Үстел теннисі: ел біріншілігінде кімдер топ жарды

Алматыда үстел теннисінен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Бұл жарысқа 186 спортшы қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҰОК мәліметінше, бір апта бойы ADD USTEL TENNIS ORTALYGY спорт кешенінде командалық, жеке, жұптық және аралас бағдарламада медальдар сарапқа салынды. Турнир көрермендерге тартысты кездесу мен жарқын финалдарды сыйлады.
Алғашқы медальдар командалық сында сарапқа салынды. Ерлер арасындағы финалда Шығыс Қазақстан облысының құрамасы Алматы командасына еш мүмкіндік қалдырмай, 3:0 есебімен жеңіске жетті. Денис Жолудев, Сағантай Құрмамбаев және Сергей Коновалов қарсыластары Айдос пен Дастан Кенжіғұловтар, Санжар Жұбановтан басым түсті.
Ерлер арасындағы қола медальді Қарағанды және Ақтөбе облыстарының құрамалары иеленді.
Ал әйелдер арасындағы финал керісінше өте тартысты өтті. Алматы құрамасы Қарағанды облысының командасына 0:2 есебімен жеңіліп жатып, керемет камбэк жасап, 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Қола жүлдені Қостанай облысы мен Шымкент қаласының командалары алды.
Жұптық сында өнер көрсеткен Әнел Бақыт пен Ангелина Романовская чемпион атанды. Олар финалда Зәуреш Ақашева мен Альбина Жақсылықованы жеңді.
Ал аралас жұпта Кирилл Герасименко мен Зәуреш Ақашева алтын медаль иеленді. Олар финалда Ескендір Харки мен Ангелина Романовскаядан басым түсті.
Кирилл Герасименко мен Қадырәлі Қабдылуахитов ерлер арасындағы жұптық финалда Ескендір Харки мен Ырысбек Артықметовті жеңіп, чемпион атанды.
Айта кетейік, Қадырәлі Қабдылуахитов Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады.
Жекелей сында фавориттер өз деңгейлерін дәлелдеді. Әйелдер арасындағы финал нағыз қарағандылық дерби болды. Зәуреш Ақашева мен Жанерке Көшкімбаева алтын медаль үшін күресті. Тәжірибелі спортшы Ақашева жеңіске жетті, ал Көшкімбаева үшін бұл матч мансабындағы алғашқы финалы болды.
Қола жүлдені Сарвиноз Миркадирова (Алматы) мен Альбина Жақсылыкова (Қарағанды) жеңіп алды.
Бұл чемпионат Альбина Жақсылыкова үшін ерекше мәнге ие болды. Ол алғаш рет жекелей сында жүлдеге қол жеткізіп, Қазақстан Республикасының спорт шебері нормативін орындады.
Ерлер арасындағы шешуші матчта Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Кирилл Герасименко мен жас дарын Алан Құрманғалиев кездесті. Астана қаласының өкілі Герасименко сенімді ойын көрсетіп, ұлттық деңгейдегі көшбасшылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қола жүлдені Айдос Кенжіғұлов пен Санжар Жұбанов иеленді.
Айта кетейік, Кирилл Герасименко үш алтын медаль жеңіп алып, абсолютті Қазақстан чемпионы атанды.
