Жаңалықтар

Ұшақты «миналадым» деген шетелдік азаматқа 2,5 млн теңге айыппұл салынды

Ұшақты «миналадым» деген шетелдік азаматқа 2,5 млн теңге айыппұл салынды
Фото: © Pixabay.com 02.02.2024 23:02 814

Әуе ұшағын «миналадым» деп жалған хабарлама бергені үшін шетелдік азаматқа айыппұл салынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, бұл оқиға өткен жылдың күзінде болған. 36 жастағы шетелдік азамат «Астана–Санкт-Петербург» бағытындағы әуе рейсінде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін ұсталған болатын. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу барысында құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінген. Ол отбасылық жанжалдан кейін жұбайы Санкт-Петербургке ұшып кетпекші болғандықтан, осындай ойланбаған қадамға барған екен.

Биыл қаңтардың соңында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының шешімімен аталған азамат кінәлі деп танылды. Оған 750 АЕК, яғни, 2 587 700 теңге мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды, - деді полиция полковнигі.

Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, мұндай қадам жасаудың себептері әртүрлі, нақтырақ айтқанда абайсыз жеңіл-желпі сөйлегеннен бастап, қасақана бұзақылыққа дейін. Көбінесе, мұндай қылмыстарды азаматтар масаң күйде жасайды.

Өкінішке орай, азаматтар әлі күнге дейін осындай теріс қылықтар үшін жауапкершіліктің ауыр екенін біле бермейді. Көлік инфрақұрылымы объектілері бір уақытта өте көп адам шоғырланатын нысан болып табылады. Сондықтан мұндай қауіпті сөздерден кейін бірден құқық қорғау органдарының қызметкерлері объектіні қоршауға алып, адамдарды эвакуациялап, шұғыл қызметтер іске қосылады, рейстер тоқтатылады немесе кешіктіріледі, - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

Оқи отырыңыз: 

Астанада оқушы терроризм туралы қағаз таратқан

Алматыдағы жер сілкінісінен кейін жалған ақпарат таратқандар жазаланды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға