Ұйқысы қанбаған адам аурушаң болады – Альфия Абжанова

Дүниежүзілік ұйқы күні жыл сайын көктемгі күн мен түннің теңелуіне дейін аталып өтеді. Бұл ұйқының маңыздылығын насихаттауға және ұйқының бұзылу мәселелеріне назар аударуға арналған халықаралық шара. Осы айтулы күнге орай ҚР ПІБ МО ауруханасының Ұйқы зертханасы бөлімінің меңгерушісі Альфия Абжановмамен сұхбаттастық.
El.kz: Альфия ханым, Ұйқы зертханасы туралы айтып беріңізші. Зертхана немен айналысады?
Альфия Абжанова: Аурухананың Ұйқы зертханасы 2015 жылы ашылған. Мұнда респираторлық мониторинг, полисомнография, СиПАП және БиПАП терапиясы сынды зерттеулер жүргізіледі. Алғашқы екі зерттеу ұйқы апноэсы, мазасыз аяқ синдромын диагностикалауға арналса, СиПАП терапиясы обструктивті ұйқы апноэсын емдеу үшін қолданылады. Ал БИПАП терапиясы апноэ мәселелерін азайтып, созылмалы обструктивті өкпе ауруы, тыныс демікпесі, нейробұлшықет аурулары сынды өкпе ауруларын емдеуге арналған.
Біздің зертхана заманауи палаталармен жабдықталған. Жұмыс барысында Германияның Weimann фирмасының озық құралдары қолданылады. Сонымен қатар, Ұйқы зертханасында Израильде білім алған кәсіби, білікті мейірбикелер жұмыс істейді.
El.kz: Обструктивті ұйқы апноэсі дегеніміз не, оның белгілері қандай? Толығырақ тоқталып өтіңізші...
Альфия Абжанова: Егер сізде қатты қорыл, ұйқы кезінде тыныс алу үзілуі, ұйқыдағы мазасыз, шаршау, таңертең бас ауруы, күндізгі ұйқышылдық, артериалды гипертония, артық салмақ және потенцияның төмендеуі байқалса, сіз обструктивті ұйқы апноэ синдромына шалдыққан болуыңыз мүмкін.
Оған ұйқы кезінде тыныс алу жолдары үнемі жабылып қалатыны себеп. Мұндай дерт кезінде тыныс алу 20-30 секунд, кейде одан да көп уақытқа тоқтап қалады. Тіпті мұндай жағдай 400-500 рет тіркелуі мүмкін.
Бұл жағдай түнде оттегі жетіспеушілігіне әкеліп, аритмия, инфаркт, инсульт, ұйқы кезіндегі кенеттен өлім сияқты жүрек-қантамыр ауруларының туындау қаупін 5 есе арттырады. Апноэсы бар пациенттердің жол-көлік оқиғасына түсу қаупі сау адамдарға қарағанда 7 есе жоғары. Ұйқы апноэсы диагнозын қою үшін ҚР ПІБ МО ауруханасының Ұйқы зертханасында респираторлық мониторинг скринингтік зерттеуі қолданылады. Ол түнде 20 мыңға дейін өлшеу жасауға мүмкіндік береді және обструктивті ұйқы апноэсы синдромын жоғары дәлдікпен диагностикалайды.
Егер апноэның баяу және ауыр формалары болса, СиПАП терапиясы қолданылады. Бұл терапия барысында пациенттердің қанының оттегімен қанығуы қалыпқа келеді және ұйқы мен өмір сапасы жақсарады.
БиПАП терапиясы да біздің ұйқы зертханамызда жүргізіледі, бұл обструктивті өкпе ауруларында тыныс алу бұзылыстарын түзету үшін тиімді заманауи әдіс.
Жақсы нәтижеге жету үшін емдеуді үй жағдайында жалғастыру қажет. Егер сіз өзіңізде немесе жақындарыңызда ұйқы кезінде тыныс алу үзілістері бар деп күмәндансаңыз, ҚР ПІБ МО ауруханасының Ұйқы зертханасы дәрігерлерінің көмегіне жүгінсеңіз болады.
El.kz: Зерттеу кезінде қолданылатын нейровизуализация және полисомнография секілді технологиялардың маңызы қандай?
Альфия Абжанова: Нейровизуализация мен полисомнография ұйқы мен оның бұзылыстарын зерттеуде маңызды рөл атқарады, ұйқы механизмін және оның организмнің түрлі жүйелеріне әсерін терең түсінуге мүмкіндік береді.
- Нейровизуализация (мысалы, МРТ, ПЭТ, ЭЭГ) ғалымдарға ұйқы кезінде ми құрылымдарында болатын өзгерістерді нақты уақыт режимінде зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл технологиялар мидың белсенділігі, ресурстардың қайта бөлінуі, ұйқының әртүрлі фазаларының нейропластикаға, оқуға және жадыға әсерін зерттеуге көмектеседі. Мысалы, функционалдық магнитті-резонанстық томография (фМРТ) мидың әртүрлі бөліктерінің терең ұйқы фазасында немесе армандау кезінде қалай белсенді болатынын зерттейді.
- Полисомнография – ұйқы бұзылыстарын диагностикалауда қолданылатын практикалық және кешенді зерттеу әдісі. Мұнда ми белсенділігін талдау үшін электроэнцефалограмма (ЭЭГ), жүрек ритмін бағалау үшін электрокардиограмма (ЭКГ), тыныс алу үлгілерін, көз бен аяқ-қол қозғалыстары секілді бірнеше физиологиялық параметрді бақылау қамтылған.
Бұл деректер дәрігерлерге апноэ, ұйқысыздық, нарколепсия, мазасыз аяқ синдромы және басқа ұйқы бұзылыстарын диагностикалауға мүмкіндік береді, сондай-ақ тиімді емдеу әдістерін әзірлеуге көмектеседі.
El.kz: Ұйқының бұзылуы ағзадағы басқа жүйелерге, мәселен, иммундық немесе жүрек-қантамыр жүйесіне қалай әсер етеді?
Альфия Абжанова: Ұйқы тапшылығы немесе бұзылысы иммундық жүйенің қалыпты жұмысын бұзады, оның инфекцияларға қарсы күресу қабілетін төмендетеді. Үнемі ұйқының қанбай жүруі макрофагтардың фагоциттік белсенділігі төмендеуіне, антидененің азаюына және вакцинацияға қалыпты әсердің бұзылуына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар тұмау немесе суық тию сияқты ауруларға төтеп беру қабілеті төмендейді.
Жүрек-қантамыр жүйесіне келер болсақ, ұйқы бұзылыстары гипертония, инфаркт және инсульт сияқты аурулардың даму қаупін арттырады. Адам терең ұйқыда болған кезде қан қысымы мен жүрек соғу жиілігі төмендейді, бұл жүрек-қантамыр жүйесінің қалпына келуіне көмектеседі. Ал созылмалы ұйқысыздық пен ұйқыдағы апноэ (тыныс алу бірнеше секундқа үзіліп кететін жағдай) кезінде бұл процесс жүзеге аспайды, яғни жүрекке және қан тамырларына қосымша жүк түседі.
Мұндай адамдарда, әдетте, қан қысымы жоғары болады және жүрек аритмиясы мен жүрек ауруларына шалдығу қаупі байқалады.
Ұйқының бұзылуы гормондардың, мысалы, кортизол (күйзеліс гормоны), инсулин және грелин (аштық гормоны) өндірілуіне де әсер етеді. Ұйқы жетіспеушілігі кортизол деңгейінің көтерілуіне әкеледі, бұл қан құрамындағы қант деңгейінің жоғарылауына, салдарынан зат алмасудың бұзылуына және диабетке әкеледі.
El.kz: Қазіргі кезде ұйқы саулығына қатысты қандай мәселелер өзекті? Сізге пациенттер қандай шағымдармен жиірек келеді?
Альфия Абжанова: Қазіргі адамдар арасында ұйқысыздық жиі кездеседі. Бұл ұйқының ең көп тараған бұзылысы деп айтсақ болады. Яғни адам ұйықтай алмайды немесе тым ерте оянып алып, қайта ұйқыға кетуі қиындайды. Оған стресс, мазасыздық немесе түрлі аурулар, ағзаның бұзылысы сынды психологиялық және физиологиялық факторлар әсер етеді.
Тағы бір өзекті мәселенің бірі – обструктивті ұйқы апноэсы. Бұл дегеніміз – ұйқы кезінде тыныс алудың жартылай немесе толық тоқтап қалуы. Салдарынан адам дұрыс ұйықтай алмай, зат алмасу процесі бұзылып, жүрек-қантамыр ауруларының туындау қаупі артады.
Мазасыз аяқ синдромы да қазір адамдар арасында жиі кездеседі. Мұндай бұзылыс кезінде адам аяғындағы жайсыздықты сезіп, үнемі қимылдатуға мәжбүр болады, бұл ұйқыны бұзады.
Нарколепсия секілді созылмалы ауру кезінде адам күні бойы ұйқысы келіп жүреді және күндіз жиі ұйықтап қалуы мүмкін. Бұл адамның күнделікті белсенділігіне әсер етеді.
Сонымен қатар қазіргі гаджеттер (смартфондар, компьютерлер, теледидарлар) көк жарық шығарады, ол ұйқы цикліне жауап беретін мелатонин гормонының өндірілуін тежейді. Бұл да бүгінгі күні ұйқы бұзылуының басты себептерінің бірі. Әсіресе ұйқы алдында гаджеттерді жиі пайдаланатын жастар мен ересектер арасында көп кездеседі.
Маған келетін пациенттер ұйқысыздық, ұйықтай алмау, түнде жиі ояну, таңертең шаршап тұру және күндізгі ұйқышылдық мәселелеріне жиі шағымданады.
El.kz: Ұйқыны зерттеу саласы алдағы 5-10 жылда қалай өзгереді деп ойлайсыз?
Альфия Абжанова: Ұйқы саласындағы зерттеулердің болашағы қызықты болатыны сөзсіз. Болашақта ұйқы мониторингіне арналған технологиялар - смарт-сағаттар немесе білезіктер дамып, ұйқының әртүрлі фазаларын және онымен байланысты физиологиялық процестерді дәл бақылауға мүмкіндік береді. Нейробиология мен генетиканың дамуы арқылы біз ұйқының жеке ерекшеліктерін жақсы түсініп, әр адамға жеке емдеу әдісін әзірлеуге мүмкіндік аламыз. Мүмкін ұйқысыздық немесе басқа бұзылыстардың себептеріне тікелей әсер ететін препараттар немесе әдістер пайда болады. Көбірек зерттеулер жүргізіледі, біз ұйқының адамның эмоционалдық жағдайына қалай әсер ететінін тереңірек түсіне аламыз. Жаңа технологиялар мен гаджеттердің ұйқыға әсерін азайтуға арналған тәсілдер жасалады. Зерттеулер арқылы ұйқыны жақсарту қартаю процесін баяулатуға, өмір сапасын арттыруға және Альцгеймер ауруы сияқты нейродегенеративті аурулардың даму қаупін қалай төмендетуге болатынын біле аламыз деп ойлаймын.
Яғни алдағы 5-10 жылда ұйқы саласындағы зерттеулер дамып, ұйқы бұзылыстарын диагностикалау мен емдеуде айтарлықтай жетістіктерге жетеміз.
