Жаңалықтар

«Үш жыл қайда болдыңыздар?» - депутат министрді сұрақтың астына алды

«Үш жыл қайда болдыңыздар?» - депутат министрді сұрақтың астына алды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 21.04.2025 15:16 184

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Әділет министрлігінен ұрлық пен алаяқтық әрекеттерін жасаған жекеменшік сот орындаушыларының неліктен әлі күнге дейін жұмыс істеп жүргені туралы сұрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл сұрақты мәжілісмен бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолдады. Депутаттың айтуынша, 2022 жылы прокуратураның ұсынған хатына қарамастан, заң бұзған жекеменшік сот орындаушылары (ЖСО) әлі де қызметін жалғастырып келеді.

Үш жыл өтті. Сонда ұрлық пен алаяқтық жасаған ЖСО бостандықта жүре береді дейсіз бе? – деп сұрады депутат.

Министр Ерлан Сәрсембаев бұл мәселеге қатысты соңғы шешімді тек сот қабылдайтынын айтты. Алайда Базарбекті мұндай жауап қанағаттандырмады.

Сіздер осы үш жылда қайда болдыңыздар? Прокуратура Әділет министрлігіне дереу орындау туралы ұсыныс жолдаған еді, – деп тағы да сұрақ қойды ол.

Министрдің айтуынша, әділет органдары ЖСО-ның лицензиясын өз бетімен тартып ала алмайды.

Әділет органдары тек ұсыныс енгізе алады. Мен әрбір ЖСО бойынша жеке қарап шығуға дайынмын. Егер әділет органдары тарапынан ұсыныс енгізілмеген болса, сол органдардың жауапты қызметкерлері жазаланады. Ал егер ұсыныс енгізілген, бірақ сотта ЖСО тарапынан заң бұзушылық дәлелденбеген болса, онда сіздер де сот шешімінің орындалуға міндетті екенін мойындайсыздар деп ойлаймын, – деп түсіндірді Ерлан Сәрсембаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға