Жаңалықтар

Ұшақта төбелес шығарған Қайрат Нұртасқа сот үкім кесті

Ұшақта төбелес шығарған Қайрат Нұртасқа сот үкім кесті
Фото: коллаж El.kz 05.07.2024 14:32 29566

Танымал әнші Қайрат Нұртасұлы Айдарбековке қатысты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін іс қозғалып, сот отырысы онлайн өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Алматы-Астана» рейсінің бортында әнші мен жәбірленуші Асылбек Берікқалиевтің арасында жанжал туындаған. Бортсеріктер құқық бұзған екі азаматты ұстап, полицияға тапсырған. 

Сотта екі тараптың уәжі айтылып, оқиғаның қалай болғаны белгілі болды. Әнші өзін жәбірленуші екенін мәлімдеп, судьядан айыппұл түріндегі жазаны сұрады.

Екі жақтың бітімгершілігі негізінде іс жүргізу тоқтатылсын. Қайрат Нұртасұлы Айдарбеков 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды, - деді судья.

ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігінің санкциясы 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілікті қарастырады.   434-баптың 2-бөлігінің санкциясы 15-тен 30 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілікті көздейді.

Соттың қаулысымен Қ.А. ӘҚБтК-нің 434-бабының 2-бөлігімен және 73-1-бабының 1-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды: - ӘҚБтК-нің 73-1-бабының 1-бөлігімен тараптардың татуласуына байланысты іс қысқартылды; - 434-баптың 2-бөлігі бойынша құқық бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайтадан жасалғандықтан, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кету керек, Қайрат Нұртас 27 сәуірде сот қаулысымен ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға