Үздік дәрігерлерге мемлекеттік наградалар табысталды

8 наурыз Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу қарсаңында денсаулық сақтау министрі президенттің атынан елдің дамуына елеулі үлес қосқан және өз қызметінде жоғары жетістіктерге жеткен әйел дәрігерлерге мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының жарлығымен көптеген жылдар бойы қажырлы еңбегімен адамдардың өмірін сақтап, жас медицина қызметкерлеріне өзінің баға жетпес тәжірибесін беретін біздің үздік дәрігерлеріміз жоғары наградаларға ие болды.
«Құрмет» орденімен марапатталды:
- Үмбеталина Марал Әбдірашқызы - «Қалалық инфекциялық аурулар ауруханасы» МКҚК дәрігері, Шымкент қаласы;
- Хорошаш Ғалия Насиболлақызы - «Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталі». РМК дәрігері;
- Асылбекова Гүлім Ошахпайқызы, Астана қаласы әкімдігінің «№ 11 қалалық емхана» ШЖҚ МКК Байқау кеңесінің төрағасы;
- Баубекова Халқа Бейсембайқызы, «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» ЖШС анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің аға ординаторы;
- Көшерова Бақыт Нұрғалиқызы,«Астана медицина университеті» КЕАҚ балалар инфекциялық аурулары кафедрасының профессоры;
- Шевченко Анна Владимировна, «Астана қаласының № 4 қалалық клиникалық емханасы» ШЖҚ МКК директорының емдеу-алдын алу жұмысы жөніндегі орынбасары.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды:
- Бакирова Қарлығаш Тастанбекқызы, «№ 13 қалалық емхана» МКК дәрігері, Астана қаласы;
- Алтынбасова Рита Өмірханқызы, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Байзақ аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.
«Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді:
- Үкібасова Талшын Мұхадесқызы, «University medical Centre» корпоративтік қорының Әйелдер денсаулығы департаментінің аға консультанты
2024 жылы Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерін кешенді құқықтық, қаржылық қорғауға, қоғамдағы дәрігерлер мәртебесін арттыруға бағытталған заң қабылдағанын естеріңізге сала кеткен жөн.
Өткен жылы алғаш рет ел Президентінің бастамасымен Біздің үш дәрігерімізге денсаулық сақтау саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілді.
Бұдан басқа, ауылдағы денсаулық сақтаудың кадрлық ресурстарын бекіту мақсатында әлеуметтік қолдау шараларымен тұрақты жұмыс орнына келген 544 дәрігер, оның ішінде 2024 жылғы 226 түлек қамтылды. 100 АЕК немесе 8,5 млн теңге мөлшерінде біржолғы төлемдерді ауылдық медициналық ұйымдарда жұмысқа орналастырылған аса тапшы мамандықтар бойынша 220 медицина қызметкері алды.
Бүгінгі таңда республиканың денсаулық сақтау жүйесінде 270 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 56 мыңнан астам дәрігер әйел және 167 мың мейіргер жұмыс істейді.
