Жаңалықтар

«Ұятты нұсқаулық таратқан». Текеліде аурухана психологі жұмыстан кетті

«Ұятты нұсқаулық таратқан». Текеліде аурухана психологі жұмыстан кетті
Фото: iStock 22.04.2023 09:00 1772

Жетісу облысының Текелі қаласында оқушыларға ұятты нұсқаулық таратқан аурухана психологі өз еркімен жұмыстан кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Одан өзге мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия хатшысы сөгіс алды.

Жетісу облысының Текелі қаласындағы мектеп оқушыларына ақылы интимдік қызмет көрсету туралы нұсқаулықтар таратылған. Мұндай брошюраларды көрген ата-аналар әлеуметтік желілерде шу көтерген.

Олардың айтуынша, нұсқаулықта жыныстық қатынас кезінде қалай қорғану керектігі жайында жазылған.

Белгілі болғандай құқықтық апта аясында Текелі қаласының №8 мектебіндегі 7-9 сынып оқушыларына дәріс беруге қалалық ауруханадан психолог шақыртылған. Маман кәмелетке толмаған балаларға буллинг пен кибербуллинг тақырыбында бейнероликтер көрсеткен.

Алайда, сабақ барысында психолог оқушыларға ЖИТС орталығы бекіткен буклеттерді таратудың орнына, басқа топтарға арналған нұсқаулықтарды беріп жіберген.

Осы даудан кейін аурухана психологі өз еркімен жұмыстан кетті. Одан өзге, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия хатшысы сөгіс алды.

Ал, Жетісу облыстық білім басқармасындағылар Текелідегі мектеп әкімшілігін ақтап отыр.

Ол жерге қалалық аурухананың психологі келіп, мектеп әкімшілігімен келіспей, сол материалдарды таратқан. Бүгінгі күні білім басқармасы тарапынан тәртіптік жаза қолдандық, яғни мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына сөгіс жарияланды. Ал аурухана психологі өз еркімен жұмыстан босатылды, - деді Жетісу облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әлишер Башаров.

Айта кетейік, бұған дейін Текелідегі оқушыларға таратылған брошюра ата-аналардың жағасын ұстатып, наразылықтарын тудырған еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға