Жаңалықтар

Ұшақ бағасы аспандап, турист таситын автобус жоқ - Еділ Жаңбыршин

Ұшақ бағасы аспандап, турист таситын автобус жоқ - Еділ Жаңбыршин
Фото: parlam.kz 19.06.2024 12:25 329

Еліміздегі туристік саланы жүйелі дамыту мәселесінің көтеріліп келе жатқанына көп жылдар болды. Алайда сол түйткілдер шешімін таппаған күйі жылдан-жылға жалғасып келеді. Осылай деген Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Үкімет басшысы Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Мәжілісмен туристік салада орындардың жетіспеушілігі, демалу құнының көпшілікке қолжетімсіз болуы, бағаға сапаның сай болмауы, сервистің нашарлығы және инфрақұрылымының жетіспеуі айтыла-айтыла жауыр болғанын жасырмады.

Біле-білсек, туризм – денсаулықты нығайтуға мүмкіндік, табыстың қайнар көзі, мыңдаған жаңа жұмыс орындары. Мәселен, қазіргі таңда әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асқан. Ал еліміздегі туризмнен түсетін табыс мардымсыз. Кейінгі төрт жылда экономи­ка құрылымындағы туризмнің үлесі едедәуір  азайып, небәрі 3% пайызды құрап отыр. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе тө­мен. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 па­йы­зы туризмге тиесілі екен. Яғни, әрбір төртін­ші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр, - дейді Еділ Жаңбыршин.

Бұған дейін Президент туризм саласын қарқынды түрде дамыту үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдауды нақты тапсырған болатын.

Жасыратыны жоқ, негізгі қолбайлау – мемлекет тарапынан туристік бизнесті оңтайлы қолдаулардың болмауы. Мысалы елімізде мал шаруашылығын, өңдіріс саласын қаржылай қолдайтын неше түрлі институттар мен бағдарламалар бар. Алайда туризм бизнесін дамытуға бағытталған нақты бір қаржы көзі жоқ, ал банктер бұл саланы қаржыландыруға құлықсыз. Сонымен қатар инфрақұрылымның жетіспеушілігі, яғни жөндеу көрмеген сапасыз жолдар мен көлік қатынасының қиындығы шалғайда орналасқан туристік орындарға жетуді өте қиындатып отыр. Шұрқ-тесік жол қажытқан жолаушылардың демалыстан алған әсері су сепкендей басылып, енді қайтып онда келгісі келмей қалады, - дейді депутат.

Ол Алакөлге апаратын жолдың өзі әлі толық жөнделіп бітпей жатқанына тоқталды.

Жазда демалушылар легі көп болғандықтан, поездарға билет тапшы. Оған қоса, жолаушылар вагондарының да көбінің тозығы жеткен. Ал туристік санаттағы пойыздар атымен жоқ. Туристерді таситын автобустарды ұмытқанымыз қай заман?! Ал ұшақтар бағасы да аспандап, қарапайым демалушыларға қолжетімсіз болып тұр. Еліміздегі әуе тасымалында лоукостерлердің үлесі 21-ақ пайыз екен. Мысалы, Грузияда лоукостерлер 56 пайызды құрайды. Сондықтан азаматтық авиация саласы осы мәселені де ойластырғаны жөн, - дейді депутат.

Мәжілісмен тартымды туристік пакеттер дайындап, оларды насихаттау жағы да кемшін екенін атап өтті. Оның айтуынша, сырттан келушілерді былай қойғанда, ішкі туризмнің де әлеуеті жеткілікті пайдаланылмай жатыр. Тіпті елімізде балалар лагерінің өзі мүлдем жетіспейді. Олар бар болғаны балалардың 10-ақ пайызын қамтиды екен.

Қорытындылай келе, депутат Үкіметке туризмді дамыту бойынша бірқатар ұсынысын айтты:

  • Дәстүрлі ауылшаруашылығымызды этно, эко және гастрономиялық туризм нысандарына айналдыру бойынша қолдаулар көрсету. Өйткені қазір бұзылмаған табиғат пен таза тамақ өнімдеріне сұраныс артып келеді.
  • Туризм саласын несиелендіруге арналған бағдарлама жасап, қаржы институттарын анықтау;
  • Жыл аяғынан дейін Мемлекет басшысы айқындағы туристік аймақтардың әр қайсысынан кемі үш ауқымды жаңа жобаларды анықтап және құрылысын бастау;
  • Жылдың аяғына дейін Мәжіліске келіп Президенттің туризм саласына байланысты берген тапсырмаларының орындалысы туралы есеп беру.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға