Ұлытаудағы шахтада 7 жұмысшы үйінді астында қалды

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына тиесілі шахтада 640 метр тереңдікте тау жынысы опырылып, 7 жұмысшы үйінді астында қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға бүгін 17 ақпанда "Жомарт" кенішінде болған. Кабельдердің үзілуіне байланысты үйінді астында қалған кеншілермен әзірге байланыс жоқ.
ТЖМ мәліметінше, қазіргі уақытта «АСС Серіктес» ЖШС құтқару бөлімшелерімен авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілуде.
Оқиға орнына дереу Ұлытау және Қарағанды облыстары ТЖД күштері мен құралдары, оның ішінде кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері мен Қазақстан ТЖМ психологтары жіберілді.
ТЖМ Командалық орталығы және Ұлытау облысының ТЖД базасында жедел штабтар жұмыс істеуде. ТЖМ-де «жедел желі» телефонының жұмысы ұйымдастырылды. Телефон нөмірі: 8 (7271) 55-96-21.
Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
