Үш аптада 82 мың талапкер ҰБТ тапсырды

Наурыз айындағы ҰБТ басталғаннан бері 82 мыңға жуық талапкер тест тапсырды. Оның 74,2%–ы қазақ тілінде, 25,7%-ы орыс тілінде, 81 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынған мәліметке сүйенсек, ҰБТ басталғалы шекті балды 73% - ға жуық талапкер жинады. Орташа балл 68-ді құрады.
Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» және «Биология-Химия» комбинацияларын таңдаған (17%). Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 12% таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 103 адам тапсырған.
Үш аптаның қорытындысы бойынша ең жоғары балл – 137. Жалпы еліміз бойынша 59 тестке қатысушы 130 балдан жоғары жинады.
Еске салсақ, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі.
