Ұшақтағы жанжал: қазақстандық әйелдерге 54 млн теңге айыппұл салынуы мүмкін

Қазақстандық әйелдер Түркия бағытындағы ұшақта төбелес шығарды. Жанжалдың өршігені соншалық, экипаж командирі ұшақты қондыруға мәжбүр болған. Бұл туралы madeniportal.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қатты айқаймен басталған келіспеушіліктің соңы төбелеске ұласқан. Сондықтан Pegasus Airlines әуе компаниясының Астана-Анталья бағытындағы рейсі шұғыл түрде Түркияның Эрзурум қаласындағы әуежайға қонған.
Төбелеске қатысы бар 4 адам ұшақтан түсіріліп, медициналық тексеруден өткенін түркиялық БАҚ жазды. Кейіннен қос тарап қалалық полиция бөлімшесіне жеткізіліп, бір-біріне шағым түсірген.
Енді қазақстандық әйелдерге 54 миллион теңге айыппұл салынуы мүмкін. Clash Report мәліметі бойынша, оқиғаға байланысты жоспарланбаған қону мен қайта жанармай құю үшін әйел кісілерге 120 мың доллар (54 миллион теңге) айыппұл салынады, - делінген басылым мәліметінде.
