Жаңалықтар

Үш жылдың ішінде билік тармақтарының бәрі толықтай жаңарды - Қошанов

Үш жылдың ішінде билік тармақтарының бәрі толықтай жаңарды - Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 19.03.2025 10:50 295

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында соңғы жылда атқарылған жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Төрағаның сөзінше, алмағайып, күрделі сынақтар заманында қабылданған реформалар жай ғана заңды өзгерту емес, тұтас мемлекет пен қоғамның болмыс-бітімін жаңарту, жаңғыртуға бағытталған.

Әлемде жетістікке жетудің әмбебап моделі жоқ. Жалпыға ортақ принциптер ғана бар. Ол – әділдік, еркіндік және даму. Президент қолға алған реформалардың да түпкі мәні – осы. Біз қазір мүлде жаңа, өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сол тарихи үдерістердің куәгері әрі қатысушысы бола тұра, оның маңызын әрдайым терең сезіне бермейміз. Оны үйреншікті, күнделікті жағдай сияқты көреміз. Ал, шын мәнінде, кез келген тарихи, тағдырлы оқиғаларға өз уақытында, лайықты баға берілуі керек, - деді ол.

Қошанов ел тарихында тұңғыш рет Конституцияның үштен біріне демократиялық принциптерге сай түбегейлі өзгерістер енгенін, үш жылдың ішінде билік тармақтарының бәрі толықтай жаңарып-жаңғырғанын алға тартты.

Президент енді ешқандай партияға мүше болмайды. Жақын туыстарының жоғары лауазымды қызмет атқаруына тыйым салынды. Мемлекет басшысының жеке бастамасымен Конституцияға бір реттік, жеті жылдық мерзім қағидасы енгізілді. Бұл болашақта биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейтін заңды тетік болды. Айта кету керек, мұндай тәжірибе әлемнің санаулы мемлекеттерінде ғана бар, - деп қосты Мәжіліс спикері.  

Сонымен қатар ол үш жылда билік тармақтары түбегейлі жаңарғанын, ал Парламентте заң шығару үдерісінің сипаты өзгергенін еске салды.

Бұрын заң жобаларының көбі Үкіметтен түсетін. Қазір депуттар бастамашы болған заңдардың саны артып келеді. Ең бастысы, олар – азаматтардың дәл қазіргі сұранысына, талап-тілегіне жауап беретін заңдар. Қоғамды алаңдатқан барлық өзекті мәселе Мәжіліс қабырғасында ашық талқыланып, шешімін таба бастады. Көптеген күрделі түйткілдер бойынша маңызды заңнамалық шешімдер әзірленді, - деді төраға.

Қошановтың айтуынша, халықты мазалайтын мәселелер көшеде емес, Парламент қабырғасында талқылана бастады.

Біз мазмұнды, конструктивті талқылау мәдениетін қалыптастырып жатырмыз. Тіпті, Қаңтар оқиғасы бойынша екі рет арнайы парламенттік тыңдау өткіздік. Ашық талқылау барысында тергеу амалдарының мәліметтері бүкпесіз жарияланды. Оған Бас прокуратура, құқық қорғау органдары, құқық қорғаушылар және сол күндері ауыр шығынға ұшыраған кәсіпкерлер шақырылды. Елдің көкейіндегі көптеген сауалдарға жауап берілді, - деді Қошанов.

Сөз соңында Мәжіліс төрағасы еліміздің барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерін мемлекет басшысының төңірегінде топтасуға шақырып, Әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген резолюция қабылдауды ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға