Жаңалықтар

Ұзақ өмір сүрудің қарапайым 7 жолы

Ұзақ өмір сүрудің қарапайым 7 жолы
Фото: © Pixabay.com 17.07.2023 18:00 1826

Бұл дүниеде адам өмірінен асқан байлық та, құндылық та жоқ шығар, сірә?! Адам болған соң кейде сол байлықты түсінбей, бағаламай жатамыз. Соның кесірінен денсаулығымызға зиян келтіріп, бейсаналы түрде өмір сүру мерзімімізді қысқартамыз. Сондықтан да ғұмырымыздың қысқа не ұзақ болуы тікелей өзімізге де байланысты.

Бүгінде Ұлттық статистика бюросының 2022 жылғы мәліметіне сәйкес, Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығы – 74 жасқа теңескен. Оның ішінде ерлердің жасы – 70 болса, әйелдердің жасы – 78-ге жеткен. Адам дүниеге келгендегі күтілетін өмір сүру ұзақтығының ең жоғарғысы Алматы қаласында – 77 жас, ал ең төмені Ұлытау облысында – 71 жасты құрады.

Еліміздегі өмір сүру ұзақтығының біртіндеп артып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігі адамның өмір сүру мерзімін ұзартудың 7  жолын қарастырып көрді.

 

  1. Салауатты өмір салты – денсаулық кепілі

Спорт – қашанда ми мен денені нығайтып, адамның бойына күш-қуат береді. Ең ұзақ өмір сүрген адамдардың өзін мысалға алып қарасақ, олардың басым көпшілігі үнемі жаттығумен айналысатын болған. Сондықтанда мейлінше күніне 10-15 минут сергіту жаттығуын жасап, өзіңіз қызығушылық танытатын спорттың түрімен шұғылдануға тырысыңыз. Күніне кем дегенде 30 минуттай жаяу жүріңіз. Спорттың арқасында деніңізді шынықтырып қана қоймай, түрлі аурулардың алдын ала аласыз. Ең бастысы ол өміріңіздің мерзімін ұзартуға септігін тигізетіні анық.

 

  1. Дұрыс тамақтану

Адамға спорттан бөлек күш сыйлайтын – тағам. Ал ол тамақ тек витаминдер мен ағзаға қажетті заттарға толы болғанда ғана пайдалы болады. Сол себепті денім сау екен деп, тәттіні де, майлыны да, ащыны да мөлшерден тыс жей беруге болмайды. Ол тек ағзаңызға ғана әсер етіп қоймай, артық салмақ қосуыңызға, түрлі аурулардың пайда болуына алып келеді.

Денсаулыққа ең пайдалы тамақ – жеміс пен балық. Адам күніне кем дегенде 5 түрлі жемісті, аптасына 2-3 рет бұқтырылған теңіз балығын жеуге тырысуы керек. Олар адамның күш-қуатын арттырып, сымбатын сақтауға септігін тигізеді. Егер ұзақ өмір сүргіңіз келсе, суды молынан ішіп, пайдасы көп тағамдарды ғана жеуге тырысыңыз.

 

  1. Зиянды әдеттерден арылу

Денсаулыққа кері әсерін тигізетін дүниелердің бірі – ішімдік тұтыну мен темекі шегу және нашақорлықпен айналысу. Олар жүрек, тамыр аурулары мен қатерлі ісік ауруы қаупін арттырады, ағзаны улап, адамның ажарын қашырады. Сондықтан мұндай зиянды әдеттері бар жандардың әлсіз болып, бет-әлпеті де тез қартаятыны да содан. Өзіміздің өмірімізді өзіміз құртпай, мейлінше мұндай әдеттерден аулақ болайық.

 

  1. Стресс пен депрессиядан аулақ болу

Өмірдің қиын-қыстау кезеңдері, жеке өмірдегі сәтсіздіктер кез келген жанды күйзеліске ұшыратады. Сөйтіп, адамның ашуы, реніші ішіне жиналғаннан ол стресс пен депрессияға алып келеді. Мұның барлығы соңында адамды тез қартайтады. Сол себепті өзіңізді барынша байсалды, сабырлы ұстауға тырысыңыз.

 

  1. Дұрыс ұйықтау

Американдық ғалымдардың зерттеуінше, ересектер кем дегенде 7-8 сағат ұйықтауы қажет. Ұйқының ең дұрыс режимі кешкі 22:00-де жатып, таңғы 06:00-де тұру. Егер аталған норманы сақтамай, 6 сағаттан аз немесе 8 сағаттан көп ұйықтайтын болсаңыз, онда сіздің өміріңіз күніне 6-8 сағат ұйықтағандардың өміріне қарағанда қысқа болады екен. Сондықтан дұрыс ұйқының болмауы адам ағзасының иммундық жүйесін әлсіретіп, қанның химиялық құрамын өзгертіп, холестерин мен ауыр майлардың деңгейін жоғарылатады. Ал дұрыс ұйқы өміріңізді 3-12 жылға ұзартады.

 

  1. Жүректі таза ұстау

Уайым, реніш, өкпе сынды дүниелер жүрекке біршама салмақ салады. Мұндай артық дүниелерді жүректе ұзақ сақтауға болмайды. Одан өзіңіз қиналып, жүйкеңіз жұқаратын болады. Сол себепті мейлінше жаман ойдан арылып, жүректі тек жақсылықпен толтыру керек.  

 

  1. Күліп жүру

Күлкі – өмірді ұзартудың бір кілті. Ол тіпті адамның жүйке жүйесіне ем бола алады. Күлкі сізге жағымды эмоция сыйлап қана қоймай, көңіл-күйіңізді жақсартады. Сіз күлімдеу арқылы өзгелерге де қуаныш сыйлай аласыз. Мәселен, сіздің бір минут күлкіңіз өміріңізді 15 минутқа дейін ұзартады. Ал жалпы күлкі адам өміріне 8 жыл қосады. Сондықтан күліп, көңілді жүріңіз, оқырман!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға