Жаңалықтар

Үш адамның өлімі: Автобус апатына кінәлі Дархан Ахметжанов сотталды

Үш адамның өлімі: Автобус апатына кінәлі Дархан Ахметжанов сотталды
Фото: Jogargy sot 26.04.2024 16:58 3027

Алматыда үш адамды басып кеткен автобус апатына байланысты кінәліге сот үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

32 жастағы Дархан Ахметжановқа абайсызда 2 немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан бұзақылық және көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету ережелерін бұзу (ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігі, 351-бап 3-бөлігі) бойынша айып тағылды.

Қайғылы оқиға Алматыда 2023 жылдың желтоқсанында болды, Дархан Ахметжанов әйел жүргізуші басқарған автобуста жүріп жол ақысын төлеу туралы заңды талабына агрессиямен жауап берген.

Жанжал кезінде Дархан Ахметжанов автобусты рұқсат етілмеген жерде тоқтатуды талап етіп, жүргізушінің бас тартуынан кейін оның бетінен екі рет ұрған. Ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмау салдарынан автобус жол жиегінде тұрған адамдармен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан үш адам оқиға орнында қайтыс болып, бір адам зардап шекті.

Сотталушының кінәсі заттай айғақтармен, сараптама қорытындысымен және бейнебақылау камерасындағы бейнематериалдармен дәлелденді.

Прокурор соттан сотталушыны кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады.
 
Дархан Ахметжанов абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соққан бұзақылық және көлікті қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету ережелерін бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушыдан жәбірленуші К.-ның пайдасына 6 397 250 теңге материалдық шығынды және 5 000 000 теңге моральдық шығынды өндіру туралы қаулы қабылданды. Ал жәбірленуші Б.-ның пайдасына 10 000 000 теңге моральдық шығын өндірілмек.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға