргі кезде қазақ тілінде білім беретін мектептер 23-ке жетті. Аралас мектептердің өзінде қазақтілді сыныптар басымдыққа ие болып, бұл мектептер таяу болашақта біртілді мектептерге айналатын болады.
Қаланың ономастикалық ахуалы да мемлекеттік тілдің басымдыққа ие болғандығын айқын аңғартады. Қала көшелері мен даңғылдарының ұлттық атауларға ие болуы – Қазақстанның төл өзіндік, дара тарихы мен мәдениетінің елдің бас қаласында көрініс тапқандығын айғақтайды. Сонымен бірге қалада мемлекеттік тілге байланысты шешілмей жатқан мәселелер де баршылық. Оны кітапшаға енгізілген әлеуметтік зерттеудің қорытындысынан көруге болады.
Бұл кітапша Астана қаласындағы тілдік ахуалды, мемлекеттік тілге қатысты жұмыстардың негізгі бағыттары мен басымдықтарын аңғартуға белгілі бір дәрежеде мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Ханкелді Әбжанов,
Ш. Уәлиханов атындағы
Тарих және этнология институтының
директоры, тарих ғылымдарының докторы,
профессор
2009 жылы ономастикалық екінші тұжырымдама мақұлданды. 2010 жыл қарсаңында қала әкімдігі қаулысымен және мәслихат шешімімен 195 көше жаңа атауға ие болды. Елорда ономастикасындағы өзгерістердің 90 %-ы екінші кезең жемісі. Бұл кезеңнің және бір ерекшелігі – қаладағы көпірлерге атау беру жүзеге асты. Осылайша ономастика саласындағы бұрынғы мемлекеттік-патриоттық құлшыныс ғылыми-интеллектуалдық негізге қонумен қарымын да, пәрменділігін де, дәйектілігін де еселеп арттырды. Ресми билік пен зерек ақылдың ономастика саласында және шараларында ықпалдаса әрі қол ұстаса әрекеттенуі Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған нәтиже әкелді. Елорданың ономастикасы мемлекеттік-ұлттық мүддеге лайық ажарланды.
Ономастика жеңіл-желпі атқарыла салатын шаруа емес. Оның бір парасы қаржылық-экономикалық мүмкіндікпен астасып жатса, екінші ұшы ұлтаралық қатынасқа келіп тіреледі. Бәрі конституциялық-құқықтық кеңістік аясында шешілгендіктен жұртшылық тарапынан қолдау тапты.
Алда қыруар жұмыс тұр. Ономастика құрылысы жалғаса беретіні өз алдына, қаулы мен шешімді жүзеге асыру ырғалып-жырғалып жүруді көтермейді. Ерте уақытты кеш қылмай, әрбір елді мекен, аудан, қала, облыс ономастикалық саясат пен практиканың тұжырымдамасын жасап алса, нұр үстіне нұр болар еді. Ұғымдар мен атаулардың азаттық идеясына сәйкес жүйеленуі Елордадан бастау алды, оның байтақ елімізде салтанат құруына жол ашу әрбір азаматтың қастерлі борышы.
Ербол Тілешов
Астана қаласы Тілдерді дамыту
басқармасының бастығы
«Астананың тілдік келбеті: бастамалар мен басымдықтар», 2012 ж.