Жаңалықтар

«Үнемі аңдып тұратындай». Дана Нұржігіт экс-күйеуі көрсеткен қорлық туралы айтты

«Үнемі аңдып тұратындай». Дана Нұржігіт экс-күйеуі көрсеткен қорлық туралы айтты
Фото: instagram.com/dana_nurzhigit 09.10.2024 15:26 7875

Қазақстандық танымал тележүргізушісі Дана Нұржігіт ажырасқан соң да экс-күйеуінің тарапынан көрген қорлық туралы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы ол Динара Сәтжанға берген сұхбатында бөлісті. 

Дана Нұржігіттің сөзіне қарағанда, қоғам әлі сталкингтің қаупін, оның да қылмыс екенін әлі түсінген жоқ. Оның бәрі заңда да қарастырылмаған. Тиісінше әйелдер мұндайда өзін қалай қорғау керектігін де білмейді. 

Заңды тұрғыда біз 2019 жыл мен 2022 жыл аралығында ғана некеде болдық. Бірақ ажырасқан соң да оның қитұрқы әрекеттері тоқтаған жоқ. Мені аңдуды шығарды. Күн демей, түн демей қоңырау шалатын. Бассейнде жүзіп жүріп басымды көтерсем, алдымда тұрады. Жұмыстан шықсам, көлігімнің жанында күтіп тұрды, дәрігерге жазылсам, сол жерде жүреді, тіпті осы жайттардың бәрінен соң денсаулығым нашарлап, процедурада жатқанымда, сол жерге кіріп келді. Көшеде кетіп бара жатсам, «кіммен сөйлесіп бара жатсың, біз туралы айтып жатсың ба?» деп қоңырау шалатын. Шыны керек, алаңдамай жүре алмайтын күйге жеттім, құдды біреу үнемі аңдып тұратындай көрінетін. Міне, 2022 жылдың екінші жартысы мен 2023 жылды осы күйде өткіздім. 2024 жылғы 13 маусымда сот үкімі күшіне енді, - деді ол.

Одан бөлек тележүргізушінің бұрынғы күйеуі E-otinish арқылы ар-намысына тіл тигізетін сөздер жазып, арыз береді екен. 

E-otinish келіп түскен кез келген арызды қарауға міндетті. Сондықтан мәселенің мән-жайын анықтау үшін мені қайта-қайта шақыратын. Бірде телефонымды жоғалтып алып, полицияға бардым. Сөйтсем, олар «бұрынғы күйеуіңіздің арызы бойынша келдіңіз бе?» деп сұрайды. Мен «жоқ» деп жауап бердім. Олар «сіздің үстіңізден арыз түсті, енді оны Экономикалық тергеу департаментіне жібердік» деді. Әрі қарай бұл «Хабарға» жеткен. Мені «Хабардың» бас директоры шақыртып алып, менің үстімнен арыз түскенін айтты. Мен ол жақта штатта жұмыс істемеймін. Бірақ соның өзінде өзім істемеген әрекеттерім үшін ақталуыма тура келді, - деп күйінеді Дана Нұржігіт.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға