Жаңалықтар

Ұрпағым сау болсын десеңіз...

Гинеколог  Парпиева Лаура Сағатқызымен сұхбат
Ұрпағым сау болсын десеңіз...
28.09.2018 10:48 10661

«Ауруын жасырған өледі» деген сөз бәрімізге белгілі. Кейде ауруымызды жасырмақ түгілі дәрігерге  тексеріліп алудың өзіне ерінетін халықпыз. Ал, ауру дегеніңіз адам мен ұлт таңдамайды. Қарағанды қаласындағы «Алғашқы медико-санитарлық көмек орталығы» ЖШС  2-санатты дәрігері, гинеколог  Парпиева Лаура Сағатқызымен сұхбат.

- Лаура, сіз медицина саласына бала кезіңізден қызықтыңыз ба?

- Иә, барлық балалар секілді мұғалім, дәрігер болып ойнап өскен қызбын ғой. Ауладағы, үйдегі осындай ойындар кезінде көбіне дәрігер болып ойнайтынмын. Үйдегі қуыршақтарымды емдеп ойнау менің ең сүйікті ойындарымның бірі болатын.

- Қыз бала гинекологқа неше жасынан бастап қаралғаны дұрыс?

- 13-14 жасынан бастап қаралғаны дұрыс деп есептеймін және солай болуы міндетті. Әрине, алғашқы кезде кәмлеттік жасқа толмаған қыз балаларды анасының рұқсатымен тексереміз. Анасы басы-қасында болуы шарт. Осы жас аралығында қыз баланың ағзасында өзгерістер пайда болады. Сондықтан  бұл шақта салғырттық танытуға болмайды. Негізі, гинекологиялық аурулардың басым бөлігі жас кезден басталады. Ата-аналар «күйеуге тимеген қызда не ауру болсын» деген ұстанымды тастауы керек.  Жыныстық ауруларға шалдығу үшін міндетті түрде жыныстық қатынасқа түсу шарт емес. Суық тию, қабыну секілді дүниелердің ықпалы түрлі ауруларға әкеп соғуы әбден мүмкін. Содан кейін  «Гинеколог тексерген кезде қыздық перде зақымданады екен» деген жалған түсінік бар. Қазіргі технологияның дамыған заманында бұндай қауесетке сенудің өзі күлкілі. Пердесі сақталған қыздарды көбіне жыныс жолдарының сырт жағынан тексереміз. Ал, пердесі сақталмаған қыздарды арнайы құрылғылармен қараймыз.

- Алдыңызға келген пациенттерге  жиі қойылатын диагноз?

- Орысша айтқанда «эктопия шейки матки». Қазақшаласақ жатыр мойнының қабынуы шығар. Бұл аурудың туа пайда болуы некен-саяқ дүние. Көбіне жүре пайда болады. Жарақат алу, түрлі инфекциялардың әсерінен туындайтын ауру.

- Гинеколог қабылдауына қаралар алдында қыз-келіншектер нені ескеруі қажет?

- Жалпы, өзімен әкелетін мынандай заттары болсын деген талаптарымыз жоқ. Ал,  бұрыннан дәрігерге қаралып жүрген қыз-келіншектер болса соңғы кездердегі анализ қорытындылары секілді құжаттарды әкелгені дұрыс. Біздің қабылдаудағы ең бірінші талабымыз тазалық қой. Бізге, жуынып-шайынып, таза күйінде келген жөн.

- Жас мөлшермен алар болсақ сіздерге қаралатын пациенттердің жас шамасы қандай?

- Бізге көбіне 18-40 жас аралығындағы қыз-келіншектер келеді. Табиғаты енді жетіле бастаған қыздардың келу жиілігі төмендеу. Қазіргі балалар ақылды дегенімізбен де ата-аналары, мектеп психологы мен дәрігері осы тақырыпта қыздармен ашық сөйлессе екен деймін. Қазақылыққа салынып «Ойбай, ұят болады» дейтін жер бұл емес.

- Қыз бала үшін не қауіпті?

- «Сұлулық құрбандықты талап етеді» деген сөзді желеу етіп, түрлі диеталарды ұстап, салмағын тым жеңілдетіп алатын қыздар бар. Негізі 45 келіден төмен салмақ ағза үшін өте  қауіпті. Адам ағзасындағы қажетті гормондар жоғалады. Омырау безі мен жатыр безінің кішірею қауіпі жоғарлайды. Бұл болашақта ана атануға кері әсер туғызатын себептің бірі.

- Қыздарға берер кеңесіңіз?

- Негізі бағана айтып өткенімдей көп аурудың басы суық тиюден басталады. Қазіргі сән қуып киіп жүрген белі ашық, кеудесі ашық киімдердің зардабын ана болғанда татулары әбден мүмкін. Халықтың әлеуметтік жағдайы да өз ықпалын тигізтуде. Мәселен, көңіліне жаққан орта бағадағы қысқы етіктерді де ала алмайтын адамдар бар. Қытайда, не болмаса Қырғызстанда жасалған арзан етіктерді, арзан күртешелерді киіп, Арқаның қысынан ауырмай шығамын деу бекершілік. Сондықтан да қыздарға баса айтарым киімге абай болулары керек.

Қазір жасанды ұрықтандыруға жүгінетін отбасылар көбейді. Былай қарасақ, жас шамалары баланы табиғи жолмен көтеруге қабілетті. Осы жайлы айтар ойыңыз бар ма?

- Кейде бала көтермей жүрген келіншектердің гармондар деңгейін ретке келтіріп стимуляция жасаса табиғи жолмен бала туулары мүмкін. Ол жағын өз мамандары айта жатар. Ал, табиғи жолмен бала туудың адамның ұрығына да байланысты екенін көбі біле бермейді. Жастай тұрмысқа шыққан қыздарда табиғи жолмен бала туатын мүмкіндік өте жоғары. Жасы ұлғайған сайын әйел адамның да ер адамның да ұрығы нашарлай береді.

Бедеуліктің бұрынғыға қарағанда көбейгені рас. Бұның басты себептеріне мүмкін экологиялық жағдайлар да әсер ететін шығар, бұған қоса дұрыс киінбеу мен құнарсыз тамақтануды да қосар едім. Адамзаттың әлем бойынша осы әдіске жүгініп жатқанына 40 жыл болған екен. Біздің елімізде де қазір осы бағытта жұмыс жасайтын орталықтар бар. Қарағандыда «Ақжан» деген клиника жасанды ұрықтандырумен айналысады.

 

- Рахмет, еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға