Жаңалықтар

Ұшақ рейсі кешіккен жағдайда не істеу керек?

Ұшақ рейсі кешіккен жағдайда не істеу керек?
Фото: ©El.kz/Мәди ЫСҚАҚОВ 06.01.2025 11:55 456

Әуе рейсімен сапар шеккенде ұшақ уақытынан кешіксе немесе тоқтап қалса жолаушылардың құқығы заң жүзінде қалай қорғалады? El.kz ақпарат агенттігі жауап іздеп көрді.

Әуе кемесімен діттеген жеріңе лезде жетуге болады. Алайда, кейде күтпеген келеңсіздіктердің кесірінен ұшақты сағаттап күтуге тура келеді. Ондай кезде жолаушылардың құқығы қалай қорғалады? Сапардағы адамға әуе компаниясы қандай жағдай жасау керек?

Жолаушының қандай құқығы бар?

«Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңының 86-бабына сәйкес тасымалдаушының жолаушы алдындағы жауапкершілігі мынадай:

  1. Қасында жеті жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға ана мен бала бөлмесін ұсынады.
  2. Егер рейстің жөнелтілуі екі сағаттан астам уақыт кешіксе жолаушы халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау шалу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберуге құқылы. Бірақ қоңырау шалу уақыты 5 минуттан аспауы керек.
  3. Рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде жолаушы салқындатылған сусындармен қамтамасыз етілуі тиіс.
  4. Рейстің жөнелтілуі төрт сағатқа, тіпті одан да көп уақытқа кешіксе күндізгі уақытта әрбір алты сағат сайын, ал түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын тасымалдаушы жолаушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуге міндетті.
  5. Ал рейстің ұшуы күндіз сегіз сағаттан аса және түнде алты сағаттан аса кешіксе жолаушылар қонақ үйге орналастырылады. Қонақ үйге апару және әкелуді тасымалдаушы өзі ұйымдастырады. Бұл үшін қалтаңыздан қаржы шығармайсыз және қонақ үйге қосымша ақы төлеудің қажеті жоқ.
  6. Рейстер өзгерген жағдайда тасымалдаушы жолаушылардың ұялы телефон байланысына хабарлама жіберу және қандай қызметтер көрсетілетіні туралы ақпарат жіберуі керек.

 

Рейс 5 сағаттан астам кешіксе қандай қызмет көрсетіледі?

Тасымалдаушының кінәсінен рейс бес сағаттан астам уақытқа кешіксе тасымалдаушы жолаушының өз қалауымен билетте көрсетілген бағытына жақын арада ұшатын рейспен жетуін қамтамасыз етеді. Не болмаса жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.

Жолаушысын межелі орнына жеткізе алмаған тасымалдаушы мерзімін өткізіп алған әрбір сағат үшін билет құнының 3 пайызын айыппұл ретінде төлеуге міндетті.

Қандай жағдайда өтемақы талап етуге болады?

Әуе компаниялары өзінің кінәсінен болған қолайсыздықтарды ғана өтейді. Мысалы, ұшақ ұшуға дайын емес немесе бір жері бұзылып қалса, онда ол тасымалдаушының кінәсі саналады. Ал ауа райының қолайсыздығына немесе әуежайдағы кемшіліктерге компания әсер ете алмайды, сондықтан ол өтемақы төлемейді. Дегенмен жолаушылары үшін өз атынан жағдай жасауға тырысуы мүмкін. Айыппұл төленетін жағдайда оның көлемі сатып алған билет құнынан аспайды. Айыппұл жолаушының өтінішімен тасымалдаушының интернет-ресурсы және билеттер сату пункттері арқылы жүргізіледі.Талапты бұзған тасымалдаушы Қазақстан Республикасының заңына сәйкес жауапқа тартылады.

Кешігу себебін әуежайда немесе тасымалдаушының сенім телефонына қоңырау шалу арқылы әуекомпания өкілінен біле аласыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға