Жаңалықтар

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан құндылықтар: Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан құндылықтар: Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы
Фото: коллаж El.kz 26.11.2024 11:50 393

Материалдық емес мәдени мұра (МММ) — бұл қоғамның, топтың немесе жеке адамдардың дәстүрлі білімдері, тәжірибелері мен дағдылары арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отыратын мәдени элементтер. ЮНЕСКО-ның анықтамасы бойынша, материалдық емес мұра қоғамдардың мәдени және әлеуметтік бірегейлігін нығайтуға ықпал ететін, уақытпен өзгеріп, қайта бейімделетін тірі дәстүрлерді қамтиды, деп хабарлайды EL.KZ тілшісі.

Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасына күйшілік өнер, айтыс, киіз үй жасау дәстүрі, ұлттық тағам дайындау әдістері және т.б. жатады. Бұл мұралар қазақ халқының мәдениетін, бірегейлігін және дүниетанымын айқындайды. Оларды сақтау және насихаттау үшін мемлекеттік және халықаралық деңгейде (ЮНЕСКО тізімі) жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, қазақтың айтысы мен дәстүрлі домбыра күйлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген.

Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасына кіретін элементтер:

 1. Ауызша дәстүрлер:
 • Айтыс (ақындардың суырыпсалма өнері).
 • Эпос (мысалы, “Қобыланды батыр”, “Алпамыс батыр”).
 • Жыр-дастандар мен мақал-мәтелдер.
 2. Музыкалық дәстүрлер:
 • Дәстүрлі күй өнері (домбыра мен қобыз күйлері).
 • Жыр айту дәстүрі.
 • Сыбызғы, сазсырнай сияқты ұлттық аспаптарды ойнау.
 3. Салт-дәстүрлер мен мерекелер:
 • Наурыз мейрамы.
 • Қыз ұзату, тұсаукесер және басқа отбасылық дәстүрлер.
 • Құрбандық шалу, бата беру.
 4. Қолөнер мен шеберлік:
 • Киіз үй жасау, сырмақ тігу, тоқу.
 • Зергерлік өнер.
 • Ағаштан, теріден, металдан бұйымдар жасау.
 5. Тамақ дайындау дәстүрлері:
 • Бауырсақ, қымыз, шұбат, ет тағамдарын жасау әдістері.
 6. Дәстүрлі білімдер:
 • Егіншілік, мал шаруашылығы, табиғатты тану және оны пайдалану тәжірибесі.
 • Дәстүрлі емшілік әдістері (шөптермен емдеу).

Қазақстанда МММ-ны қорғау үшін мемлекет пен қоғамдық ұйымдар бірқатар шараны жүзеге асырады.
 • ЮНЕСКО тізімі: Қазақтың айтысы, домбыра күйі, киіз үй жасауы сияқты бірқатар элементтер ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізілген.
 Мәдени шаралар: Фольклорлық фестивальдер, ұлттық өнер көрмелері ұйымдастырылады.

«Қазақстанда нақты қолданбалы өнерге байланысты музей жоқ»

«Қазақ ұлттық өнер университеті» республикалық мемлекеттік мекемесі Өнертану кафедрасының аға оқытушысы Қарғабекова Раушан Исмаилқызы саладағы проблемаларды атап, ұсыныстарын айтты.

Осыдан 10-15 жыл бұрын М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып жүргенде материалдық емес мәдени мұра бойынша форма, кесте толтыруға құжаттар келді. Ол кезде әрине қалай жұмыс істеу керегін, немен жұмыс істеу керек, нені атқару керегін білмейміз. Бірақ соған қарамастан бірнеше жұмысты атқардық. 15 жылдан кейін байқауымша, сол жұмыс әлі сол күйінде қалып отыр. Экспедицияға нақты қалай шығу керек екені, нақты нені сараптап, нені зерттеу керек ол кезде білмейміз. Дегенмен осы күнге дейін біраз жұмыстар істелді. Қазіргі таңда бізге не керек? Біріншіден, 2012 жылы «Қазақстан қолөнершілер» одағы құрылды. Осынау 12 жылда көптеген шаруа атқарылды. Министрліктің қолдауы арқасында соңғы жылдары жиған-терген дүниелерден көрме өткізіліп жатыр. Бірақ осы күнге дейін жиналған материалды әлемге паш етуге, ғылыми жұмыс жүргізуге мүмкіндік болмай отыр. Неге? Өйткені бізде нақты қолданбалы өнерге байланысты музей жоқ, - дейді сарапшы.

Оның сөзінше, мысалы, көршілес халықтарда, мысалы, Әзербайжанда кілем музейі бар. Ал бізде мыңдаған тоқыма өнерінің жәдігерлері жан-жақта шашылып жүр.

Соңғы 12 жылдың ішінде республикалық шеберлер байқауының жеңімпаздары жұмыстарын жан-жақта көрсетіп жүр, бірақ оларды музейге апаруға мүмкіндік жоқ. Оны сақтау керек, зерттеу керек. Олар қазір жиналған қаншама жәдігерлерін шағын ғана пәтердің ішінде сақтап отыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінде шашылып жүрген жұмыстарды бір жерге алып келіп, орталыққа жинау керек, - деп түсіндірді Раушан Қарғабекова.

ЮНЕСКО тізіміндегі Қазақстан

ҚР Ұлттық музейі Мәдени мұра ғылыми-зерттеу институты, Қазақтың дәстүрлі мәдениеті бөлімінің жетекшісі Мәулет Ардаби биыл Қазақстан ЮНЕСКО-ға есеп тапсыратынын айтты.

Материалдық емес мәдени мұра – ол бір сөзбен айтқанда рухани, ұлттық мұра. Оның көрініс табатын бес бағыты бар.

Олар:

Біріншісі - материалдық емес мәдени мұраның тасымалдағышы ретінде тілді қоса алғанда, пайымның түрлері мен нысандары.

Екіншісі – орындаушылық өнер, оның ішінде ән, күй, жыр, жарапазан, айтыс, жоқтау, сыңсу, қара өлең, жұмбақ, жағылтпаш, тақпақ, аңыз-әңгімеге дейінгі жанрлардың барлығы жатады.

Үшіншісі – әдет-ғұрыптар, салт-жоралар, мейрамдар, мысалы, Наурыз мерекесі және басқа да тойланып жатқан мейрамдар кіреді.

Төртіншісі – табиғат пен дүниеге қатысты білімдер мен әдет-ғұрыптар. Мысалы, қазақ астрономиясы, қазақтың жұлдызнамасы және т.б.

Бесіншісі – дәстүрлі кәсіптермен байланысты білімдер мен дағдылар.

Өздеріңіз білетіндей, мәдениет екі үлкен салаға бөлінеді. Біреуі заттық мәдениет, екіншісі рухани мәдениет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Құрылтайда заттың мұраға басымдық берген болатын. Рухани мұраның екі саласы, яғни біреуі материалдық емес мәдени мұра және екіншісі материалдық мұра болса, қазір материалдық мұраға көңіл жақсы аударылып жатыр. Материалдық мұра туралы арнайы ережелер, заңдар бар. Тарихи мәдени ескерткіштерден бастап, табиғат ескерткіштеріне дейін археологиялық қазбалар, зерттеулер жиі жүргізіліп жатыр. Ал материалдық емес мәдени мұра саласы нақты заңды қажет ететін жағдайға жетіп отыр. Биыл - Қазақстанның ЮНЕСКО-ға мемлекеттік есеп беретін жылы. Сыртқы істер министрлігінің жанында материалдық емес мәдени мұра бойынша арнайы ұлттық комитет бар. Ол жерде мамандар жұмыс істеп жатыр, - деді Мәулет Ардаби.

Ол шетелдік тәжірибеге тоқталып өтті.

Қазақстаннан басқа мемлекеттің бәрінде мәдениет министрлігінің заңынан бөлек арнайы «Материалдық емес мәдени мұраны қорғау, сақтау туралы» заң бар. Тек Қазақстанда ғана жоқ. Материалдық емес мәдени мұра неден тұрады? Бірінші, элементтен тұрады. Екіншісі, оны сақтайтын мұрагерлерден тұрады. Мұрагерлердің өзі екі бағытқа бөлінеді – жеке мұрагерлер және қауымдастықтар. Шетел тәжірибесі осы бағытта үлкен жетістікке жетіп отыр. Мысалы, кей елдерде осы саладағы мұрагерлермен кездессеңіз, барлығында белгілі бір мұраның мұрагері деген мәртебесі бар, тіпті оларға заң аясында ай сайынғы, жыл сайынғы стипендия тағайындалған. Сондықтан осы тәжірибені ескере отырып, бізге де заң жобасын жасау қажет, - деп түсіндірді мәдениет саласының сарапшысы.

Қазіргі таңда министрліктің тікелей мұрындық болуымен ЮНЕСКО-ға мемлекеттік есеп дайындалып жатыр. Облыстарда сарапшылар жұмыс істеп жатыр. Жұмыс жақсы жүріп жатыр. Десе де шынын айту керек, облыстағы әріптестеріміз материалдық емес мәдени мұраның не екенін, ЮНЕСКО-ның не екенін, Қазақстан ратификациялаған конвенция талаптарының не екенін біле бермейді.

Материалдық емес мәдени мұра дегенде құзырлы органдар тек Мәдениет министрлігі ғана жауапты деп ойлайды. Бірақ бұл салаға 4-5 министрлік тікелей қатысты. Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Туризм және спорт министрлігі осы салаға тікелей қатысты. Осы министрліктерге қарасты басқармалармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бұл саланы түсіну өте қиын болып тұр. Материалдық емес мәдени мұра саласының проблемасы – бұл саланы адам ұстап отыр. Егер материалдық емес мәдени мұраның қандай да бір элементін ұстап отырған адам өмірден өтсе және оны жазып алып, сақтап, қорғамасақ, элемент өлген адаммен бірге өледі, - деді ол.

Өнертанушы маманның сөзінше, Қазақстанның тәуелсіздігіне дейін, күні бүгінге дейін біз республика тұрмақ, бір облыстың өзін Затаевичтен бері қарай толыққанды жинамаған елміз. Мысалы, әр ғалым өзінің шамасы, аяғы жеткен жерге дейін ғана жүріп келе жатыр. Ал бұл сала керісінше кеңес заманында жақсы жүргізілген деп ойлаймын. Кезінде жағдай жоқ болды, бірақ қазір бәрі бар, тіпті цифрлы технологиялар болса да, жұмыс басқаша болып тұр.

Өнертанушы Үкімет, министрліктер және облыс әкімдіктеріне материалдық емес мәдени мұраны сақтау, қорғау, насихаттау бойынша ұсыныстар жасады:

  1. Осы сала бойынша шетелдік тәжірибені ескеріп Үкімет пен Мәдениет және ақпарат министрлігі тиісті министрліктермен бірлесе отырып, ғылыми практикалық тәжірибесі мол мамандардан құралған арнайы жұмыс тобын құрып, қазақ халқының материалдық емес мәдени мұрасын қорғау арнайы заң жобасын әзірлеуі керек;
  2. Тиісті министрліктер атсалыса отырып, әрбір облыс, аудан әкімдіктері бойынша материалдық емес мәдени мұраны қорғау бойынша 2003 жылғы Париж конвенциясының талаптарына сай ҚР-ның материалдық емес мәдени мұраларының ұлттық тізіміне енген және оларды сақтаушы мұрагерлерді облыс, аудан басқармалары мен өлкетану музейлері қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша ЮНЕСКО-ның рәсімдеріне сәйкес жұмыс жүргізілмей отыр. Мысалы, облыстың мәдениет басқармасының негізгі бағыттарының бірі облыс аумағында ЮНЕСКО-ның тізіміне енген 13 элемент және Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізіміне енген 80 элемент бойынша кең көлемде түгендеу жұмыстарын жүргізуі тиіс. Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан мәдениет саласы қызметкерлерін облыс көлеміндегі материалдық емес мәдени мұра элементтерін ЮНЕСКО-ның өкілдік тізіміне енгузі мақсатындағы маңызды жұмыстарды сапалы және жүйелі жүргізу үшін оларға ЮНЕСКО-ның талаптарына сай арнайы семинар сабақтарын жүргізуді қамтамасыз ету қажет.
  3. Үкімет пен министрлік және жергілікті атқарушы органдар тарапынан ЮНЕСКО-ның тізіміне енген 13 элемент және Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізіміне енген мұралар бойынша, қорғау, сақтау, насихаттауды негіз еткен нақтылы кешенді іс-шаралар жоспары жоқ. Министрлік және облыс әкімдіктеріне қарасты мәдениет басқармаларының жылдық жоспары тек атаулы күндерге ғана жасалатынын анық көруге болады. Сондықтан барлық облыс әкімдіктері тек атаулы күндер мен мемлекеттік мерекелерден бөлек, ЮНЕСКО-ның тізіміне енген және Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізіміне енген элементтер мен оларды сақтаушы мұрагерлерді облыс, аудан, ауылдық елді мекендерде сақтауды, дамытуды және насихаттауды мақсат еткен ғылыми жобаларды жүзеге асыруы тиіс.
  4. Материалдық емес мәдени мұра атадан балаға жалғасын табуы үшін тілдің атқаратын қызметі аса маңызды екенін ескерсек, барлық облыс әкімдіктері тиісті органдармен бірлесе отырып облыстың барлық елді мекендеріндегі мектептердің мемлекеттік тіл мәселесін ерекше назарға ала отырып, материалдық емес мәдени мұра құндылықтарын сақтау, насихаттау шараларын тез арада қолға алуға тиіс.

«Шеберлер көлеңкеде қалып отыр»

Суретші, ұлттық саз аспаптарын жасаушы шебер Тұрдығұлов Жолаушы Әбілғазыұлы аспаптанумен 50 жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді. Ал қолөнерден 20-30 жылдай сабақ берген.

Мемлекетті танығыңыз келсе, оның мәдени деңгейін біліңіз дейді. Соның бір саласы – музыкалық аспаптар. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының Жарлығымен Домбыра күні белгіленді. Бірақ менің ойымша, Домбыра күні дұрыс деңгейде тойланып жатқан жоқ. Әншілер, күйшілер, домбырашыларға назар аударып, олардың мәртебесін көтерген дұрыс. Бірақ олардың артында шеберлер тыс қалып жатқанын да ойлау керек. Шеберлер орталығын құру, белгілі бір стандартпен жұмыс істеу, музыкалық аспаптарымызды дәріптеу жайлы мәселелер жиі айтылып жүр. Бірақ бұл жүйені әлі ретке келтіре алай жатырмыз. Қазақстан қолөнершілер одағы төрағасы еңбегінің арқасында қолөнер дамыды деп айтуға болады. Қазақтың қолөнерін бүкіл әлем танып отыр. Бірақ бір мәселе – шеберхана жоқ, - деп қоса кетті шебер.

Ол ұлттық аспаптарымызды дәріптеп, қолөнершілердің басын қосатын бір орталық құру керегін атап өтті.

Мәдениет саласының мамандары атап өткендей, жоғарыда атылған мұралар елдің тарихи-мәдени кодын сақтап, Қазақстанның бірегейлігін әлемдік аренада көрсетуде маңызды рөл атқарады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға