Үш мемлекет өкілдері күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясын өзара жеткізуді талқылады

Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан өкілдері күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясын өзара жеткізуді талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
25-26 тамызда Астанада Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның энергетикалық және су шаруашылығы ведомстволары өкілдерінің су-энергетикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылауға арналған кездесуі болды.
Кездесу барысында алдағы күзгі-қысқы маусымда электр энергиясын жеткізу, сондай-ақ басқа салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесу барысында бірқатар өзара келісімдерге қол жеткізіліп, жеткізу көлемі мен шарттары анықталды.
Сондай-ақ, тараптар электр энергиясын сағаттық есепке алуды жүргізу тетігін енгізу мүмкіндігін пысықтауға; шаруашылық жүргізуші субъектілер арасындағы жоспардан тыс ағындарды реттеуге шарттар жасасуға; жоспардан тыс ағындарды реттеуге арналған шарттардың қолданыстағы талаптарын қайта қарауға келісті.
Қатысушылар бұрын қабылданған міндеттемелерді орындауға бейілділігін растады. Су және энергетика ведомстволары өкілдерінің келесі кездесуі 2023 жылдың қарашасында Бішкекте өтеді.
