Үйде баланың шулағанына айыппұл салу заңда ма?

Өз пәтеріңізде баланың ойнағаны, қонақтардың әңгімесі тыныштықты бұзуға жатпайтынын білесіз бе? Көршіңіз шулады деп шағымданып, полиция қызыметкерін шақырса нені білген дұрыс?
Қазақ отбасында ықылым заманнан бері баланың ойын-күлкісі мен қонақтың қарасы үзілмеген. Соңғы жылдары қалалық өмірде көпқабатты үйде тұратын отбасылар қонақ шақырудан қымсынатын болды. Оның себебі, көршілердің шулады деген желеумен 102-ге қоңырау шалуы. Иә, тұрғын үйлерде тыныштық сақтаудың күндізгі және түнгі уақыттағы нормалары бар. Алайда, оған нелер жататынын қарапайым тұрғындардың көбі біле бермейді. Тіпті тәртіп сақшылары шақырту арқылы келіп, үй иесіне айыппұл да салып жатады. Ал бұл қаншалықты заңды? Бұл туралы мамандар не дейді?
Тұрғын үйлерде тыныштық сақтаудың күндізгі және түнгі уақыттағы екін нормасы бар. Күндіз сағат таңғы 9-дан кешкі 22:00-ге дейін 55 дБ, ал түнгі уақытта 40 дБ-ден аспауы қажет. Тыныштықты бұзу біз ойлағандай сөйлеу, баланың жүгірісі немесе ойыны емес. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің тыныштықты бұзу туралы бабы бар. Біз соны білуіміз керек. Тыныштықты бұзуға құрылыс жұмыстарына арналған арнайы құралдардың дауысы, тым қатты қойылған музыкалық аппараттардың дыбысы жатады. Тіпті, құрылыс құралдарының өзін түн ішінде қосуға тура келетін жағдайлар болады. Мәселен, сіздің үйіңізден су ағып, шұғыл тұрде құрылғыны қолдау керек болған жағдайда, оның видеосын дәлел ретінде қолдансаңыз, сізге айыппұл салынбайды. Ал баланың ойын-күлкісі мен қонақтардың үстел басында айтқан әні де айыппұл саларлық шу емес. Тіпті полиция келсе де шуылды өлшейтін арнайы құрылғысы болуы керек. Ал көршілердің баласы жүгірді, мазамды алды, шуды естідім дегені тыныштықты бұзуға жатпайды. Қазіргі үйлердің қабырғасы жұқа ғой. Азаматтардың заңды білместігінен баланың жүгіргені үшін, өздерінің сөйлегені үшін жанындағы немесе астындағы көршілері полиция шақырып айыппұл арқалатады. Ол – заңсыз әрекет, – дейді заңгер Нұрсұлтан Орынбеков.
Күнделікті күйбең тірлікте әркімнің күні әр түрлі өрбиді. Бірінде жеңіл, енді бірінде ауыр. Біреулер жұмыстан кейін үйге шаршап келіп демалғысы келеді. Иә, баланың шулағаны немесе көптен кездеспеген қонақтың әңгімесі кейде жұқа қабырғаның арғы жағына естіліп тұратыны жасырын емес. Десе де, ол заң бұзушылыққа жатпайды. Бірақ сонда да көршілерге де құрметпен қараған абзал.
Шу деген не?
Осы ретте шу деген не екеніне де тоқтала кеткен артық болмас. Тыныштықты бұзуға басқа пәтерлерден (дүкен, кафе, ойын-сауық орындары және т.б) естіліп жатқан дыбыстарды шу дейміз. Сонымен бірге:
Акустикалық аппаратурадан шығып жатқан теле, радио не басқа да құрылғының дыбысы;
Пиротехникалық бұйымдардың атылуы, содан шыққан дыбыстар;
Жөндеу жұмысы кезінде шығатын дыбыстар;
Генератор, кондиционер, насос не басқа да технологиялық жабдықтардың дыбысы;
Ысқырған, шыңғырған, жылаған, қатты күлген, айқайласқан дыбыстар;
Үрген не ұлыған дауыстар;
Қатты қойылған музыка, ән айтып, музыкалық аспаптарда ойнағанда шығатын дыбыс.
