Жаңалықтар

«Үшқоңыр қырат-жотасымен бір азаматтардың меншігіне өтіп кеткен». Серік Жұманғарин депутаттың сауалына жауап берді

«Үшқоңыр қырат-жотасымен бір азаматтардың меншігіне өтіп кеткен». Серік Жұманғарин депутаттың сауалына жауап берді
Фото: AMANAT 19.02.2024 13:15 2223

Қаңтар айында Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай Үшқоңырда қырат-жоталар жекенің меншігіне өтіп кеткенін айтып дабыл қаққан болатын, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ел аман, жұрт тынышта, «тау-тасты қойын-қоншына тығып, меншіктеп алыпты» дегенді естідіңіздер ме?! Ендеше айтайын. Үшқоңыр деген таудың барын бәріңіз білесіздер. Талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен түгел бір азаматтардың ғана меншігінде, - деді ол премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге және бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында.

Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, Іле Алатау паркіне қарайтын Үшқоңырды Ұлттық парктің күзетшілері күзетудің орнына белгілі бір адамдар қоршап тастаған.

Әлде бұл тау «ДүниеАгро» компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орналасқан резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса тағы бір сәрі. Ал жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау – барып тұрған бассыздық, - дейді Мақсат Толықбай.

Осы мәселеге қатысты премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин тиісті зерттеу жүргізіліп, шынымен де заң бұзушылықтардың болғанын растады.

Прокуратураның жер заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын жою туралы ұсынуында, заңды тұлғаларға жер учаскелерін беру барысында атқарушы органдардың Қазақстан Республикасы Жер кодексінің талаптарын бұзғаны хабарланған. Бұл мәселе Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментіне енгізілген.

Осы ретте департамент былтыр наурыз және сәуір айларында Алматы облысының Қарасай аудандық сотына және Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жер учаскелерін сатып алу-сату келісімшарттарын заңсыз деп тану және оның күшін жою жөнінде үш талап-арыз жолдаған. Алайда «Дүние-Агро» ЖШС-не тиесілі көлемі 193,0 гектар жер учаскесіне берілген талап арыз Алматы облысының Қарасай аудандық сотының (2023 жылғы 27 қарашадағы №1952-23-00-2/360) шешімімен қанағаттандырусыз қалдырылған, - делінген мәліметте.

Дегенмен мұнымен келіспеген департамент 2023 жылдың желтоқсан айында Алматы облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына апелляциялық шағым берген.

Жұманғариннің мәліметінше, қалған екі талап-арыз қазіргі уақытта Алматы облысы Қарасай аудандық соты мен Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралуда.

Алматы облысы Жамбыл ауданы прокуратурасының талабымен (2024 жылғы 12 қаңтардағы №2-0409-24-00112) Үшқоңыр үстіртінен жеке тұлғаларға жер учаскелерін берудің заңдылығына, яғни қыратқа барар жолға қойылған шлагбаум орналасқан жер учаскесіне баға беру сұралды. Бүгінгі күні департамент тарапынан болған заң бұзушылықтарға қатысты Алматы облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің қызметінде жер заңдылықтарының сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілуде, - деп жауап қатты Жұманғарин.

Толықбай Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне өз малын жая алмай, пұшайман күйде отырғанын да алға тартқан болатын. Себебі жайылым жердің бәрі қоршаудың ішінде қалып қойған.

Біз, AMANAT партиясы, жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарсақ, ал оның осы аймақтан 1400 гектары ел игіліне берілді. Сөйтсек, онымыз бекер екен, аманаттық ағайын! Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша, жұрттың өз жеріне кірмек түгілі, жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр, - деді ол.

Сонымен қатар мәжілісмен «Үшқоңыр» үстіртінде «Steppe AgroMeat», «Breeding Company» сияқты екі-үш компания 13 597 гектар жерді әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғанын тілге тиек етті.

Премьер-министрдің орынбасары бұл мәселе бойынша шұғыл шаралар қабылдау туралы тапсырма берілгенін мәлімдеді.

Үшқоңыр үстіртінде жалпы ауданы 13.597 гектар жерлерді мақсатсыз пайдаланып жатқан жер пайдаланушыларға қатысты заңнамалық тәртіпте шұғыл шаралар қабылдау жөнінде департаментке тиісті тапсырма берілді, - делінген жауапта.

Серік Жұманғариннің жауабында Үшқоңыр тауы «Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің аумағына кірмейтінін, оның шекарасы Шамалған өзенінің шығыс жағынан өтетінін еске салып, сот шешімдерінің қорытындылары қосымша хабарланатынын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға