Жаңалықтар

Үйін тастап кеткісі келмейтін тұрғындар эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатыр – Олжас Бектенов

Үйін тастап кеткісі келмейтін тұрғындар эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатыр – Олжас Бектенов
Фото: t.me/KZgovernment 02.04.2024 11:00 641

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында өңірлер су тасқынының нақты қаупін жете бағалай алмағанын және үй-жайларын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы биыл мұндай апат су тасқыны бұрын-соңды болмаған жерлерде де орын алғанын және қазақстандықтар әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беріп, олардың нұсқауларын орындау керегін жеткізді.

Эвакуациялау, бірінші кезекте, сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керек. Олар сіздер үшін тер төгуде. Ал адамдарды құтқару оңай жұмыс емес. Өкінішке қарай, Батыс Қазақстан облысында сержант Батырбек Қапсықов қызметтік міндетін атқару кезінде екі бірдей пышақ жарақатын алған. Қылмыскер ұсталды, – деді Бектенов.

Сонымен қатар премьер-министр өңірлер су тасқынының нақты қаупін жете бағалай алмағанын атап өтті.

Біз жұмысты барынша күшейтуге тиіспіз. Мемлекет басшысы кешегі кеңес барысында тасқын қаупі азайды деуге болмайтынын айтты. Қазір ауа температурасының біршама төмендеуіне байланысты тасқынның екпіні басылған сияқты. Алайда алдағы күндері болжам бойынша ауа райы айтарлықтай жылынады деп күтілуде. Демек еліміздің солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде су тасқынының жаңа белсенді кезеңі басталады. Бұған дайын болуымыз керек, – деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, бұған дейін қазіргі уақытта бес облыста жағдай күрделі екенін жаздық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға